«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖУРНАЛИСТЕР СПАРТАКИАДАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен демалыс күндері өңірдің журналистер қауымы өздерінің төл мерекелерін табиғаты сұлу Аққайың ауданының “Оқжетпес” балалар демалыс лагерінде атап өтті.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қалам мен микрофонды өмірлік серік еткен жандардың қуанышына ортақтасқан облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Руслан Әлішев пен Аққайың ауданының әкімі Рүстем Елубаев баспасөз, телевизия және радио қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтады.  

 

Спорттық шараға жүзден астам адам қатысты. Олардың арасында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері, республикалық басылымдар мен телеарналардың меншікті тілшілері, облыстық Ішкі саясат басқармасының мамандары мен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің журналистика мамандығын таңдаған студенттері де бар. Бір атап өтерлігі, әр мекеме шамасы келгенше журналистерін бәйгеге қосты. Егер бір құрама мүшелігінде 6-7 адам болса, екіншілерінде олардың саны 15-ке жетіп жатты. Ал Аққайың, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар, Жамбыл аудандарының газеттері мен облыстық “Северный Казахстан” газетінің ұжымдары бірігіп, “Районка спортивная” атауымен сайысқа түсті. Сонымен спартакиаданың алғашқы күні шахмат пен тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика, шағын футбол және үстел теннисі бойынша, ал екінші күні “Көңілді мәре”, дартс, волейбол жарыстарына сынға түскен қыз бен жігіттер спорттан кенде емес екендіктерін тағы бір мәрте дәлелдеді.

 

 

Екі күн бойы бақ пен бап таластырған БАҚ спартакиадасының қорытындысына келсек, жеңіл атлетикада ерлер және қыздар арасында “Районка спортивная” құрамасының мүшелері – Максим Семаш пен Наталья Балашова алдына жан салмады. Шағын футбол жарысында “1 Северный” командасы топ жарып, бірінші орынды жеңіп алса, СҚМУ құрамасы – екінші, ал “Районка спортивная” үшінші орынға табан тіреді. Шахмат ойынында “Меншікті тілшілер” командасының мүшесі – Нұргүл Ахметова мен “Қазақстан-Петропавл” телеарнасынан Дмитрий Патошкин жеңімпаздар аталды. Ал жарыстың екінші күні тоғызқұмалақ бойынша бірінші орын СҚМУ құрамасының өкілдері – Анастасия Рощук пен Сәлімхан Сәбитовке бұйырса, бұл сайыста біздің газеттің қызметкері Есләмбек Бейсембин екінші орынды иеленді. Дартс жарысында Назерке Тұрсынова мен Төлеген Иманов жеңімпаз деп танылды. Фототілшіміз Талғат Тәнібаев аталмыш додада үшінші орынға тұрақтады. Үстел теннисінен “1 Северный” телеарнасының өкілі Нұргүл Алина мен “Меншікті тілшілер” құрамасының мүшесі Руслан Әлиев өзгелерге дес бермесе, “Көңілді мәре” ойынында “1 Северный” құрамасына қарсылас шақ келмеді. Волейбол ойынында бірінші орынға ие болған “Районка спортивная” командасы қарсыластарының барлығынан басым түсіп, жеңістің биік тұғырына көтерілді.  

Жалпыкомандалық есепте 113 ұпайға қол жеткізген “Районка спортивная” құрамасы спартакиада жеңімпазы атанды. Ал 111 және 110 ұпайлары бар “1 Северный” мен “Меншікті тілшілер” командалары екінші және үшінші орынды місе тұтты. Жарыс жеңімпаздарына медальдар мен грамоталар табыс етілді.

Бұл жарыста “Солтүстік Қазақстан” газетінің командасына серіктесіміз – “BeeІine” компаниясы қолдау көрсеткенін атап өткенді жөн көрдік.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp