Петропавлда 2-топтағы мүгедек өзінің кембағал танысын өлтіріп, полиция шақыртты.
17 маусымда түнгі сағат бір жарым кезінде облыстық Ішкі істер департаментінің Жедел басқару орталығына Бостандық көшесіндегі жалдамалы пәтерлердің бірінде адам өлтірілгендігі жөнінде хабар түседі. Оқиға орнына жеткен полицейлер пәтерде шашылып жатқан протездерді, мүгедектер қол арбасын көреді. Ас бөлмеде кеудесі пышақпен жарақатталған ер адамның мүрдесі жатқан. Оның екі аяғының орнына протез салынған. Полицейлер келген кезде пәтерде тағы үш адам мен пышақпен жарақаттанып, үрейленген мүгедек әйел болған.
Тергеу кезінде төрт ер адам мен бір әйелдің аталған пәтерді бірнеше тәулікке жалдағаны анықталды. 16 маусымнан 17-іне қараған түні олар ішімдік ішеді. Адам өлтіру қызғаныштың салдарынан орын алған. Ұсталған 36 жастағы ер адамның айтуынша, ол 31 жастағы танысының ас бөлмеде өз сүйіктісін құшақтағанын көріп қалған. Қолына пышақ алған ол екеуін де жарақаттаған. Осыдан кейін өзі полицейлер мен дәрігерлерді шақыртады. Бесеуі де – бір-бірімен бұрыннан таныс мүгедектер. Кезекті зейнетақыларын алған олар бірге демалу үшін пәтер жалдап, ішімдік сатып алған.
Бұрын да жазасын өтеген күдікті қазір қалалық Ішкі істер басқармасының уақытша ұстау абақтысына қамалды. Жарақат алған әйел ауруханаға жатқызылып, ем алуда.
Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.