«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРДЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТІРКЕУ ХАҚЫНДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Құрылу мақсатына, қызметiнiң түрi мен сипатына, қатысушылар (мүшелер) құрамына қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық заңды тұлғалар мемлекеттiк тiркеуден өтуі тиіс. Олардың ел аумағында орналасқан филиалдары мен өкiлдiктерiне де осындай міндет қойылған.

 

Ләйлә ҚАДЫРҚЫЗЫ,

Ақжар аудандық Әділет басқармасының басшысы.

Заңды тұлғаны тiркеу ҚР Әдiлет министрлiгi белгiлеген нысан бойынша тiркеушi органға өтініш беру арқылы жүзеге асады. Өтінішпен бірге қазақ және орыс тiлдерiнде жазылған құрылтай құжаттары үш данада қоса тапсырылуы тиіс.

 

Мемлекеттің үлестік қатысы бар мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік кәсіпорындар, шаруашылық серіктестіктер және акционерлік қоғамдар мекемелер тізімін ұстаушылардың белгісі бар өтініш тапсырады. Енгізілген өзгерiстер мен толықтыруларды тіркеу, заңды тұлғаны (филиал мен өкілдікті) мемлекеттік (есептік) тіркеу және есептік тіркеу туралы куәлiктiң, құрылтай құжаттарының төл-нұсқаларын беруге өтінішке заңды тұлғаның мөрі қойылады. Сонымен қатар тiркеушi органға заңды тұлғаның орналасқан жерiн куәландыратын құжат, сондай-ақ заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу үшін бюджетке алым төлегенін растайтын түбіртек немесе құжат табыс етіледі. Ал шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыратын заңды тұлғаны тiркеу үшiн әдiлет органдары олардан ҚР Ұлттық банкiнің мемлекеттiк тiркеуге рұқсатын қосымша талап етедi.

Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, қаржылық қызмет көрсету нысанасы болып табылатын заңды тұлғаны тiркеу үшін – қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның рұқсаты қосымша талап етiледi.

Заңды тұлғаның құрылтайшысы басқа заңды тұлға болып табылған жағдайда тiркеуші органға құрылтай құжаттарымен және басқа құжаттармен бiрге құрылтайшыда – заңды тұлғада салық берешегiнiң жоқтығы (бар екендігі) туралы салық органының анықтамасы табыс етiледi.

Тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерін, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындарды, акцияларының (үлестерінің) 50 пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды және өз қызметін ел аумағында жүзеге асыратын тұлғаларды мемлекеттік тіркеу монополияға қарсы органның алдын ала келісімімен жүзеге асырылады.

Шетелдің қатысуымен заңды тұлғаларды тіркеу кезінде келесі қосымша құжаттар ұсынылуы керек:

құрылтайшы – шетелдік заңды тұлғаның өзге мемлекеттің заңдары бойынша заңды тұлға болып табылатындығын куәландыратын сауда тізілімінен заңдастырылған көшірме немесе басқа да заңдастырылған құжат мемлекеттік және орыс тілдеріне нотариалдық жолмен куәландырған болуы қажет, аудармасы міндетті түрде талап етіледі;

құрылтайшының – шетелдік жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын төлқұжаттың көшірмесі немесе басқа да құжат та екі тілде ұсынылып, олардың да нотариалдық жолмен куәландырылған аудармасы болуы тиіс.

ҚР әділет министрінің бұйрығымен бекітілген заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу жөніндегі нұсқаулықта әрбір ұйымдық-құқықтық нысанға қатысты құжаттардың нақтылы тізбесі көрсетілген. Сондай-ақ аталмыш нұсқаулыққа сәйкес, заңды тұлғаларды, филиалдар мен олардың өкілдерін тіркеу кезінде қосымша заңды тұлға басшысының және құрылтайшыларының жеке басын куәландыратын құжаттарының, олардың салық төлеуші куәліктерінің (шаруашылық серіктестіктері қатысушыларының тізімін, бағалы қағаздар ұстаушылар тізімі жүйесін жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы жүзеге асыратын шаруашылық серіктестері құрылтайшыларының құжаттарын қоспағанда) көшірмелері болуы керек.

Көрсетілген құжаттар толық дайын болғаннан кейін тіркеуші орган ұсынылған құжаттар пакетінің толықтығы мен дұрыстығын, заң актілеріне сәйкестігін тексереді. Осы талаптар орындалған жағдайда филиалды (өкілдікті) есептік тіркеу туралы бұйрық шығарылады (бұйрық жобасын заңды тұлғаның құжаттарын қарастырған тіркеуші органның маманы үш данада дайындайды және оларға өзі, сондай-ақ тіркеу бөлімінің басшысы қол қояды, содан соң тіркеуші органның басшысына немесе оның орынбасарына қол қоюға ұсынылады). Бұдан соң тіркелімге, сондай-ақ электрондық дерекқорға филиал (өкілдік) туралы мәлімет енгізіледі. Қайта тіркеу туралы мәлімет енгізілген күннен бастап бір жұмыс күні ішінде салық органына филиалдың (өкілдікті) есептік тіркелгені және БСН-і (?) берілгені туралы хабарлама жіберіледі. Салық органдары салық төлеушінің куәлігін алып, филиал (өкілдік) құжаттарының үшінші данасын өздерінде алып қалады. БСН бере отырып, филиалға (өкілдікті) есептік тіркеу туралы және салық төлеушінің куәлігін ұсынады, бір данадан тұратын ережесі бар істі рәсімдейді, дайын болған кезінде құрылтай құжаттарының төлнұсқасына мөртаңба қойылады, содан соң ол құрылтайшыға немесе оның өкіліне қайтарылады.

Әділет органдарында заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) келесі мерзімдерде жүргізіледі:

– шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларды, сондай-ақ өз қызметін үлгілік жарғының негізінде жүзеге асыратын орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері саналатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу өтініш берілген күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірілмей, ал мемлекеттік (есептік) қайта тіркеу – үш жұмыс күні ішінде жүргізілуі тиіс;

– өз қызметін үлгілік емес жарғының негізінде жүзеге асыратын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу (қайта тіркеу) өтініш берілген күннен кейінгі жеті жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі;

– жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жатпайтын ұйымдарды, сондай-ақ саяси партияларды қоспағанда, коммерциялық емес ұйымдарды, мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу (қайта тіркеу) өтініш берілген күннен кейінгі он жұмыс күні ішінде жүзеге асады.

Заңды тұлғаны құрудың және қайта ұйымдастыру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгіленген тәртiбiн бұзу, құрылтай құжаттарының заңнама актiлерiне сәйкес келмеуi, табыстау актiсiн немесе бөлу балансын ұсынбау, не заңды тұлғаның құқық мирасқорлығы туралы ережелерінiң жоқтығы, бір айлық есептік көрсеткіштен артық салық берешегінің болуы, сондай-ақ егер iс-әрекет етпейтiн заңды тұлға құрылтайшы болып табылса және (немесе) егер заңды тұлғаның құрылтайшысы және (немесе) басшысы iс-әрекет етпейтiн заңды тұлғалардың құрылтайшысы және (немесе) басшысы болып табылса, әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектелген және хабарсыз кеткен деп танылса немесе қайтыс болған, қылмыс жасағаны үшiн Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 192, 216, 217-баптары бойынша сотталған жағдайда заңды тұлғаны мемлекеттік тiркеу және қайта тiркеу рұқсат етілмейді.

Діни бірлестікті мемлекеттік тіркеуден және қайта тіркеуден бас тартудың қосымша негіздері “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” заңда белгіленген. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp