«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БАЛАРМАН” ЖЕКЕМЕНШІК БАЛАБАҚШАСЫ авторлық бағдарламамен жұмыс істемек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Балдырған Ілиясов 25 жылдан астам уақыт ұстаздық етіп, 2009 жылы кәсіпкерлікпен айналыса бастаған. Араға жылдар салып, кәсіпкерлік пен өзінің сүйікті ісі ұстаздығын ұштастыруға бел буады. Сөйтіп, Елбасы тапсырмасымен бастау алған “Балапан” бағдарламасына үлес қосуды жөн санайды. Осылайша Балдырған Қамбарұлының қиялында пісіп-жетілген балабақша бүгінде шындыққа айналды. Таяуда Петропавлдағы Жұмысшы кентінде жекеменшік “Баларман” балабақшасы жұмысын бастады. 

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Еңбек жолын қатардағы мұғалімдіктен бастаған Балдырған Ілиясов облыс орталығындағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, 19-шы шағынаудандағы қазақ мектеп-гимназиясының, Жұмысшы кентіндегі №42 мектептің директоры болып қызмет атқарды. “Ұстаздың балаға деген ілтипаты, жүрегі бөлек болады” деп санайтын Балдырған Қамбарұлының кәсібінің бетін бала тәрбиесіне бұрғанының себебі де сол болғанын және жүрек қалауындағы ісін дұрыс тапқанын әңгіме ауанынан аңғару қиынға соқпады.

– Кәсіпкер болу үшін де адамға алдымен қабілет қажет. Одан кейін алға қойған мақсатың, сол кәсіпкерлікке деген дайындығың, өмірге бейімділігің мен төзімділігің болғаны жөн. Сонымен қатар, қай салаға бару керектігін жаңылмай табу да маңызды. Ұстаздықтан біршама жыл алшақтап кетсем де, түбінде өзім қалаған мамандыққа қайта оралып, жылдар бойы жинақтаған тәжірибемді жүзеге асыратыныма сенімді болдым. Отбасымызбен ойластыра келе, бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбие мен білім беретін мекемелермен қамтамасыз ету еліміз бойынша күрмеуі қиын мәселеге айналып отырғандықтан, балабақша ашуды жөн санадық. Осыған орай жеке кәсіпкерлер мен мемлекет арасында байланысты күшейтіп, “Балапан” бағдарламасын жүзеге асыру аясында облыстық әкімдікте бірнеше кәсіпкер жекеменшік балабақша ашу жөніндегі меморандумға қол қойдық. Балабақшаны қай жерден ашу керектігін ойластырған кезде таңдау Жұмысшы кентіне түсті. Өзім сонда №42 мектептің директоры болып қызмет атқарғанмын, тұрғындарын да білемін. Бұл кентте “Малыш” деген жалғыз балабақша бар. Кенттің экономикалық жағдайын зерттедім. Қанша бала кезекте тұр, нешеуі шағын орталыққа, нешеуі балабақшаларға барып жүргенін білдім. Отбасымызбен қаланың ішін аралап жүріп, балабақшаны қай жерден ашуға болатынын анықтадық. Оны ашқан күнде бұл бастамамыз өзін-өзі ақтай ала ма, жоқ па, осы тұрғысында көп ойландық. Ақыры мектепке дейінгі балалар мекемесін Жұмысшы кентінде ашуға тоқтам жасадық, – дейді Балдырған Ілиясов.  

“Шешінген судан тайынбас” дегендей, Балдырған Қамбарұлы меморандумға қол қойғаннан кейін, не де болса бастаған ісінен нәтиже шығаруға бел буады. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша қайта даярлықтан өтеді. Отбасылық бизнес-жоба жасап, Жұмысшы кентінде екі қабатты, бөлек салынған, бұрынғы ательенің ескі ғимаратын жалға алады. Бүгінде ғимарат балабақшаға лайықтап жөндеуден өткізілген, іші заман талабына сай бөлініп, жабдықталған. Кең, жарық, талғаммен безендірілген бүлдіршіндер мекемесінде 75 балғын 3 топта тәрбиеленіп жүр. Оның біреуі 28 баламен қазақ тобы болып ашылған. Балдырған Қамбарұлының айтуынша, алғашқы жылдардағыдай емес, қазір қазақ тобына деген сұраныс артып келеді. Мұндағы мемлекеттік тілде ашылған топқа өзге ұлт өкілдерінің он шақты баласы барып жүр. “Ата-аналар тарапынан да тілге деген қызығушылық бар. Бұл – мен үшін қуанышты жайт, тіліміздің мәртебесі артып отырғанының белгісі”, – деген кәсіпкер, мемлекеттік тілде мектептер алғаш ашылған жылдары қазіргі Қожаберген жырау атындағы №6 мектепке қалай бала жинағандарын да еске алып өтті.

Балабақшада үш тәрбиеші, логопед-дефектолог, музыкант, хореограф, психолог, әдіскер мамандармен қатар, қосалқы шаруашылықпен айналысатындар жұмыспен қамтылған.

Бір айта кетерлігі, жекеменшік балабақша тілек білдіргендер үшін қосымша ақыға сенбі, жексенбі күндері де жұмыс істейді. Сонымен қатар, алыста тұратын балаларды өз көліктерімен тасымалдау қызметін де көрсетеді. “Баларман” жекеменшік балабақшасының тағы бір өзгешелігі: ол Балдырған Ілиясовтің авторлық бағдарламасы бойынша жұмыс істемек.

– Мен кезінде Германияның Регинсбург, Майндағы Франкфурт, Бремен, Ганновер қалаларында мемлекеттік тағылымдамадан өтіп, еуропалық бағыттағы оқыту жүйесінің бағдарламасымен танысқан болатынмын. Одан кейін Астана қаласында Германияның мамандарынан 6 ай дәріс алдым. Енді сол оқыған-тоқығанымды, бұрынғы тәжірибемді жинақтап, өзімнің авторлық бағдарламамды жасадым. Осыған дейінгі Еуропа елдерінде көріп, үйреніп келгенімді енді өз жұмысымда қолдануды көздеп отырмын. Бала тәрбиесі бойынша 30 жылдық ұстаздық өмірімде бір жаңалық ашып, соны өз балабақшамда іске асырғым келеді. Меніңше, ата-ана неше жерден жұмыста болса да, баласының тәрбиесінен қол үзбеу керек. Бүгінгі күні жұмысымызды біріздендіріп алуға күш салып жатырмыз. Балаларды диагностикадан өткізіп, физиологиялық, психологиялық, педагогикалық тұрғыда әр балаға ата-аналармен бірге талдау жасаудамыз.

Бала әке-шешеге қарап өседі. Сондықтан ата-аналардың өздерінің қаншалықты сауатты, тәрбиелі екендіктерін оларды тестілеу арқылы біліп, әр баланың отбасына әлеуметтік құжат дайындаймыз. Бұл – баланың одан әрі дамуын бақылауға қажет шаралар.

Бала 10 күн бақылауда болады, әр он күн сайын педконсилиум өтіп, оның сол аралықтағы жетістіктері мен кемшіліктері ата-анасымен бірге талданады. Әрі қарай қай бағытта жұмыс істеу керектігі айқындалады, біз осылай балатәрбиеші-ата-ана болып кешенді жұмыс істейтін боламыз. Түбінде осы бастамамды бір жүйеге келтіріп, шетелдердегідей балабақша-мектеп-колледж-университет қылып кеңейтіп, үздіксіз білім беру арқылы еңбегімнің түпкі жемісін көруді, балғындарды өз балаларымдай бір қолдан тәрбиелеп, оқытып, азамат етіп шығаруды армандаймын, – дейді алдағы жоспарымен бөліскен Балдырған Ілиясов.

Оның айтуынша, ойын баласы компьютерге телмірмей, жүгіріп ойнауы, тіпті, кейде айғайлауы да керек. Сондықтан ой жүйесін ойын арқылы дамытуға күш салып, сол арқылы адамгершіліктерін қалыптастырмақ. Ол үшін бала ойын танымдық дамытуға, оқытуға арналған ойыншықтардың түр-түрі бар.

Бүгінгі күні балабақшаға алдымен кезекте тұрып, қолдары жетімсіз болып жүргендерді қабылдауда. Оның 32-сі мемлекеттік тапсырыс бойынша қалалық білім бөлімі арқылы келді. Бұл бөлім тарапынан кадр мәселесін шешуде, балабақшаға балаларды орналастыруда, республикалық бюджеттен ақша бөлуде, әдістемелік жұмыстарға өте көп көмек көрсетіліп жатыр. Жекеменшік балабақшасы болғанмен, әкімдіктің көмегімен бірлесіп тындырып жатқан шаруа көп. Ойға алған бастама да әкімдік тарапынан моральдық және материалдық қолдау тауып отыр.

– Қазақ мектеп-гимназиясында істеп жүрген кезімде дүниежүзілік кеңістікке шығу мақсатымен “Қазақ ұлттық мектебінің моделі қандай болу керек?” деген үлкен жоба құрған едім. Сол жобаммен Мәскеуде халықаралық конгреске қатысып, Үндістан, Португалияға да шақыру алдым. Бірақ түрлі себептермен оным аяқсыз қалды. Болашақта сол бастаған жобамды өз жекеменшік балабақшамда жүзеге асырсам деген де арманым бар, – дейді жоғары санатты ұстаз-кәсіпкер Балдырған Ілиясов.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp