«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ДАҒДАРЫСТЫҢ ЕКІНШІ ТОЛҚЫНЫНЫҢ ҚАУПІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жақында Халықаралық валюта қоры 2012 жылдағы әлемдік экономиканың даму деңгейіне қатысты өз мәлімдемесін жария етті. Оған сәйкес дүниежүзі экономикасының даму қарқыны 3,3 пайыздан аспайды. Ал Қазақстан сияқты дамушы мемлекеттердің биыл экономикалық көрсеткіштері 5-6 пайызды құрайды екен. 

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Экономикалық зерттеулер институты” АҚ-ның Макроэкономикалық талдау және болжам жасау орталығының директоры Сара Алпысбаеваның хабарлауынша, биылғы рецессия, ең алдымен, Еуроаймақ мемлекеттеріне қатты тиеді. Әлемдік экономикаға төніп тұрған негізгі қаржылай қауіп те сол жерден келіп тұр. Америка Құрама Штаттарының экономикасы – қауіп-қатердің екінші аймағы. Бүгінде ол жақта да экономикалық өсімнің тежелуі байқалып, мемлекеттік қарыз мәселесі өзекті болып тұр.

 

Bloomberg агенттігінің хабарлауына қарағанда, Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) Федералдық резерв жүйесінің (ФРЖ) облигацияларды ірі көлемде сатып алуды жалғастыруы, асып кеткен күнде, 2013 жылдың соңына дейін ғана дәйекті болады деп есептейтін көрінеді.

ХВҚ АҚШ-тың үстіміздегі жылғы ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ), өсімін өзеріссіз – 1,9 пайыз деңгейінде қалдырып отыр. Бұл болжам бойынша, бюджет шығысын қысқарту америкалық экономика өсімінің серпінін 1,75 пайыздық пунктке нашарлатады.

АҚШ-тың 2014 жылға арналған ІЖӨ болжамы 3 пайыздан 2,7 пайызға төмендетілген.

ХВҚ қаржылық нарықты бұзбас үшін америкалық Орталық банкті (ОБ) ынталандыру шараларын тежеу стратегиясын мұқият жүзеге асыруға шақырды.

Федералдық резерв жүйесінде “бірқатар тетіктер” бар екендігіне қарамастан, рекордтық төмен пайыздық ставкаларды тежеу саясаты мен бір айда 85 млрд. доллар көлемінде облигациялар сатып алу қиын болады, делінген ХВҚ шолуында.

“Exit strategy мәселесі бойынша тиімді коммуникациялар, сол сияқты тыңғылықты уақыт таңдау ұзақмерзімді пайыздық ставкалардың кенеттен және тұрақты секірулер тәуекелін қысқарту үшін өте маңызды болады”, – дейді сарапшылар.

Ондай секірулер, ХВҚ-ның пікірі бойынша, жаһандық деңгейде кері әсер етуі мүмкін.

Таяудағы облигацияның жаһандық нарығында орын алған дау-дамай ащы шындықтың бетін ашты: еуроаумақтың проблемалары шешілген жоқ.

Соңғы кезде бүкіл дүниежүзінде мемлекеттік облигациялардың бағалары түсіп жатыр, өйткені инвесторлар орталық банктер жүзеге асыратын экономикалық бағдарламалардың ынталандырылуының тоқтатылуын күтіп отыр.

Осы жағдайда еуроаумақтың ең әлсіз елдерінің мемлекеттік облигацияларының бағасы біршама құлдырады. Бұл қаржы нарығына бағытталатын қаражаттың азаюына байланысты Италия, Испания, Португалия және Грекия облигацияларының болашақта үлкен өзгеріске ұшырауы мүмкін екендігін көрсетеді.

Еуропалық Орталық банктің нарыққа қыруар қаржымен көмек көрсетем деген уәдесінің арқасында бұл облигацияларға деген сұраным біршама өсті. Алайда, соңғы аптада үрдіс көп өзгеріске ұшырады. Өткен жылдың жазынан бері едәуір өскен 10 жылдық грек облигациясының кірісі саудасаттық қорытындысы бойынша 10,03 пайызды құрады. Бұл 22 мамырмен салыстырғанда 2 пайыздық пунктке жоғары.

Бір пунктке жоғары көтерілген Португалия облигациясының кірісі 6,47 пайыз болды.

Әлемдік экономикадағы қауіп-қатерлердің үшінші ошағы – Қытай және басқа да қарқынды дамушы мемлекеттер. Мәселен, Қытай үстіміздегі жылдың төртінші тоқсанында 9,2 пайыздық өсімге ие болмақ. Бірақ ол көрсеткіш 8 пайызға дейін тежеледі деген болжам бар. Осыған байланысты аспанасты елі қазірдің өзінде өз саясатын өзгертуге кірісті. Егер Қытай бұған дейін сыртқы саудаға басты басымдық беріп келсе, ендігі жерде ол ішкі сұранысты барынша көтеруге тырысады. Соның нәтижесінде елдің ішкі нарығындағы инвестициялардың көлемі артады. Демек, ішкі сауданы барынша дамыту арқылы Қытай өз экономикасын нығайтуға тырысады. Осы жағдайды пайдаланып, Қазақстан үшін отандық экспортты дамытуға мүмкіндік бар. Алайда, дағдарыс басталған кезде сыртқы сұраныс күрт төмендеуі әбден мүмкін. Сол себепті біз де елдің ішкі сұранысын дамытып көреміз. Қытаймен салыстырғанда, Қазақстанның экономикасы ондай үлкен емес екендігін ескерсек, сондай-ақ халықтың саны аз болғандықтан, ондай жағдайда біздің ішкі нарығымыз тез толып қалады. Халықтың қаржысы таусылып, бизнестің мүмкіндіктері шектеледі. Сондықтан біз Қытай сияқты ішкі нарыққа көп басымдық бере алмаймыз. “Меніңше, бұл дағдарыс Қазақстанға экспорт жағынан әсер етуі мүмкін. Қазақстандық тауарға деген сұраныс төмендейді. Ол бағаның түсіп кетуіне әкеліп соқтыруы ықтимал. Негізі, дағдарыс ел экономикасына қатты салмақ түсірген кезде мемлекеттің рөлі артады. Осы уақытта мемлекет бар қаржысын халыққа бөліп, бизнес саласын барынша қолдауы тиіс. Сонда ғана елдің ішкі жалпы өнімі өседі. Мемлекеттің бұл жұмысы бюджет есебінен, я болмаса, Ұлттық қордың қаржысына жүргізіледі. Бәріміз жақсы білеміз, соңғы жылдары Қазақстанның Ұлттық қоры әжептәуір өсіп, 45 млрд. долларға жуықтады. Демек, 2007 жылғы дағдарыстан бері ол айтарлықтай өсті. Онда қажетті қаржы көздері бар. Ал жалпы алатын болсақ, ел экономикасының өсу қарқыны 5-6 пайыз болады деп отыр ғой. Біз үшін бұл жаман көрсеткіш емес”, – дейді Макроэкономикалық талдау және болжам жасау орталығының директоры Сара Алпысбаева.

Сарапшының сөзіне қарағанда, алдағы уақытта Еуропа “Грекия мәселесін” ойдағыдай шешсе, әлемдік экономикадағы жағдай жақсарады. Ал нақты бір шешімге келе алмай, еурокеңістік бөлініп кететін болса, әлемнің бүкіл экономикасы өзгеріске тап болады. Осы тұрақсыздықтың кері әсері Қазақстанға қатты тисе, ел Үкіметі “Б” жоспарын іске қосуға мәжбүр болады. Дегенмен, бәрі де әлемдік нарықтағы мұнайдың бағасына байланысты болмақ.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp