Қошан ҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Теледидардан жергілікті хабарларды көріп отырғанмын. Бір кезде облыстық спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатта “Көңілді мәрелер” спорт шарасы өткендігі, оған үш топ қатысқаны, солардың бірі қалалық Ішкі істер басқармасынан құрылған команда екендігі жөнінде аталған мекеменің қызметкері баяндап жатты. Сол сәт менің екі көзім қазақша сайрап тұрған орыс қызында болды. Оның аты-жөнін, нақтылы қызмет орнын жазып үлгердім. Есімі – Диана, фамилиясы – Смағұлова. Қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан орыс қызы екен ғой деп алдын ала болжам жасап қойғаным да рас. Бірақ, қателесіппін.
Жуырда Диананы әдейілеп іздеп қалалық Ішкі істер басқармасына бардым.
– Сіз мені орыс қызы деп іздеп келдіңіз, ал мен таза қазақпын, әкем де қазақ, шешем де қазақ. Сондықтан да мен жайлы жазудың қажеті жоқ шығар, – деді Диана алғашқы танысу барысындағы әңгімеде.
Петропавл қаласында туған Диана 9-сыныпты аяқтағаннан кейін Мағжан Жұмабаев атындағы педагогикалық колледждің жанындағы лицейдің 10-11-сыныптарын бітіреді. Одан әрі 2 жыл СҚМУ-дің жанындағы колледждің құқықтану бөлімшесін “қызыл” дипломмен аяқтап шығады. Ұядан ұшып шыққан көптеген жастар қияны бетке алып, алға ұмтылады, арман-асуға қол созады десек, жас Диана да талаптана да, талпына да білгендіктен, көңілі қалаған мамандығын меңгеруге колледжде оқып жүргенде-ақ ден қойған көрінеді. Қалалық Ішкі істер басқармасының тергеу бөлімінде тағылымдамадан өткен кезде өзінің қабілетті, болашағынан үміт күттіретін жас екенін танытып үлгерген. Содан да шығар басқарма басшылығы университеттің заң факультетінде сырттай оқып жүрген бес қыздың қатарында Диананы да қызметке шақырған.
– Алдымен алғашқы 3 айлық дайындықтан өттім. Сөйтіп, тергеуші болып қызметке орналастым. Кейін криминалдық полицияға ауыстым. Бұл 2003 жыл болатын, оперативтік уәкіл ретінде кіші лейтенант дәрежесі берілді. Міне, осылай еңбек жолым басталып кетті, – дейді Диана өзі жайлы.
Криминалдық полицияның жұмысы үш бағытта жүргізіледі, олар қылмыскер адамдарды, із-түзсіз жоғалғандарды іздеу және беймәлім, танылмаған өліктерді анықтау болып табылады. Ал Диана із-түзсіз жоғалғандарды іздеумен айналысқан. Бұл жұмыстың да жауапкершілігі аз емес. Сондықтан да ол дамыл таппай, уақытпен санаспай жұмыс істеуді талап етеді. Кейде, тіпті, демалыс күндері былай тұрсын, ел өміріндегі елеулі мерекелердің өзін ұмытуға тура келіп жатады.
Ол Асан есімді жігітпен махаббаттары жарасып, тұрмысқа шыққан. Олар бір-бірімен әріптес, бір басқармада қызмет етеді. Асан – әкімшілік полиция бөлімінің бастығы. Екеуі де капитан дәрежесінде. Ұлдары Мадияр тоғыз жаста, қазақ мектебіне барады, ал үш жастағы Малика да ана тіліне судай, себебі қазақ балабақшасында тәрбиеленіп жүр.
Уақыт бір орнында тұрмайды. Олай болса, адамның өмірінде де, оған қоса қызметінде де өзгерістер болып жататындығын заңдылық деуіміз керек. Диана өткен жылдың шілде айында нашақорлық бизнесімен күрес жөніндегі бөлімге ауысыпты. Ал былтырғы қыркүйек айында өз әріптестерінің қатарында аттестаттаудан өткен. Сынақтың бәрін де тамаша тапсырған.
Полиция капитаны Диана Смағұлова бүгінде нашақорлық бизнесімен күрес жөніндегі бөлімге қатысты талдау жұмысымен айналысады. Жастардың соңғы кезде насыбай атуға үйірсек болып бара жатқандығы Диананы да толғандырады. Өткен жылы қалада бір притон, яғни ұрылар ұясы жойылыпты. Мұндай жерге кәрі-құртаңдар жиналмайтыны тағы белгілі. Олардың жастары 30-40 шамасындағылар. Өткен жылы мөлшерден тыс есірткі пайдаланған 8 адам көз жұмған. Олар да жастар. Диана қаладағы білім беру мекемелеріне жүйелі түрде барып, жас ұрпақтың алдында дәріс оқиды.
Диананың орыс ұлтына кереметтей ұқсастығының сырын әңгіме барысында сұрап білдім. Полиция қызметкері болып жұмыс істеген, бүгінде зейнет жасындағы әкесі Ерсайын да ақсары келген адам екен. Ал Диананың өзі кішкентай кезінде көрген ғасырдан аса ғұмыр кешкен ұлы әжесі түрік қызы болса керек.