«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІБИ-ТЕХНИКАЛЫҚ БІЛІМ – ұлттық экономиканы мамандармен қамту көзі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 Елбасының “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында айтылғандай, кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Көп жағынан бұл халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп береді. Қазақстанда бүгінгі таңда 888 колледж жастарға білім беруде, соның 499-ы – мемлекеттік оқу орындары. Біздің облыста қанша кәсіптік-техникалық білім беру ошақтары бар және олар қандай мамандарды даярлайтынын облыстық Білім басқармасының кәсіптік-техникалық білім беру және кадрларды даярлау бөлімінің басшысы Алма Құсайыновадан білдік. 

– Солтүстік Қазақстан облысында үстіміздегі оқу жылында қызмет көрсеткен 32 колледждің 26-сы – мемлекеттік. Оларда 93 мамандық бойынша кадрлар даярланады. Негізінен, құрылыс, ауыл шаруашылығы, машина жасау, білім беру, денсаулық сақтау, көлік, қызмет көрсету салаларының мамандары оқиды. Мемлекеттік білім тапсырысы бойынша оқитын колледж оқушыларына ай сайын шәкіртақы төленіп, жеңілдікпен жол жүру өтемақысына арналған қаражат бөлінеді. 2012-2013 оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарында 16171 оқушы білім алды, олардың ішінде 9277 адам мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыды. Түлектердің жалпы жұмыспен қамтылуы 93%-ды құрайды.  

– Облыстың кәсіптік-техникалық білім беру ошақтарында оқытудың дуальды жүйесі қалай жүзеге асырылуда?

– Бүгінгі күні дуальды оқыту жүйесінің элементтері облыстың 6 колледжінде енгізілуде, 28 кәсіпорынмен әлеуметтік серіктестік жөнінде келісім жасалды. Олардың арасында: “ПАМЖЗ” АҚ, “Қазнефтегазмаш” АҚ, “Поиск” ВФ ЖШС, “Ремплазма” ЖШС, “Мұнаймаш” АҚ, “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ, “Прометей” ЖШС, “Основание” ЖШС, “Қазақстан темір жолы” АҚ, Петропавл қаласы құрылысшыларының және Петропавл қаласы мейрамханаларының қауымдастықтары сияқты кәсіпорындар бар. 2012 жылдың қыркүйек айынан бірқатар колледждердің штаттық кестесіне қосымша өндірістік оқыту шеберлерінің 10 бірлігі енгізілді. Базалық кәсіпорындар мен колледждер арасында оқытудың дуальды жүйесі элементтерін енгізу бойынша бірлескен жұмыс жоспары құрылып, бекітілді. Арнайы пәндер мен өндірістік оқыту жөніндегі жұмыс бағдарламалары қайта қаралып, өндірістен арнайы пәндерді оқытатын мамандар іріктелді. Кәсіпорындарда тәжірибелік сабақтарды өткізу шебер тәлімгерлерге жүктелген. Колледждердің арнайы пәндерінің 25 оқытушысы жабдықтардың жаңа түрлерімен, технологиялық үдерістермен танысу үшін әлеуметтік серіктестік кәсіпорындары базаларында машықтанудан өтті. 2013 жылғы қаңтардан бері “Кең бейінді станокшы” және “Слесарь-жөндеуші” мамандықтары бойынша 57 студент, соның ішінде еңбекақы төленетін жұмыс орындарында машина жасау колледжінің 51 студенті өндірістік тәжірибеден өтті.

Дуальды оқыту бойынша ынтымақтастық туралы “Қазақстан темір жолы” Ұлттық компаниясы” АҚ, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен еліміздің 17 колледжінің арасында жасалған үшжақты келісім шеңберінде темір жол көлігі колледжі “ҚТЖ” ҰК” – Ақмола бөлімшесі” АҚ филиалымен ынтымақтастық орнатты. Кәсіпорынның тапсырысы бойынша “Электрмен жабдықтау”, “Темір жол жылжымалы құрамын пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету”, “Тасымалдауды ұйымдастыру және көліктегі қозғалысты басқару” мамандықтары бойынша биыл бітіретін 14 адам екі апталық курстардан өткізіліп, сертификаттар беріледі. Колледжді тамамдаған соң жұмысқа орналасуға кепілдік бар. Қазіргі күні дуальды оқыту жүйесімен қамтылған оқушылардың саны 500 адамды құрады, жаңа оқу жылында тағы 300 адамды қамту жоспарланған.

– Кәсіптік-техникалық білім беру ошақтарының материалдық-техникалық базасы туралы не айтасыз?

– 2012 жылы Тимирязев ауданының №14 кәсіптік лицей ғимаратына 21,4 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. 2012 жылы кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының оқу-материалдық базасы республикалық бюджеттен 125 млн. теңгеге нығайтылды, 2013 жылы 175 млн. теңгеге нығайту күтілуде. Дүниежүзілік банктен қарыз алу есебінен қаржыландырылатын “Кәсіптік-техникалық білімді жаңғырту” жобасын іске асыру шеңберінде 3 колледж: Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі, “Есіл аграрлық-техникалық институты” КЕАҚ, Тайынша агробизнес колледжі 380 мың доллардан немесе 56 млн. теңгеден грант иеленді. “Кәсіпқор Холдинг” жобасын іске асыру шеңберінде “Есіл аграрлық-техникалық институты” КЕАҚ төрағасының бірінші орынбасары Бейімбет Бұғасов Сингапурда біліктілікті арттыру курстарынан өтті және оқытудың инновациялық технологияларын өзінің оқу орнында енгізіп жатыр.

– Әлеуметтік серіктестік жөнінде келісім жасаған кәсіпорындар бар ма?

– Үстіміздегі жылы облыста 742 шарт жасалды, олардың ішінде 116-сы үшжақты, 626-сы екіжақты. Тәжірибе оқушылар мамандығының бейініне сәйкес келетін облыс ұйымдарының, кәсіпорындарының, мекемелерінің базасында өтеді. “Лира” ЖШС, “Плазма” ЖШС, “Строитель” ЖШС, “Основание” ЖШС және басқа да әлеуметтік серіктестіктер Петропавл қаласындағы құрылыс колледжінің, құрылыс-экономикалық және гуманитарлық-техникалық колледждерінің оқушыларының өндірістік тәжірибе базасына айналды. Сол сияқты машина жасау бейінінде оқитындар “ПАМЖЗ” АҚ, “ЗИКСТО” АҚ, “Солтүстік машина жасау зауыты” ЖШС, “Мұнаймаш” АҚ және “Киров атындағы зауыт” АҚ-да машықтанады. Оларда машина жасау, гуманитарлық-техникалық колледждердің оқушылары “Әмбебап ағаш ұстасы”, “Кең бейінді станокшы” кәсіптері, “Машина жасау технологиясы” мамандықтары бойынша тәжірибе жинақтайды. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында 2816 оқушы, олардың ішінде 1812 адам еңбекақы төленетін жұмыс орындарында тәжірибеден өтті.

Жыл сайын колледждерде “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша кадрларды даярлау жүзеге асырылады. 2013 жылы 5 колледжде 12 мамандық бойынша 200 адам қайта даярлықтан, тағы 30-ы біліктілікті арттырудан өтті.

– Түлектердің кәсіптік даярлық деңгейін бағалау қалай жүзеге асады?

– Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес кәсіптік-техникалық білім беру саласында кәсіптік даярлық деңгейін бағалаудан бірінші реттен өткен түлектердің үлесі мақсаттық көрсеткіштердің бірі болып табылады. Егер 2015 жылы көрсеткіш 60% болу керек болса, біздің облыста оған қазірдің өзінде қол жетті және ол тұрақты өсуде. 2012 жылы кәсіптік даярлық деңгейін бағалау 54 мамандық, 62 біліктілік бойынша 28 оқу орнында өткізілді. Тестілеуге барлығы 3604 түлек қатысып, олардың ішінде бастапқы сатыдан бірден 3084 адам өтті, қайта тапсыруды ескергенде 3477 түлек немесе 96% сертификатталды. Үстіміздегі жылы бітіруші курстардың 3800 оқушысын кәсіптік даярлық деңгейін бағалаудан өткізу жоспарда бар.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp