Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Тіл тазалығын сақтауды насихаттап жүрген облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің хат қоржынына оқырмандардан осы тақырыпты қозғаған хаттар жиі түседі. Сондай шағым хаттардың бірін Петропавл қаласының тұрғыны Таласбай Мұсабаев жолдаған болатын. Хатында: “Петропавл қаласында орналасқан көптеген дүкендер мен мекемелерде, кәсіпорындарда ілулі тұрған қазақша мәтіндерге көз салсаңыз, қатеден бас ала алмайсыз. Мысалы, Ойқала ықшамауданындағы Попов көшесі бойында тұрған құрылыс дүкенінің маңдайшасындағы қазақша сөздер қате жазылған” депті. Аталмыш хаттың негізінде өзіміз зерттеу жүргіздік. Петропавл қаласының Ойқала ықшамауданында орналасқан “Tineks” құрылыс материалдары дүкенінің маңдайшасындағы қазақ тіліндегі жазуларда, шынымен де, қателер кеткен. “Тотальная распродажа – жалпай сатылым”, “Мы за ценой не постоим – Бізде қатып қалган баға жоқ” деп аударылып, жазылған. Осы орайда дүкеннің әкімшілігімен кездесіп едік, олар жарнама агенттігіне тапсырыспен жасатқандықтан, дүкен маңдайшасындағы қазақ тіліндегі жазуларда қате бар екендігінен бейхабар болып шықты. Біз осы жөнінде түсінік беру үшін облыстық Тілдерді дамыту басқармасына хабарластық.
– Сауатты жасалған жарнама мен көрнекі ақпарат кез келген елді мекеннің келбетіне көрік беретіні сөзсіз. Алайда, еліміздің Тәуелсіздік алғанына 20 жылдан асса да, “Қазақстан Республикасындағы тіл туралы” Заңның 21-бабына қайшы рәсімделген және сауатсыз жазылған жарнама мен көрнекі ақпаратты жиі кездестіреміз. Аталған заң бұзушылықты болдырмау және жою мақсатында СҚО Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тоқсан сайын рейдтер ұйымдастырып тұрады. 2012 жылы 500-ден астам нысан тексерілсе, 2013 жылы 150-ге жуық нысан тексеріспен қамтылды, – деді облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Ернияз Сұлтанов.
Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының Президенті 2013 жылғы қаңтардың 21-і күні қол қойған “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне, “Қазақстан Республикасындағы тіл туралы” Заңға, “Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы” Заңға, “Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы” Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 81-бабына сәйкес жарнама мен көрнекі ақпараттар тіл туралы заңнаманы бұзғаны үшін ақшалай айыппұл салынатын болады. Осы баптың екінші бөлігіне сәйкес көзделген әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет үшін лауазымды адамдарға, жеке кәсіпкерлерге, шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларға – 10, орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға – 20, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады екен. Тұтас бір елдің мемлекеттік тілін қорғауда, оның тазалығын сақтауда немқұрайдылық танытқандарға осындай айыппұл салу – құптарлық іс.