«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЗДІК ТҮЛЕКТЕР – ҚЫЗЫЛЖАР ТӨРІНДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

19 маусымда Петропавл қаласының орталық алаңында 2013 жылғы мектеп түлектерінің кеші өтті. Салтанатты шараға 1096 түлек қатысты. Олардың ішінде 60-ы – жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, 29-ы – “Алтын белгі”, 20-сы – “Үздік аттестат” және 48-і халықаралық марапат иегерлері болды. Облыс әкімі Самат Ескендіров мектеп бітіруші жұлдызды түлектерді құттықтап, ақ жол тіледі.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әсем әуеннің ырғағымен алаңға шыққан 2013 жылдың “Алтын белгі” және “Үздік аттестат” иегерлерін, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми сайыстардың қатысушыларын жиналған жұрт ерекше қошеметпен қарсы алды.

 

– Еліміз бойынша 143 мың оқушы үлкен өмірге жолдама алса, соның 4,5 мыңға жуығы – солтүстікқазақстандық түлектер. Бүгін Сіздер үшін ерекше күн! Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі мақтануға тұрарлық. “Алтын белгіге” бітірген 29 оқушының 9-ы – Петропавл қаласынан, 3-і – Қызылжар ауданынан және 4-і қазақ- түрік лицейінен. Сонымен қатар 20 түлек “Үздік аттестатқа” ие болды. Ұлттық бірыңғай тестілеуде ең жоғары нәтижеге Қызылжар ауданы Шаховское орта мектебінің түлегі Әсел Сұртаева қол жеткізді. Ол барлығы 122 балл жинады, – деді облыс әкімі Самат Ескендіров.

Өңір басшысы қаламызда Назарбаев Зияткерлік мектебі салынып жатқанын, талантты да дарынды жастарға “Болашақ” бағдарламасы бойынша жақын және алыс шетелдердің ең үздік жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік туғанын, Астанада әлемдік талаптарға сай келетін Назарбаев Университеті жұмыс істейтінін тілге тиек етті.

– Өткен оқу жылында республикалық олимпиадаларда біздің өңірдің оқушылары түрлі дәрежедегі 20 медальға қол жеткізді. Оның ішінде бесеуін оқушылар республикалық ғылыми жобалар сайысында жеңіп алды. Осы түлектердің арасында облыстық дарынды балаларға мамандандырылған “ЛОРД” мектеп-лицейінің оқушысы Вадим Усиктің жетістіктері ерекше атап өтуге тұрарлық. Ол Оңтүстік Корея, Бразилия, Украина және Қазақстанда өткен физика, астрономия пәндері олимпиадаларының төрт мәрте жеңімпазы, сонымен қатар республикалық олимпиадалардың алты мәрте жеңімпазы және жүлдегері.

Құттықтау сөзінен кейін өңір басшысы бір топ түлектерге “Алтын белгі”, “Үздік аттестат” табыстаса, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми сайыстарға қатысушылар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған түлектерге салтанатты түрде сыйақылар тапсырды.

Халықаралық олимпиадалардың бірнеше мәрте жеңімпазы Вадим Усик мектеп қабырғасында бүгінгі түлектерге сапалы білім мен саналы тәрбие берген ұстаздар қауымының еңбегін ерекше бағалайтынын жеткізді. Ол өзінің жеткен жетістіктері аяулы ұстаздарының талмай сіңірген білімдерінің жемісі және жас ұрпақтың жан-жақты, терең білім алуына барлық жағдайды жасап отырған Елбасының салиқалы саясатының нәтижесі екеніне тоқталды.

ҰБТ-дан облыста ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген Қызылжар ауданы Шаховское орта мектебінің түлегі Әсел Сұртаева да өзінің мектеп бітірер алдындағы жауапты кезеңінде жан-жақты қолдау көрсетіп, қолдан келген көмектерін аямаған ата-анасы мен ұстаздарына алғысын арнады. Ол болашақта бар білімін Қазақстанның көркеюіне жұмсайтынын тілге тиек етті.

Петропавл қаласындағы Бірінші лицейдің түлегі, “Алтын белгі” иегері Алмас Зияевтің анасы Гүлмира Басанова ұстаздар мен түлектерге жүрекжарды лебізін арнады.

Салтанатты шара барысында концерттік нөмірлер көрсетіліп, түлектердің қоштасу вальсі биленді. Көкте қалықтап көз ұшынан ғайып болып бара жатқан түрлі түсті шарлар түлектер арманын аспанға алып ұшып бара жатқандай.

  Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp