«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨРТТІ ШЕКАРАДАН ӨТКІЗБЕУ – МАҚСАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Орман өрттері шекараға қарамайды, жолында кездескеннің бәрін күлге айналдырады. Көршілердің мұңы ортақ. Қазір көршілес Ресей мен біздің мемлекеттің билік органдары табиғи апаттарды ауыздықтауда өзара әрекеттестікке ерекше назар аударып отыр. Бұған былтырғы жылы алғаш рет өткізілген Қызылжар ауданы мен Түмен облысының Қазан ауданы шектескен тұста орман-дала өртін жою бойынша бірлескен оқу-жаттығу дәлел. 

Евгений ОБУХОВ,

облыстық ТЖД-нің

бөлім бастығы.

Ал биыл 19 маусымда Железное ауылының маңындағы ақ қайың шоғының қасында шаруашылық жүргізуші нысандар, Жамбыл және Преснов мемлекеттік орман шаруашылықтары, Жамбыл ауданының Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар қызметтері, жедел медициналық көмек бөлімшесі, Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті “Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі” мемлекеттік мекемесі және Қорған облысының Петухово ауданының №34 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамдары мен техникасы сапқа тұрды.


 

 

Қысқа нұсқаулық берілген соң сценарий бойынша отты абайсыз пайдалану салдарынан орман шоғынан от ошақтары лап етті. Моторлар от алып, Преснов орман шаруашылығы техникасы мен жеке құрамы жалт еткен жалынмен ұрысқа түсті. Орманның айналасы жыртылып, жеке құрам ақ қайыңға ұмтылған от ошақтарын сөндіріп жатты. Алайда, төтенше оқиға аумағындағы жағдай қиындай түсті: ауыл шаруашылығы құрылымдарының астықты танаптарының өртеніп, өрт орман алқабына беттеуі қаупі, орман өртеніп, оттың Ресей Федерациясының аумағына өтуі және от шебінің Богатое ауылына таяп, шеткі үйдің өртенуі сияқты 3 тапсырма бірінен соң бірі түсті. Аз уақыттан соң отпен күреске Солтүстік Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент “Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі” мемлекеттік мекемесі №11 өрт сөндіру бөлімінің, ерікті өртке қарсы құрылымның жеке құрамдары кірісті. Жамбыл ауданының орман алқабын өрттен арашалауға солтүстікқазақстандықтармен бірге қорғандық әріптестеріміз де иық тіресіп қатысты. Күштің бір бөлігі шартты түрдегі орманға беттеген өртті сөндіруге бағытталса, басқалары ауыл тұрғындарын көшіру мен тұрғын үйдегі өртті сөндірумен айналысты. Оқу-жаттығу барысында жедел көмек бригадасының өртте зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетуі және оны шұғыл түрде жақын жердегі ауруханаға жеткізуі, полиция қызметкерлерінің төтенше жағдай аумағын қоршау әрекеттері пысықталды. Бірлескен күшпен жақын маңдағы елді мекенге қауіп төндірген өртке тосқауыл қойылды.

Аудан әкімінің орынбасары – Төтенше жағдайлар комиссиясының төрағасы тапсырмаларды орындау және оқу-жаттығу кезеңдерін жеке-жеке талқылау бойынша баяндамаларды тыңдаған соң Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент, жергілікті билік органдары, орман шаруашылығы басшылығы іс-шараға қатысқан бөлімшелердің әрекетіне жан-жақты баға берді.

Ресей Федерациясы Төтенше жағдайлар министрлігінен шақыртылған өкілдер тарапынан Қазақстан мен Ресейдің өртсөндірушілерінің бірлескен әрекеті оң баға алды. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp