Бейсенбі күні Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде облыс әкімі Самат Ескендіровтің төрағалығымен мемлекеттік жастар саясатын іске асыру жөніндегі көшпелі кеңестің отырысы өтті. Күн тәртібінде “Жұмыспен қамту – 2020”, “Дипломмен – ауылға!”, “Жастар тәжірибесі”, “Жасыл ел” бағдарламасына жастардың қатысуы және оның жүзеге асырылу барысы, өскелең ұрпақты саламатты өмір салтына баулу секілді бірқатар мәселелер қаралды. Сондай-ақ Тимирязев пен Ақжар аудандары әкімдерінің орынбасарлары жергілікті жерде жастар саясаты қалай жүзеге асырылып жатқанын баяндады.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Көшпелі кеңес басталмас бұрын өңір басшысы Самат Ескендіров “Жас Отан” ЖҚ, Құрылыс жасақтары, “Жасыл ел” еріктілер желісінің көшбасшылары ұйымдастырған көрмені аралады. Өз жұмыстарының ерекшеліктері және алдағы уақыттағы жоспарлары туралы баяндаған жастар таныстырылымынан соң Самат Сапарбекұлы білім ошағының материалдық-техникалық базасымен танысып, электротехника зертханасын және тағы басқа шеберханаларды аралады.
Облыстың оқу орындарының басшылары, жоғары және орта арнаулы оқу орындарындағы жастар саясаты жөніндегі комитет мүшелері, жастар ұйымдарының өкілдері қатысқан кеңес барысында баяндама жасаған облыстық Жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқарманың жетекшісі Виктор Молодовский атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында алдағы жеті жыл ішінде шешілуі тиіс түйткілді мәселелерді тілге тиек етті.
Виктор Викторовичтің айтуына қарағанда, үстіміздегі жылы “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша 375 жас маманға 45 миллион 439 мың теңгенің көтермеақысын бөлу қарастырылған. Бүгінгі таңда әрбір жұмыс беруші жас маманнан орта арнаулы және жоғары біліммен қатар қызмет өтілін сұрайтындығы жасырын емес. Осы орайда “Жастар тәжірибесі” бағдарламасының көмегі зор. Үстіміздегі жылы 763 жасты жұмысқа орналастыру үшін “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен 136,3 миллион теңге қаражат қарастырылған.
Сәуір айынан бастап өз ісіне қайта кіріскен қанатқақты жоба – “Студенттік еңбек биржасын” дамытуға облыстық бюджеттен 5 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюға бағытталған жоба арқылы 2 мыңға жуық қыз-жігітті жұмысқа орналастыру көзделіп отыр. Қазір биржаның дерекқорында екі мыңнан астам бос жұмыс орындары тіркелген. Сондай-ақ 285 мемлекеттік және жекеменшік жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынас орнатудың жан-жақты жолдарын қарастырудың арқасында биржаға жұмыс іздеп келген 623 жастың 237-сі тұрақты жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар “Жасыл ел” бағдарламасы аясында өңірдің 12 орман мекемелеріне жіберілген 320 студентке жалақы төлеуге облыстық бюджеттен 9,5 миллион теңге бөлінбек.
Бұдан соң “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының өңірімізде жүзеге асырылу барысы талқыланып, баяндама жасаған облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Асхат Кенжеболатов бағдарламаға қатысушылар саны жыл басынан бері 1335 адамға жетіп, біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстарына бағытталғандардың саны 83-ке жеткендігін айтты. Әлеуметтік жұмыс орындарына 212 кісі орналастырылып, бос орындарға 52 жас маман жіберілген. Бағдарламаға қатысуға ниет білдіргендердің 500-і – жиырма бес жасқа дейінгілер.
Бүгінде “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы өңірімізде сәтті жүзеге асуда. Жалпы 4 жыл ішінде ауылды жерге еңбек етуге аттанғандар саны 2 мыңға жуық. Жиын барысында жас мамандарды жұмысқа орналастыру мәселесінде Ақжар ауданының өзгелерге үлгі болар тұстары көп екендігі айтылды. Аудан әкімінің орынбасары Ғалымтай Айтмұхаметовтің келтірген мәліметіне қарағанда, 2009 жылдан бері аталмыш бағдарлама аясында Ақжар ауданына келген 201 жас маманның 65-і – білім, 31-і – денсаулық, 3-еуі – мәдениет, 1-і – спорт, 2-еуі ветеринария саласында еңбек етіп жүр. Жас мамандарға біржолғы көтермеақы төлеуге 20 миллион теңге бөлініп, баспана сатып алу үшін төмен пайызды несие алуға ниет білдірген 43 жасқа 63 миллион теңгенің несиесі берілген.
Күн тәртібінде қаралған соңғы мәселе өскелең ұрпақ арасында саламатты өмір салты қағидаттарын насихаттау және спорттық инфрақұрылымдарды дамыту жайында болды. Бүгінде өңірімізде саламатты өмір салтын ұстанғандардың саны 150 мыңға жетсе, олардың 80 мыңын жастар құрайды. Жиында сонымен қатар елді мекендердегі жаттықтырушылар жұмысын дұрыс жолға қою жөнінде мәселе көтеріліп, саламатты өмір салтын насихаттауда бірқатар ұсыныстар айтылды.
Көшпелі кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Самат Сапарбекұлы облыстық Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы мен аудан басшыларына жастарды спортқа баулитын жаттықтырушылардың жетіспеушілігі мәселесін шешу жолдарын бірлесіп қарастыруды, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына жастарды еңбекпен қамту тұрғысында мемлекет ұсынған бағдарламаларды тиісті деңгейде жүзеге асыру міндетін жүктеді. Сондай-ақ жастарды еңбекпен қамту бағытында көш соңында келе жатқан Тимирязев ауданының басшылығына жағдайды оңалтуды тапсырды.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.