«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕДИАЦИЯ – ДАУ-ЖАНЖАЛДЫ ШЕШУДІҢ ЕҢ ҚОЛАЙЛЫ ТӘСІЛІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Медиация түсінігі жаңадан қолданысқа енгізіліп жатқанымен, бұл еліміздің дала заңында әлдеқашан жүргізіліп келгенін атап кеткен жөн. Өйткені, қазақтың билері мен шешендері кезінде екі жақтың арасындағы дауды бітімгершілік арқылы бір ауыз сөзбен-ақ шешкені тарихтан белгілі. Медиацияның бүгінгі сот жүйесіне енгізілуі еліміздің демократиялық қоғамға қарай аршындап қадам басып келе жатқанын айқын көрсетеді. Яғни, істі сот қарауына жеткізбей, екі жақтың келісімі негізінде шешу медиацияның басты шарты болып саналады. 

 

Гүлден ҚОЖАХМЕТОВА,

Айыртау аудандық сотының кеңсе меңгерушісі.

Қазақстан Республикасында медиация туралы Заң 2011 жылдың 28 қаңтарында қабылданып, өткен жылдың 5 тамызынан бастап күшіне енген болатын. Бұл еліміздің азаматтық қоғам мен құқықтық қатынаста, сондай-ақ сот жүйесінде жаңа реформаның жүзеге асуына жол ашты. Яғни, дауды шешудің неғұрлым жұмсақ нысаны пайда болды. Медиацияның жаңа кезеңі қазіргі таңда тұтас Батыс Еуропа, АҚШ, Оңтүстік және Шығыс Азия сияқты дамыған елдерде жақсы қолданылады. Ал ТМД елдерінде Қазақстанмен қатар Ресей Федерациясы мен Молдова Республикаларында қабылданған.  

 

Бітімгерлікте ең бастысы екі жақтың еріктілігі, сондай-ақ қос тараптың теңқұқықтылығы маңызды рөл атқарады. Яғни, қос тарап ешбіреудің қысымынсыз-ақ арадағы дауды өзара тиімді түрде шешуге мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде ел ішіндегі, әсіресе, ауылдық жерлердегі даушарлардың тиімді түрде шешілуіне игі ықпалын тигізеді.

Сарапқа салайықшы. Бүгінгі қазақ медиациясының қандай артықшылықтары бар? Бұл төңіректе ой қозғағанда медиация ең алдымен азаматтардың уақыты мен ақшасын үнемдеуге жол ашады. Яғни, сот өндірісімен салыстырғанда, дауды бітімгершілік арқылы шешу көп уақыт алмайды. Сонымен қатар тараптардың шығындарын үнемдеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, бітімгершілік үдерісінде жеңілген және жеңімпаз деген болмайды. Бұл жерде медиацияның міндеті – екі тарапты да қанағаттандыратын шешім табу. Тараптар өз мүдделерін қаншалықты ашық айтса, соншалықты оларды қанағаттандыратын шешім шығармашылықпен әзірленеді. Сотта шешім қабылдаудың мұндай әдісі қолданылмайды. Үшіншіден, шешімнің орындалу мүмкіндігінің көбеюі. Шешімді бірге әзірлеген және келісімге өз бетімен қол жеткізген тараптар өз мүдделерін негізге алғанда үшінші тарап қабылдаған шешіммен салыстырғанда қол жеткізген келісімді орындау аса қолайлы.

Бүгінгі медиацияның әрі қарай дамуы аса маңызды мәселе. Сондықтан демократиялық және азаматтық қоғамда аса маңызды мәселенің түйінін тарқату үшін бірлесіп әрекет еткен тиімді болады.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp