«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙ БЕТІНЕН ІЗДЕП АҚЫН МОЛАСЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұларбек ДӘЛЕЙҰЛЫ,
ҚР Ұлттық мұрағатының қызметкері,
Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері.

Ақында адамзаттан дос болмайды,
Тек қана сырын сөйлер қаламына.
Мағжан.

Маңдайына ақыры солай тағдыр жазды Алла,
“Мағжан өлді”, – дейді жұрт,
Одан ауыр сөз бар ма?
Қаймана жұрт қамы еді құрсау салған басына,
Сенен қатал, беу, ғұмыр, күткен сыйым осы ма?

Алдыменен егілдің,
“Алашым!” деп егілсең,
Алаш үшін жегілдің,
Шын қайғыға жегілсең!
Кірпік қақпай күзеткен даласынан осынау,
Тоқымдай көр бұйырмай кеткен ақын едің сен!

Аққан су мен соққан жел,
Атқан таң мен батқан күн,
Ізі жатыр жүректе сенен қалған ақпанның.
Аңтарылған далаға, қаңтарылған тауларға,
Елесің деп қараймын күздің жасы тамғанда.
Қанша әлсіз үмітке қол жалғадың, жол аштың,
Қай маңда ағып кеттің сен,
Қарашығы Алаштың?
Маза бермес үнемі жанымда ауыр сұрақ тұр:
Менің қарашығымды қолы барып кім атты?..
Кім бекітті тағы да күреңселі бұлақты?..

Аңғал-саңғал даламның арқар мінез ұлы еді ол,
Аңғал-саңғал далада арман теріп жүр еді ол.
Жүрегіне қазақтың жара салып кеткендей,
Қандай жұмбақ мекенге барып табан тіреді ол?

Құлан болып жұлқындың,
Тұран болып сілкіндің,
Ұлы Дала іргесін бекітпек боп құлшындың.
“Ер Түріктің бесігі, Екі дүние есігі”,
Орхонсуда ой буып қалған шерлі жұртыңның
Ер рухы жетелеп еңсе тіктеп жаздың жыр,
Айдан да алыс арманға саусағыңды создың бір.
Алағай да бұлағай ғұмыр кештің тым ауыр,
Бүгін сен боп жырлайды, шер мүжіген құба қыр.
Текті жырдың алдында телегей һәм көк алмас,
Сол тәкаппар тарих, сені көміп қала алмас.

Өтті солай тарланым, заман қалды дүбірлеп,
(Жұртым аман, ел тыныш, жайым да жоқ түңілмек…)
…Айдың бозғыл бетінен іздеп жүрмін моласын,
Ғұннан туған ақынның күндей жырын күбірлеп…

 

Астана қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp