«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҒЖАНҒА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үстіміздегі жылғы 30 мамырда Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында облыс әкімі Самат Ескендіровтің қолдауымен “Мағжан көктемі” ІІ республикалық өнер фестивалі болып өткені мәлім. Аталмыш шара аясындағы Мағжанға арналған жазба ақындар мүшәйрасында оқылған үздік бес өлеңді оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

Елена ӘБДІХАЛЫҚОВА.

“Сұм өмір абақты ғой саналыға!”
Мағжан ЖҰМАБАЕВ.

Жеті қат көктен бұйырып, ұмсынып келіп,
Қадалған шақта жер құшып бір шыбық болып,
Санамды Күнмен суарып, жанымды Нұрмен
Тіршілік атты кеттім мен құлшылыққа еніп.

Құлшылық екен шынында тіршілік деген,
Құлдыққа көнбей жазған бас, қырсығып көрем,
Қуады мені етім жеп, бетімді тырнап,
Құтырған иттей қу заман бір шыбықпенен.

Мінезі қатты заманның, мінбері күшті-ақ,
Жапырақ түгіл, желінен діңгегім ұшпақ,
Тілімді ұқпас тексіздер жиналып алып,
Төр емес, маған тұрады түрмені нұсқап.

Миғұла пайым, маңайым мыңғырған жаушы,
Көзімнен ұшты көкке ұлып кіл құрбан Жаршы!
Қарасам болды түрменің терезесінен
Қазақы жырдың жетеді шыңғырған даусы.

Елітіп сол үн, ертіп соңына мені,
Тартады сонда түрменің қоңыр әлемі,
Енем де кетем түрмеге өзімнен-өзім,
Бағыма көріп, жазса да сорыма нені?!

Көремін бәрін сәтімде аралап барған,
Қазақтың арман-мұратын қара бақ болған!
Күркіреп шыққан дауысты Махамбет болып,
Қараойда жатқан бір бастан домалап қалған!

Түрменің іші сананы салқыны жарған,
Бір дәуір көшіп барады артылып алдан,
Сол көштен көрем Абайдың налыған жүзін
Надандар соққан сойылдан тамтығы қалған.

Атырау-Алтай – кең өлкем, құндағым деген,
Арыстан жалды алаштың Ұлдарын көрем!
Ілияс, Сәкен, Мағжанның жыры боп жылап,
Жалындай Жүрек оққа ұшып тұрғанын көрем!

Көремін тағы! Естимін!
Азаптыкүні
Қасым боп қарап қасқайып қазақтың ұлы!
Мұқағалиша мұңданып түрменің іші,
Жұбан боп көкке шырқалған азаттық үні!

Жарасып үнмен түрмеде табыспақ болам,
Жетеді сонда сан дауыс жарықшақтаған!
Таңданам сосын қазаққа
Сананың бәрін
Ғасырлар бойы түрмеге салып сақтаған?!

Тамырда сол сәт бүлкілдеп сорғалап бір ән,
Терезесінен түрменің мен қарап тұрам,
Көзімді арбап жалтылдап жезөкше жалған
“Шаршама босқа, шық, дейді, сен де абақтыдан!”

Бүлінген ауыл, былдыр тіл, ағасы надан,
Жалғанды көріп жыршыдан ара сұраған!
Жалт беріп қашып оралам түрмеге қайта,
Жандардан безіп жұртына жаны ашымаған.

Дүниеге мынау дуы көп, өнегесі кем,
Кеберсіп қалған көңілдің кенезесінен
Мені де біреу естір деп саламын айғай
Тіршілік атты түрменің терезесінен!
 

 

Астана қаласы.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp