Аманжол ЗАҒЫПАР.
Сананы түрмеге түнеткен заманда,
Күрсінді Жер Ана азалы Ғаламға
Қорқыттай күңіреніп, Асандай аңырап,
Боз дала жаншылды ұлыған боранға.
Жұлдыздар сіңгендей
аспанның бұлтына,
Балтаны сілтеді Алаштың рухына.
Көкжалдар апанын өшігіп күйретіп,
Сыйғызбай жіберді жұмыр жер сыртына.
Қанжарды бойлатты Қазақи тамырға,
Қақырап қалғандай қатпарлы қабырға.
Үкімді шығарып сотталған Өлеңге,
Салмақты салыпты сақталған сабырға.
Ақ қайың жұпарлы бүршігін жарғанда,
От қойып жіберді содырлар орманға.
Жігерін құм қылар,
күл қылар құрсаумен,
Шідерін шынжырлы кісенмен салғанда…
Тектілік табытқа текпімен тығылды,
Мазасыз жел шайқап Көк түрік ғұмырды.
Шығысты тұмшалап тұман ғып алды да,
Баянсыз бақыт та батысқа бұрылды.
Тас талқан етуге ұлтжанды танымды,
Лайықсыз айыптар Ақынға тағылды.
Есіріп, өшіріп тастауға ұмтылды,
От болып лаулаған қазақи жалынды.
Сүреңсіз, сұрықсыз күндер де құбылды,
Өртеді жусанның исі бар жырыңды.
Жыртығын жел сөгіп жүдетіп жұртыңды,
Тұңғиық батырды қайыңдай ғұмырды.
Орманды ойларың түнекке түнеді,
Түрменің ішінде жыр қыран түледі.
(Күздегі аққайың, жапырақ сап сары)
Өлең деп соғатын жүрегің
сарғайып жүдеді.
Үнсіздік ішінде булыққан ұраны,
Ғайыптан жаралған шабыттың пырағы.
Батыраш балталы қоғамның кесірі,
Тасадан оқ атар тексіздің тұрағы.
Жүйрік жыр жылдармен
жарысып ақталды,
Өшпейтін өлеңдер санада сақталды.
Азат күн шығыстан нұрланып шыққанда
Тас қоғам күйреді, табанға тапталды.
Сен жүрген ізіңді Жер Ана сақтады,
Қабірің жоқ бірақ, ұрпағың таппады.
Жүректі жалынмен жуады тазартып,
Жырыңның лаулаған рухты оттары.
Ақынның сынғанмен ажалдан қаламы,
Жыр аққу толқынды айдынын табады.
Көк тудай көгімде Рухың желбіреп,
Биіктік көрсетті бұлттан да жоғары.
Қияға баптайды томаға қыранды,
Тұғырға балап ең Алтай мен Тұранды.
Жаныңыз жаннатта иманды
болсын деп,
Өлеңмен оқыдым өміршең дұғамды.
Әумин!
Солтүстік Қазақстан облысы.