Қазақстан полициясы күні облыс әкімі Самат Ескендіров солтүстікқазақстандық тәртіп сақшыларын кәсіби мерекелерімен құттықтап, су жаңа 21 қызметтік автокөлік пен 34 скутердің кілттерін табыс етті.
Назерке ТҰРСЫНОВА,
журналист.
Облыс орталығындағы “Динамо” стадионына тәртіп сақшылары бұл күні тыныштықты қамтамасыз ету үшін емес, полицейлердің төл мейрамын атап өтуге жиылыпты. Жиынды ашқан облыс әкімі қиын да қажырлы қызметті таңдаған тәртіп сақшыларын кәсіби мерекемен құттықтап, игі тілек білдірді.
Сондай-ақ өңір басшысы полицейлер үшін ең бастысы – халықтың сенімі екенін айтып, тәртіп сақшыларының жұмысын жеңілдетіп, жәрдемін тигізетін көліктер мен скутерлердің кілттерін табыс етті.
Мерекелік шара барысында ішкі істер саласында үздік қызмет атқарып келе жатқан қызметкерлерге түрлі марапаттар жасалып, арнайы төсбелгілер тағылды. Онымен қоса, өңір полицейлерінің біршамасының шені жоғарылады. Олардың арасында қызметін мүлтіксіз орындап жүрген нәзік жандар да бар. Салтанатты шарада Самал Хасенова өңір басшысының қолынан Алғыс хат алды. “Осы салада 20 жылға жуық қызмет атқарып жүрмін, қызметіме әрдайым адалмын”, – дейді ол.
Ал облыстың бас полицейі өңір жетекшісі Самат Ескендіровтің омырауына “Қазақстан полициясына – 20 жыл” төсбелгісін тақты.
Жиында сондай-ақ өмірін полиция саласымен байланыстырып, қаншама қылмыстың бетін ашқан қадірменді ардагерлер де болды. Солардың бірі – Сұраған Көпеев. Ол осы қызметке 32 жылын арнапты. “Құжат бойынша зейнетке шықсам да, қызметімнен қол үзген емеспін”, – деген ол – қазір СҚО ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Салтанатты парад пен полицейлердің саптық жүрісі мерекеге сән бере түсті. Бұдан соң “Динамо” стадионында ашылған шағын футбол, волейбол және баскетбол алаңдары мен жүгіру жолы, хоккей қорабы, кедергілер жолы, спорттық тренажерлер назарға ұсынылды. Іс-шара облыстық ІІД өнер ұжымы дайындаған концерттік бағдарламамен аяқталды.