«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІР ҰЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Талап ҚУАНЫШ.

Сөйле, дала!
Сен тарихсың, парағы жыртылмаған,
Күйің тынбай, самалың жыр тыңдаған.
Сырласып мен көрейін шындық барда,
Сайқал тағдыр бермесе,
сыртын маған.

Сөйле, дала!
Боздақтардың боздаған жүрегісің,
Соққан еді далам деп жүрегі шын.
Тартып алған тағдыры тарландардың,
Ұлылығын, ұлттығын, тіле күшін.

Сөйле, дала!
Бұрын кескен, кеспейді тіліңді ешкім,
Сүріндірсе, сүргіндік сүрінбес кім…
Кешіп кеткен кесірін кесел күннің,
Тектілердің келмейді күнін кешкім.

Сөйле, дала!
Ақиқаттан айыққан ұлыңды айтып,
Оралғасын ұлтыңа ұғым қайтып.
Сардаласын сағынып құлдыраған,
Арысыңның рухын құлындай күт!..

Сөйле, дала!
Тал бесіктің киесі артып тұрар,
Топыраққа ұланы тартып туар.
Сұлу мекен, сұлу ұл, сұлу тарих,
Қуат берер ұрпаққа бар құт, құнар.

Сөйле, дала!
Келтіргенсің төсіңде бір ұлыңды,
Жарау аттай ұлтына жыры құнды.
Сөйле, сөйле! Сөзі боп айтылмаған,
Саз пернесі секілді тірі күнгі…

Сөйле, дала!
Айтылмаған сырың бар күйік тұнған,
Айрылғансың қапыда сүйікті ұлдан.
Көзі менен халқыңның сөзі болған,
Бір ұл өткен даласын сүйіп туған.

Сөйле, дала!
Киелісің, қойнауың қазыналы,
Ұлт тірегі ұландар бағы, нәрі.
Сол ұлыңның жырымен аққу ұшып,
Қаңқылдайды көліңде қазың әлі.
Сөйле, дала!
Сақтағансың тұншығып төзім демін,
Көргенменен жоқ бірақ көзіңде мін.
Сол ұлыңның сазымен жеткізеді,
Бой түзеген махаббат сезімдерін.

Сөйле, дала!
Тұғырысың, өрлеген – қыран балаң,
Қыран балаң түркі деп, Тұрандаған.
Осы ұлдың “Баяны” – ұлт жүрегі,
Ұлт жүрегі – “Алашың” ұрандаған.

Сөйле, дала!
Сезсін ұрпақ басынан өткізгенді,
Сен жасырма, құрбандық көп тізбеңді.
Текті ұлың қобызбен алаш зарын,
“Қойлыбайша”, “Қорқытша” жеткізген-ді.

Сөйле, дала!
Имансыздан қасірет сыйғаны көп,
Имандыға Алланың құйғаны дөп.
“Түркістанның” киесі сол балаңа,
Бойтұмардай күш берген иманы боп.

Сөйле, дала!
Ұлың үшін ұлт жаны құрбан болған,
Жүрегіне киесі жырдан қонған.
Тыңда, қазақ! Деп сөйле, ол аңсаған,
Ұлттығыңды құлатпа, тұрған қорған!

Сөйле, дала!
Айналсын деп діл, дінің тас қамалға,
Қамалы бар дұшпаннан жасқанар ма…
“Сеніп кеткен хас ұлың жастарына”,
Мен де сенім артамын басқаларға!?.

Жанарынан кетпеген халқы бір-ақ,
Арманының жол тапты арты бірақ.
Оның туған мекенін жақсы көрем,
Өзімдікін дәл сендей артығырақ…

P.S. Құсалатқан, күрсінткен таңға мені,
Мынау ғұмыр, тас бауыр, жалған еді.
Мен жалғаған сенімін, армандарын,
Бір ұлың ол – біртуар Мағжан еді!

Батыс Қазақстан
облысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp