Ерболат БАЯТ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Сарыарқа, саумал жаз, сағынтқан
ән қайда?
Алаңсыз күндерім, қалдың ба шалғайда?
Өмірдің өлшеулі уызын талмаймын,
Тағдырдың тәтті уын тамызып таңдайға.
Жетер ме Құдайға азабым, бар қайғым,
Қойлыбай қобыздай зар илеп сарнаймын.
Тар қапас дүние сәулеңе зарықтым,
Оқылған дұғамды өзіме арнаймын.
Абақты өмірім алынбас тас қамал,
Ай болды алмадым өзіңнен еш хабар.
Жалынам Аллаға, жазамын мұңды жыр,
Қолымнан келетін шара жоқ, басқа амал.
Келіп ем тағдырға ноқтасыз бас ұрмай,
Әр күнім, әр түнім созылған ғасырдай.
Мөлт еткен дүние тамып бір кетеді-ау,
Кірпіктен үзілген ақ моншақ жасыңдай.
Ұйқысыз өткерген уайым таңдарым,
Жүрегім сезеді заманның салмағын.
Ақынның ғұмыры – найзағай оттары,
Түбінде бақытты боларсың, жан жарым!
Тал түсім ауыпты, еңкейген күн бесін,
Маңдайға жазған бұл тағдырдың түрмесін.
Ертеңнің еншісі білемін біздікі,
Болашақ мәңгілік менімен біргесің!
Сұм заман суық жел ұрады бетімнен,
Сынық Ай секілді көңілім кетілген.
Періштем түнімен сыбырлап
жыр айтты,
Құдайдың сөзіндей уахи етілген.
Ұлы едім ұлысты тұғырлы Тұранның,
Бер маған өмірін, өлімін қыранның.
Өлгенше жүрегім Алла деп соғады,
Жазылған құсыни сөзі бар Құранның!
Қып-қызыл дүние шарпылған шартарап,
Соңымнан қалмады көлеңке – зәнталақ.
Арыстан жүрегім дамылда, тыныс тап,
Алаштың азабын кетейін арқалап.
Бұл қоғам түкірген Құрани ілімге,
Шалқыған иманым, пейіште күлімде.
Сағыныш сыздатқан Сарыарқа төсінен,
Жұпар жыр аңқиды анамның тілінде.
Намысым шоқ болып тереңнен маздасын,
Қор болып кетсе де ел үшін әз басым.
Мағжанның жырымен жұбатып, сүртіңдер,
Қан жоса ағызған қазақтың көз жасын…
Ақмола облысы.