Үстіміздегі жылдың суға түсу маусымы басталғалы бері республика бойынша су айдындарында балық аулау мен шомылу кезінде жеке бас қауіпсіздігіне мән бермей, судың құрбаны болғандардың қатары күн санап өсуде. Тек соңғы демалыс күндері республика бойынша 10 адам су түбіне кетсе, олардың 3-еуі – солтүстікқазақстандықтар.
Өткен сенбі күні Жамбыл ауданының Қайранкөл ауылының 44 жастағы тұрғыны суға шомыламын деп көз жұмды. Ал сол күні кешке Сергеевка су қоймасынан 3 шақырым жердегі Есілдің түбінен Шал ақын ауданының 1968 жылғы тұрғынының мүрдесін жергілікті құтқарушылар жағаға шығарды. Демалыстың екінші күні де қайғылы оқиға тіркелді. Тайынша ауданының Горькое елді мекенінің 19 жастағы тұрғыны қа заншұңқырға шомыламын деп суға батты.
Биыл суға түсу маусымы басталғаннан бері облыстың су қоймаларында қайғылы қазаға ұшырағандар саны 16 адамға жетті. Суға батып кеткендердің басым бөлігі – жеке бас қауіпсіздігін сақтамағандар.
Жергілікті құтқарушылар бір жексенбінің өзінде 1981-1991 жылдары туған 11 демалушыны өлім аузынан аман алып қалды.
Облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз қызметі.