«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛ ЖОЛДАРЫН ЖӨНДЕУГЕ депутаттар да атсалыспақшы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұрнағы күні бесінші шақырылған облыстық мәслихаттың XVI сессиясы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, Петропавл қаласының әкімі, барлық деңгейдегі мәслихаттардың хатшылары, облыстық департаменттер мен басқармалардың, құқық қорғау органдарының басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Зиядден Молдағанапов халық қалаулыларының алдында 2013 жылға арналған облыстық бюджетті нақтылау туралы баяндады. Оның айтуынша, өңірімізге республикалық бюджеттен қосымша 3 миллиард 668 миллион теңге мақсатты трансферттер мен кредиттер бөлінген. Оның 49 миллион 426 мың теңгесі “Балапан” бағдарламасы аясында Ғабит Мүсірепов атындағы аудан мен Петропавл қаласындағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік тапсырыс бойынша 531 орын ашуға бағытталмақ. Ал “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы бойынша бөлінген 1 миллиард 368 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржы облыс орталығы үшін көкейкесті мәселелер – “Южный” қысым коллекторын, Караван көшесіндегі жол өтпесін қайта қалпына келтіруге, кәріздерді тазалау ғимаратының техникалық сызбасын жаңғыртудың 4 кезеңін аяқтауға жұмсалмақ. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында өңірлік үйлестіру кеңесі 431 миллион теңгенің 7 жобасын мақұлдады. Осының арқасында Петропавл қаласындағы Кирпичный кентін электрмен қамтамасыз етіп, электр желілеріне қосу жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ “Береке” ықшамауданына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тарту жұмысын қолға алу көзделген. Аталмыш бағдарлама аясында алынған кредиттің пайыздық ставкасын субсидиялауға 124 миллион теңге бөлінбек.

Бизнесті енгізуде сервистік көмек көрсетуге және жекеменшік кәсіпкерлікті қолдауға 52 миллион теңге қарастырылған. Асылтұқымды мал шаруашылығын қолдауға, гербицидке қолжетімділікті көтеруге, ветеринарлық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға қыруар қаржы бөлінбек. Зиядден Молдағанаповтың айтуынша, үстіміздегі жылы облыстық бюджетті орындауда 616,8 миллион теңге үнемделген. Бұл қаржы бірінші кезектегі шығыстарға бағытталмақ. Мәселен, 100 миллион теңгені болашақта облыс орталығында мұз айдыны бар спорт кешенін салуға қажетті жер үшін ысырып тастайтын тұрғын үйлерді сатып алуға жұмсау ұйғарылып отыр. Аталмыш құжат республикалық деңгейде қаралып жатқандықтан, депутаттар оны қабылдауды келесі сессия отырысына қалдырды.

Сессияда облыс әкімі аппаратының басшысы Владимир Дудов өңірдің басқару сызбасындағы өзгерістермен таныстырды. Мәселен, Мәдениет пен Мұрағаттар және құжаттамалар басқармалары біріктірілсе, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп, Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармаларынан кейбір құзыреттіліктер алынып, осының негізінде Кәсіпкерлік және туризм басқармасы құрылды. Дін істері жөніндегі, Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі департаменттер облыстық атқарушы органға айналса, жаңадан Индустриялық-инновациялық даму басқармасы құрылды.  

Ал өңіріміздің 2012 жылғы бюджетінің орындалуы жөнінде хабарлама жасаған облыстық Қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжанов өткен жылы облыстық бюджеттің көлемі 93 миллиард 425 миллион теңгені құрағандығын, кіріс бөлігі толығымен атқарылғандығын жеткізді. Ал Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы Дулат Едрисов мемлекеттік органдар тарапынан игерілмеген бюджеттік қаржының көлемі көбейіп кеткендігін айтты.

Сессия барысында облыстық мәслихаттың депутаттары Қуандық Бишімов, Сергей Тимофеев және Айман Асанова өздері атқарып жатқан жұмыстары жайлы хабарлама жасады.

Сессия соңында сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның “Раисовское” ЖШС-нің директоры Владимир Коваленко бір топ халық қалаулыларының атынан барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттарына, ауыл шаруашылығы құрылымдарының, кәсіпорындар мен коммерциялық ұйымдардың басшыларына жол жөндеу мәселесіне қатысты Үндеу арнады. Үстіміздегі жылы облыс әкімі Самат Ескендіровтің бастамасымен өңір жолдарын жөндеуге 5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінгені белгілі. Бұрындары жол жөндеуге мұнша қаржы бөлінген емес. Аталмыш қаржы негізгі жолдарды қайта қалпына келтіруге және күрделі жөндеуге бағытталмақ. Ал ауылдар арасындағы жолдарға қаржының әлі де жетіспейтіндігі белгілі жағдай екенін жеткізген Владимир Коваленко бастаған депутаттар аталмыш мәселені шешуге көп болып атсалысуға шақырды. Халық қалаулылары Үндеуді бірауыздан қолдады. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp