«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚТАЛҒАН СЕНІМ және АЙБЫНДЫ МІНДЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

ақын, Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі.

Елбасымыз былтырғы Тәуелсіздік күнінің қарсаңында жариялаған Жолдауында: “Ел 20 жыл бойы егемендігіміз бен саяси салмағымызды нығайтуға жұмыс істеді. 20 жыл өткен соң бұл мақсатқа қол жетті. Қалыптасу кезеңі табысты аяқталды”, – деп түйіндеді.  

Мемлекетті дамытудың бұл бағдарламасының “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” деп аталуының себебін осыдан-ақ аңғаруға болады.

Біз, қазақстандықтар, мемлекетіміз егемендік алып, тәуелсіздікке қолымыз жеткен күннен бері мұндағы өзгерістерді көз алдымыздан өткердік, олардың өмірімізден орын алуына қадерихалімізше үлесімізді қостық, қосып та келеміз. Қиындықтарды да өткердік. Бірақ олардың бәрі де артта қалып, біздің еліміздің өміріндегі тарихи ақиқат болып, Қазақстан шежіресіне жазылды. Ол қиындықтардың шеңгелі елімізді бұғаулап тұра алмады, өтпелі кезеңде кез келген мемлекеттің соқпай кетпейтіні сияқты, артта қалды.  

Олардың өзі аяқты қанша тұсағанымен, алға ілгерілеуімізге жол аша түсті. Өйткені, уақытша тұрлаусыздықтың түйінін кемел ойымен, кемеңгерлігімен тарқата білетін талантын танытқан Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2030” Стратегиясын осы қиындықтардың құрсауын бұзатын күш деп бағалап, оған сенім артты. Бұл сенім ақталды.

Осы орайда аталған Стратегия қабылданған 1997 жыл бүгін көз алдыма келеді. Президентіміз Парламент палаталарының бірлескен отырысында аталған Стратегияны жариялаған кезде кейбір депутаттардың күңкілін естідік. Тіпті, бір депутат: “Мен қазір алпыс бес жастамын. Бұл бағдарлама жүзеге асырылатын 2030 жылы, аман болсам, тоқсан сегізге келеді екенмін. Ол ризықтан мен не пайда көрмекпін?!” деп сәуегейсігенін теледидар арқылы естідім. Расында да, күмәншілдер болды. Өйткені, “Қазақстан – 2030” Стратегиясы тым асқақ көрінді. Сенбеушілердің секеміне түрткі салған жоспарлар орындалмайтындай күмән туды. Алайда, Елбасының көрегендігін уақыт дәлелдеді.

“Бүгін дұрыс таңдау жасағанымыз туралы айту мен үшін үлкен абырой. 2008-2009 жылдардағы жаһандық дағдарыс осыны айғақтады.

Қазақстан оған төтеп берді. Дағдарыс жетістіктерімізді шетінете алған жоқ, бізді қуатты ете түсті.

Біз таңдаған ел дамуының саяси, әлеуметтік-экономикалық және сыртқы саяси үлгісі өз тиімділігін дәлелдеді”, – деді Елбасы “Қазақстан – 2030” Стратегиясын қорытындылай келіп.

Анығында да, 1997 жылдан бүгінге дейін сол Стратегияның негізгі міндеттері орындалғанына көзіміз жетті. Он бес жылдың ішінде бағдарламада алға қойылған міндеттер: ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға, ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімге, нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсуге, шетелдік инвестицияларды тартуға, адамдардың өмір сүру жағдайын жақсартуға қол жеткізілді.

Қазіргі Қазақстан Республикасы – қалыптасқан мемлекет. Ал “Қазақстан – 2030” Стратегиясы елімізді осыған жеткізу үшін қызмет етуге тиіс екенін Тұңғыш Президентіміз 1997 жылы-ақ осы зор маңыздағы бағдарламаны қабылдау үстінде айтқан болатын. Бағдарлама негізгі параметрлері бойынша он бес жылдың ішінде орындалды. “Қазақстан – 2030” Стратегиясы біздің мемлекеттілігіміздің қалыптасу кезеңі үшін жасалған болатын. Өзінің базалық өлшемі бойынша ол орындалды”, – деді Елбасы жаңа “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жариялау үстінде.

Мемлекетімізді дамытудың жаңа бағытын көздейтін “Қазақстан – 2050” Стратегиясы 37 жыл уақытты қамтиды. Оны нақты бір өлшем деп қарамау керек сияқты. Өйткені, мұның алдындағыдай, бірлігі мен ынтымағы жарасқан, еңбекке ұмтылысы мықты халқымыз жаңа Стратегияның негізгі параметрлерін көрсетілген мерзімнен бұрын жүзеге асыруы ғажап емес.

Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты болып табылатын жаңа бағдарламаның басты мақсаты – 2050 жылға қарай Қазақстанның әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарынан орын алуына жету. Бұл – оңай міндет емес. Қатал бәсекелестік жағдайында жаһандық экономикалық тайталасқа түскен өзге елдер ешбір мемлекетке бәсекесіз орын бермейді. Бұл мақсатты орындаудың жолдары Стратегияда нақты көрсетілген. Атап айтқанда, олар – мемлекеттілікті одан әрі дамыту және нығайту; экономикалық саясаттың жаңа қағидаттарына көшу; ұлттық экономиканың жетекші күші – кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсету; жаңа әлеуметтік үлгіні қалыптастыру; білім мен денсаулық сақтаудың қазіргі заманғы және тиімді жүйесін құру; мемлекеттік аппараттың жауапкершілігін, тиімділігі мен функционалдығын арттыру; халықаралық және қорғаныс саясатының сын-қатерлеріне пара-пар саясат құру.

Бұл ыңғайда 2050 жыл тегін көзделіп отырмағаны белгілі. Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап, әлемдік қауымдастықтың бірқатар негізгі буындары болашақтағы жоспарларын осы кезеңге бағдарлап отырғаны белгілі. Демек, ол Қазақстан үшін де айрықша маңызды белес болмақ.

Елбасымыз Стратегияның жоғарыда аталған ең негізгі мақсаттарының әрқайсысына өз алдына жеке тоқталып, оларды жүзеге асырудың нақты жолдарын анық нұсқайды. Әдеттегідей, ең алдымен экономикаға назар аударылады.

Осы орайда “Қазақстан – 2050” Стратегиясы мемлекетті дамытудың ғылыми негізделген бағдарламасы екені анық. Мұны біздің 2050 жылға дейінгі дамуымыздың басты құжатына айналған осы Стратегиямен танысқан әлемдегі әйгілі саясаткерлер, экономистер, қоғамтанушылар атап көрсетіп отырғанын бұқаралық ақпарат құралдарынан білеміз.

Олар, ең алдымен, Стратегиядағы бағыттардың әрбірінде қойылған талаптардың заманауилығын, оларды орындау жолдарының дәйекті де нақты нұсқалғандығын атап көрсетеді. Бір сөзбен түйіндегенде, бұл Стратегиядағы мақсаттар мен міндеттер барша қазақстандықтардың тұрмысын қамтитынын бөле-жара айтады.

Жаңа Стратегияда болашаққа мықты серпіліс анық сезіледі. Сыртқы қауіп-қатерлер елеусіз қалмай, ашық айтылады. Ішкі тұрақтылықта тіл, әсіресе, қазақ тілінің келешегі, дін, патриотизм, этностар мен конфессиялардың рухани келісімі мықты мемлекеттің негізі екені санаға сіңіріледі. Сонымен бірге әлі күнге қалмай келе жатқан рулық жікшілдіктің қаупі ескертіледі.

Жиырма бірінші ғасырдың жаһандық он сын-қатері бұрын ойымызға келмеген әлемдік ақиқаттарға көз салдырады.

“Қазақстан – 2050” Стратегиясы қуатты, әлеуеті зор мемлекетті дамытудың бағдарламасы болып табылады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp