«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БУКМЕКЕРЛІК КЕҢСЕ “ТОНАЛДЫ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс полицейлері жалған ақпарат берді деген күдікпен Петропавл қаласының тұрғынын ұстады. 

Петропавл қаласындағы “Профит” букмекерлік кеңсесінің оператор-кассирі полицейлерге таң сәріде кеңсеге бетперде киген екі азаматтың басып кіріп, қоқан-лоқы көрсетіп, кассадағы 2 миллион теңгені алып кеткендігін хабарлаған.

Дабыл бойынша көтерілген ІІД-нің басшылығы мен қалалық ІІБ-нің өкілдері оқиға орнына жетті. Осы қылмысты ашу үшін құрылған жедел- іздестіру тобының мүшелері оқиға орнын зерттеп, автобус жүргізушілеріне, кездейсоқ куәгерлерге сұрау салған. Сондай-ақ кеңсенің оператор-кассирі мен күзетшісінен алынған ақпарат қайта тексерілді. Іздестіру шаралары барысында полицейлерде екеуінің ақпары жалған деген күдік туды.

Оқиға орнына жеткен аталмыш кеңсенің әкімшісі полицейлерге қолынан келгенше көмек көрсетті. Монитор арқылы түні бойы ставкаға қойылған ақша мен кеңсенің кірісін санаған әкімші кассада дәл мұндай үлкен соманың болуы мүмкін еместігін жеткізген. Ақыры 25 жастағы кассир қыз полицейлерге жалған тонаушылық жайында қоңырау шалғандығын мойындаған.

ІІБ-нің аға тергеушісі, полиция майоры Самат Шарышевтің айтуына қарағанда, күдікті түнде ойнауға келген танысының қалтасында көк тиынның болмағанына қарамастан, қарызға ставкалар қоюға рұқсат еткен. Келесі ставкаларда ұтып, қарыз ақшасын қайтарар деген үмітпен басқа да ставкаларын қабылдауға мәжбүр болғандығын айтып ақталған. Ақыры жолы болмаған танысы оны біраз шығынға ұшыратып, өз жөнімен кеткеннен кейін кассир қыз тығырықтан шығудың жолын іздейді. Өзінің материалдық қиындық көріп отырғандығын алға тартып, күзетшіні кеңсеге жалған тонау фактісін жасауға жәрдемдесуге көндірген. Қазіргі уақытта күдіктінің берген ақпарының ақиқаттылығы тексерілуде.

Кассада болған 165 мың теңгені көрші үйдің ауласында тығып қойған. Кейін тергеу шаралары барысында бұл ақша айтылған жерден табылды. Облыстық ІІД басшысы Мұрат Ұрұмханов полицейлердің жұмысына көрсеткен көмегі үшін аталмыш мекеме әкімшісіне Алғыс хат табыстады.

Құқық қорғау органдары ҚР ҚК-нің 182- бабында көрсетілген “Алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік залал келтіру” бойынша қылмыстық іс қозғап, күдіктіге ешқайда кетпеу туралы қолхат берілді. Ал қазіргі уақытта жергілікті полицейлер күдіктіні жалған ақпарат беру фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін қарастыруда.

Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp