«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БӘСЕКЕЛЕСТІКТЕ ШЫҢДАЛУ – ІСКЕРЛІК БЕЛГІСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі нарықтық экономика үдерісінде тауар өндіруші немесе қызмет көрсетуші кәсіпкерлер тұтынушылар ортасын қалыптастыру арқылы бизнестің жолындағы қиындықтарды еңсере отырып, табысқа қол жеткізеді. Іскерліктің тізгінін нық ұстаған адамнан бизнесті ұтымды жүргізудің құпиясын сұрай қалсаңыз, олардың жауаптарынан бірнеше ортақ белгілерді көруге болады. Солардың бірі – кәсіпкерлікті жарнамалай білу тәсілі. Оған мен мына бір жайдан кейін тіпті көз жеткіздім. “Хомка” белгісімен шығарылатын тауарларды осыған дейін дүкеннің сөрелерінде көрсем де, өнімдерінің дәмін татуға теледидардан көз шалған жарнамасынан кейін қызықтым. Жарнама назар аударарлықтай жасалыпты. Осыдан кейін өндіріс басына барып, кәсіпорынның жұмыс барысымен танысуды жөн көрдім.

 

 

Кондитерлік өнімдер шығаратын “Иващенко Е. А.” жеке кәсіпкерлігінің іргесі 2003 жылы қаланыпты. Өзінің шағын бизнесін шекілдеуік өнімін өндіруден бастаған Елена Иващенко бүгінде өз кәсіпкерлігін іргелі өндіріс орнына айналдыра бастаған. Үш-төрт жылдың ішінде бизнесінің сара жолын айқындап алған кәсіпкер 2007 жылы бұрынғы бір фабриканың ескі ғимараттарын сатып алып, онда күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізеді де, заманауи құрал-жабдықтармен жарақтанған үш өндіріс цехын ашады. Бүгінде онда шекілдеуіктің, кепкен кішкене тоқаштардың түр-түрі өндіріледі. Өнімділік сапа көрсеткішімен ғана нәтижелі болатынына сенімді кәсіпкер өз бизнесін қолға алған күннен бастап тұтынушылардың көңіліне жағатын өнімдерді шығаруды басты ұстаным еткен. Сондай-ақ жақсы басшы қол астындағылардың еңбегін бағалау мәселесін де жоғары қояды. Оның өндіріс алаңында еңбек етушілерге барлық жағдай жасалған. Бүгінде жекеменшік шаруашылықта 23 адам жұмыс істейді.

– Біздегі еңбеккерлер жайдан-жай жұмыстан кетпейді. Өйткені, өндірістегі еңбек адамына деген құрмет басшының жылы ілтипатынан басталады. Тамақ өндірісі оңай сала емес. Кез келген кәсіпкерлікте жайлы еңбек ортасын қалыптастырмайынша, өнімділік пен сапаны арттыру мүмкін емес. Бізде түскі тамақ кәсіпорын есебінен дайындалады, сондай-ақ станоктардың басықасында көз жазбай тұратын адамдар бір уақыт демалып, шай ішеді. Жұмыстан кейін барлығымыз жуынып-шайынып, үйге таза қайтамыз. Кез келген қызметкердің жеке өмірінде қиындықтар туындай қалса, оған қолдан келер көмекті аямайтын да біздің басшы. Әзірге кәсіпорындағы орташа еңбекақы – 51 мың теңге. Ал еңбекқорлығымен, жауапкершілігімен танылған жұмысшыларды ынталандыру шаралары ұдайы жүргізіліп тұрады, – дейді жеке кәсіпкерлік басшысының шаруашылық жөніндегі орынбасары Валерий Чубов.

Валерий Константинович Мәскеудегі халықаралық өнеркәсіп академиясын тамамдағаннан кейін аталмыш кәсіпорында 2007 жылдан бері еңбек етіп келеді. Кәсіпорынның даму үдерісін бес саусағындай біледі. Оның кешегісі мен бүгінгісін салыстырмалы баяндаған маман өз сөзінде бүгінгі таңда кәсіпкерлікте орын алған ауыртпалықтар туралы ойын да ортаға салды. Оның айтуынша, былтырғы жылдан бері шаруашылықта өнімділік төмендеген көрінеді. Оның себебін ол шетелдік кәсіпкерлердің бәсекелестік тудырып отырғандығымен түсіндіреді. Кеден одағы құрылғаннан кейін Ресей мен Беларусь елдерінің азық-түлік тауарлары қазақстандық нарыққа еркін шығарыла бастап, елімізде бәсекелестіктің деңгейі өскендігі рас. Ресейлік кәсіпкерлердің азық-түлік тауарларын өндірудегі мол тәжірибесін және онымен айналысатындардың көптігін ескерсек, ал Беларусь мемлекетінің қарқынды дами бастаған өнеркәсібін назарға алсақ, біздің тауар өндірушілердің үлкен ойға қалуының жөні бар. Сондықтан қазақстандықтар басқа елдердің тауар өндірушілерімен иық теңестіру үшін өнімдерін әлемдік нарық талаптарына сай етуді міндет ете бастады да. Сондықтан аталмыш жеке кәсіпкерлік басшысы да өндірістің ауқымын кеңейтуді жөн көріп отыр. Нарықтың қатал талабын сезінген Елена Иващенко өндіріс жанынан қосымша жер телімін сатып алып, алдағы жылы онда үлкен кәсіпорынның іргесін қаламақ. Мұның бәрі – жоспарлы әрекеттер. Бұл қадамды кәсіпкер өзінің қол созған биік мақсаттарына жетудің бір жолы деп біледі.

Кәсіпорындағы жұмыс істеп тұрған құрал-жабдықтардың барлығы Италия мен Швеция елдерінен алынған. Бұл – өнімділікпен қатар сапаны жоғарылатуға, сондай-ақ энергия үнемдеуге және еңбекті жеңілдетуге оңтайлы мүмкіндік беретін шара. Әрине, кәсіпкер үшін бұл құрал-жабдықтар арзанға түскен жоқ. Алайда, өңірлік қаржы институттарымен тығыз қарым-қатынас орнатып алған кәсіпкер олардың көмегімен өзінің діттеген ойларын жүзеге асыруға дағдыланып та алған. Сондай-ақ өңіріміздегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өзіндік үлес қосып отырған кәсіпорынға мемлекет “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша қолдау көрсетіп, демеуқаржы берген. Еліміздің бірқатар өңірлерінің нарық сұранысын қанағаттандырған солтүстікқазақстандық тауар өндірушілер бұрынғы тауар айналысын қалпына келтіріп, болашақта оны ұлғайтуды көздеп отыр.

Сонымен еңбеккерлерге жақсы жұмыс ортасы қалыптастырылған кәсіпорында кадрлардың тұрақсыздығы аңғарылмайды. Шаруашылық бірнеше жылдан бері Петропавл қаласындағы №5 кәсіби-техникалық колледжбен іскерлік байланыс орнатқан. Яғни, ондағы оқушылар осында тәжірибеден өтеді. Жылына он шақты оқушыны мұндағы қас мамандар еңбекке баулиды. Ал өздерін жақсы көрсеткен жастарға ертеңгі күні жұмыс орны да дайын.

– Аталмыш колледж оқушыларының теориялық білім деңгейлері жақсы болғанымен, тәжірибе жүзіндегі біліктіліктері төмен. Сондықтан біздің ұжым олардан жақсы маман қалыптастыру үшін үлкен еңбек сіңіріп отыр. Мен бұл білім ошағын бұрыннан білемін. Аталмыш оқыту орталығының материалдық базасы ойдағыдай емес. Онда оқушыларды тәжірибе жүзінде азық-түлік дайындауға үйрететін цех әлі күнге дейін жоқ. Сондықтан олар теориялық сабақты тәжірибемен ұштастыра алмайды. Соған орай осы оқу орнында өндірістік цех болса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Валерий Чубов.

Биылғы жылдың соңына дейін “Хомка” тауар белгісімен сауда жасағандар мол сыйлықтарға кенелмек. Бұл – өнімдерді тұтынушылардың қатарын кеңейтудің бір жолы. Акциядағы үлкен сыйлықтардың бірін петропавлдықтар ұтып үлгерген. Осылайша бүгінгі нарық талабына сай жұмыс істеуді көздеген кәсіпорынның болашағы зор екендігі сөзсіз.

– Біздің кішкентай ғана жетістігіміздің құпиясы – өнім сапасы. Осыған қатаң талап қойылады. Сондай-ақ өндірісте туындаған кез келген мәселені дер кезінде шешуге күш саламыз. Біз өз тұтынушыларымызды жоғары сапалы, құрамы табиғи кондитерлік тағамдармен қамтамасыз етуді өзімізге мақсат етіп қойдық. Әр тұтынушымыздың тауарға деген ризашылық көңілдері біз үшін үлкен қуаныш, – дейді өндіріс басшысы Елена Иващенко. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp