«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЖИҺАД” ҰҒЫМЫ “қасиетті соғысты” емес, “өз надандығыңмен күрес” дегенді білдіреді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қайрат Лама ШАРИФ,

ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы.

Ұлт көшбасшысы – Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Тарих толқынында” атты кітабында “Тарих бәрін сыйға тарта алады, бірақ ішкі еркіндіктің формасы ретіндегі тәуелсіздікті сыйға алуға болмайды. Тәуелсіздік – бұл тарих толқынында субъект болу құқығын түсінетін және осы үшін жауап беретін халық болмысының бірден-бір формасы” деген болатын.  

Тәуелсіздікті жалғастырудың басты ресурсы мемлекет пен оның көпұлтты және көпконфессиялы халқының біріге отырып, берік әрі бәсекеге қабілетті мемлекет құру және Мәңгілік Ел қалыптастыру жолындағы ұлы мақсатқа өзінің материалдық және рухани мүмкіндіктерін жұмылдыра білуінде екендігін жас Қазақстанның 20 жылдан асқан тарихы көрсетіп берді.

Дін саласындағы таңдап алынған мемлекеттік саясат үлгісі өзінің сындарлылығының және қоғамдық қолдауға ие болуының арқасында екі онжылдық бойы нық тұрып, әлемдік және қазақстандық сарапшылар қауымдастығы мойындағандай, радикалды жамағаттардың қылмыстық әрекеттерінің алдын алуда және оларды бейтараптандыруда шешуші рөл атқарды.  

Әрбір өркениеттің түп негізінде өз ұстанушыларының өмір сүру мәнерін айқындайтын қандай да бір дін тұратындығы баршаға аян. Бұл, негізінен, мұсылман адамның тұрмыс-тіршілігінің барлық қырларын реттейтін ислам дініне көбірек қатысты.

Осы мақалада “Ислам және жиһадизм” тақырыбына назарымызды аударудың себебі исламның қоғамды тұрақтандырушы фактор болып табылатын идеологиялық тәжірибесінің маңыздылығында болып отыр. Бұған қоса, мемлекетіміздің болашақ тұрақтылығын қарастыруда қазақстандықтардың басым көпшілігін құрайтын мұсылмандардың мүддесін ескермей жасақталған кез келген стратегия экстремистік көріністердің көбеюіне алып келуі мүмкін деп пайымдауға болады.

Ең алдымен, діни сауаты жоқ жастардың бүгінде Құрандағы “жиһад” терминін саясиландырып отырғандығын атап айту қажет.

Жиһадшылыққа жаңадан елігіп жүргендердің теориясына сәйкес, бүкіл әлем “ислам аумағы” (дәр әл-ислам) және “соғыс аумағы” (дәр әл-харб) болып бөлінген. Біріншісіне – мұсылмандар билігіндегі елдер, екіншісіне “дінсіз” билеушілер басқаратын елдер енеді. Терроршылардың сенімі бойынша “дәр әл-ислам” “дәр әл-харбпен” мәңгілік соғыс жағдайында болуы тиіс.

Сонымен қатар, радикалды көзқарастағы кейбір идеологтер “бейбіт келісімдегі аумақ” (дәр ас-сулх) деген санаттағы тағы бір аумақты бөліп көрсетеді. Бұл мұсылмандарға тиесілі емес және олар билік жүргізбейтін жерлер, бірақ оның билеушілері өздерін мұсылман мемлекеттерінің вассалы (боданы) санауға және сол үшін белгілі бір мөлшерде салық – “жиза” төлеуге міндетті.

Радикалдар, экстремистер мен террористердің түсінігінше, мұндай “жаһил” (надан) қоғаммен қиямет-қайымға дейін талмай күрес жүргізу керек. Осы үшін олар өздерінше түсіндірілген “жиһад” ұғымын қолданады.

Дегенмен, ислам дінінде “қасиетті соғыс” ұғымы жоқ екендігі белгілі. Ол – христиандық термин. Ал шариғат бойынша соғыс не әділ (қорғаныстық сипатта), не әділетсіз (жаулап алу сипатында) болуы мүмкін.

Мұсылмандық діни әдебиеттерде “жиһад” ұғымы “дін үшін күрес” деген түсінікке ие және ол мынадай формаларда жүргізіледі:

– “жүрек жиһады” немесе “нәпсіге қарсы жиһад” – адамның өз бойындағы кемшіліктермен күресі;

– “тіл жиһады” – “жақсылыққа шақыру және жамандықтан тыю”;

– “қол жиһады” – адамгершілік нормаларын бұзушыларға қатысты тиісті жаза қолдану.

“Жиһад” діни термині қасиетті Құранда төрт рет кездесетінін атап өтеміз:

1) “әт-Тәуба” сүресінің 24-аятында: “Оларға айт: “Егер әкелерің, балаларың, туыстарың, әйелдерің, ағайындарың, тапқан малдарың, тоқтап қалудан қорыққан саудаларың, жақсы көрген үйлерің сендерге Алладан, оның жіберген Пайғамбарынан әрі оның жолында соғысудан артық көрінсе, Алланың әмірі келгенге дейін күтіңдер. Алла бұзық қауымды тура жолға салмайды” делінген;

2) “әл-Фурқан” сүресінің 52-аятында: “Енді кәпірлерге бағынба және олармен Құран арқылы ұлы күрес жүргіз” деп айтылған;

3) “Қажылық” сүресінің 78-аятында: “Алла жолында шынайы түрде күресіңдер. Енді намазды толық орындаңдар, зекет беріңдер және Алладан мықтап ұстаңыздар. Ол – сендердің Иелерің” делінеді.

Бұл аяттарда жүрек жиһады туралы айтылып отырғаны айдан анық. Мұхаммед пайғамбарымыз жиһад туралы айтқанда “жиһадтардың ең ұлысы – адамның өз нәпсісіне қарсы жиһады” деген. Бұл нағыз иманды адам ең алдымен өз жан дүниесіне үңіліп, кемшіліктерін көре білуі керек, содан кейін өзінің барлық кемшіліктерін түзетуге ұмтылуы тиіс дегенді білдіреді.

“Тіл жиһадының” мағынасын қазақ халқының ұлы ойшылы Абай өзінің “Ғылым таппай мақтанба” атты тамаша туындысында баршаға түсінікті тілде жеткізе білген:

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз.

Тілеуің, өмірің алдыңда,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой –

Бес асыл іс, көнсеңіз.

4) “Мумтахина” сүресінің 1-аятында: “Әй, иман келтіргендер! Менің дұшпандарымды да, өз дұшпандарыңды да дос тұтпаңдар. Олар сендерге келген шындыққа қарсы келсе де, оларға сүйіспеншілік көрсетудесіңдер. Олар Пайғамбарды да, сендерді де Жаратқан Иелерің – Аллаға иман келтірдіңдер деп жұрттан қуғындады. Сендер Менің жолымда ризалығымды іздеп, соғысқа шыққанда, оларға жасырын дос болмаңдар” делінеді.

Әрине, Құран мәтіндерін бірінші рет оқып отырған адамға “пұтқа табынушыларды” өлтіруге шақырып тұрғандай көрінуі мүмкін. Оның үстіне бұл аяттың мән-мазмұнын дұрыс түсіну үшін қасиетті Құрандағы “жиһад” тақырыбына арналған басқа аяттарды да білген жөн. Сонымен қатар, аяттардың не себептен түскендігін білу де абзал. Сондықтан, Құран аяттарын дұрыс түсіну және мағыналарына ой жүгірту үшін ол аяттардың қай уақытта және қандай жағдайларға байланысты Алла тағаладан Жебірейіл періште арқылы Мұхаммед пайғамбарымызға жеткізілгенін білу қажет.

Шын мәнінде Құранда “жиһадқа” қатысты аяттардың шығу төркінін зерттеу үшін ең алдымен Мұхаммед пайғамбардың Меккедегі өмірі мен қызметі туралы баяндайтын тарихи деректерге көз жүгірту қажет.

Баршаға белгілі, 613 жылы Мұхаммед пайғамбар Мекке тұрғындарын ислам дініне ашық шақырып, өз достары мен туыстары және Меккенің өзге де тұрғындары арасынан көптеп жақтастар таба бастады. Олардың басым көпшілігі бас бостандығынан айрылған құлдар болатын. Ал исламның кең тарала бастауы Мекке билеушілеріне ұнай қоймады, өйткені олар Қағбаға тәу ететін араб тайпаларының қажылықтарынан түсетін кірістен айрылып қалудан қорықты. Пұтқа табынушылардың бұл наразылықтары алғашқы мұсылмандарды қуғындауға ұласып, соның салдарынан бірқатар мұсылмандар 615 жылы Эфиопияға қоныс аударуға мәжбүр болды. Осынау алғашқы мұсылмандар үшін қиын-қыстау кезеңде Алла тағала Мұхаммед пайғамбарға мыналарды әмір етті:

1) “меккелік көпқұдайшылдармен” кикілжіңге түспей, оларды ақиқат дінге “даналықпен және жақсы насихатпен” шақыру. Осы жағдайға байланысты “ән-Нахл” сүресінің 125-аятында: “Адамдарды Жаратқан Иеңнің жолына даналыққа және жақсы насихатқа шақыр. Әрі олармен сыпайы түрде сұхбаттас. Жаратқан Иең ақиқат жолынан адасқандар кім екенін жақсы біледі. Әрі Ол тура жолды тапқандарды да жақсы біледі” делінген;

2) ислам дұшпандарымен қорғаныс түрінде соғыс жүргізу. “Бақара” сүресінің 190-аятында: “Өздеріңмен соғысқандармен Алла жолында шайқасыңдар да шектен шықпаңдар. Негізінен Алла тағала шектен шығушыларды жақсы көрмейді ” делінген.

Келтірілген аятта Алла тағала Мұхаммед пайғамбарға өзіне қарсы шыққандармен тек қорғану үшін күресуді бұйырады. Бұл “Бақара” сүресінің 192-193-аяттарында нақтылана түскен: “Олармен райларынан қайтқанға дейін, әрі дін Аллаға тән болғанға дейін шайқасыңдар. Егер олар соғысуын қойса, Алла оларды жарылқайды, мейіріміне алады. Жау жеңілгеннен кейін залымдармен ғана ымырасыз күресу керек”.

Құранның осы аяттары қорғану және қорғансыздар мен әлсіздерді қорғау мақсатында ғана соғысу қажеттігін меңзейді. Онда да тек дін-бұзар жаулармен және оның ашық одақтастарымен соғысуға рұқсат етілген. Сондықтан қарулы соғысқа тыйым салынғанымен Мұхаммед пайғамбарға және оның жақтастарына туып-өскен шаһары Меккеде соғыс жүргізуге тура келді.

Көріп отырғанымыздай, “жиһад” сөзінің осы аяттағы мағынасы ең жинақталған мағынасы болып табылады. Әртүрлі кезеңдерде өмір сүрген Құран тәпсіршілері “жиһадтың” мағынасын “соғыс” деген түсінікпен шектемеген.

Бізге, яғни XXI ғасырда өмір сүріп жатқан мұсылмандарға үмбетіміздің алғашқы буыны исламды қалай түсінгенін білу және дәл сондай түсінікті ұстану қажет.

Мұхаммед пайғамбардың өкімі бойынша әскери шайқастардан кәмелеттік жасқа толмағандар, әйелдер, қариялар, ақыл-есі толық еместер, науқастар мен әлсіздер, сондай-ақ шайқасқа қатысуға өз ата-анасынан рұқсат алмағандар босатылды. Сонымен қатар, басқыншы жауға тойтарыс беріп, майдан шебі дұшпанның жерінде болғанда, ол жерлердегі егін алқаптар мен бау-бақшаларды жоюға да тыйым салынған болатын.

Тағы бір атап айтарымыз, Құранды оның толық мәтіні мен аяттарының түсу тарихын білетін ғалымдар ғана дұрыс түсіндіре алады. Осы ретте 2012 жылы 25-27 мамыр күндері Мәскеуде, одан кейін Грозныйда, Ресей, Кувейт, Катар және басқа да мұсылман елдерінің белгілі дін қайраткерлерінің ұйымдастыруымен “Ислам доктринасы радикализмге қарсы” атты халықаралық конференция өткізілгенін атап өткім келеді.

Форумның қорытындысы бойынша қабылданған Декларацияда былай делінген: “Исламдағы “жиһад” сөзі көптеген жан-жақты мағынаға ие. Жиһад “ұрыс жүргізу” және “қарсыласқа қару қолдану” мәнінде ғана түсінілмеуге тиіс. “Жиһад” ұғымын тек ұрыс жүргізумен шектеп, жиһадтың Алла жолында жасалатын басқа игі амалдарын ескермей тастау дұрыс емес. Мұндай қадам жалған жала мен орынсыз ойларға жетелейді. Жиһад Алла жолында жасалады және ол бүлікке айналмауы керек. Жиһадтың ізгі мән-мақсаты осында жатыр. Жиһад адамдардың ақиқатқа қарай тура жолмен жүруінің және Құдайға құлшылық етуінің маңызды құралы болып табылады”.

Жиһадқа мұндай түсінік берілу себебі – бұдан бір жыл бұрын дін ғұламалары тарапынан арнайы тұжырымдама жасалып, оның мәні мен мазмұны жиһадты “жойқын жоба” немесе “кек алу жоспары” ретінде санамайтын мұсылман дінінің өркениеттік сипаты мен миссиясына сәйкестендірілгендігінде. Исламның өзі әділетсіздіктің кез келген көрінісіне жол бермейді. Жалпылай алғанда, жиһадты “адамдардың ақиқатқа қарай тура жолмен жүруінің және Құдайға құлшылық етуінің маңызды құралы” ретінде тану – оның ешбір жалған қоспасыз, шынайы сипатын білдіреді.

Осыған байланысты айтылған Ресей Мүфтилер кеңесінің төрағасы Рафил Гайнутдиннің мына тұжырымы атап айтуға тұрарлық: “Жекелеген экстремистік жалған исламдық топтардың жиһад жөніндегі түсіндірмелері, сондай-ақ кейбір БАҚ-тың жиһадты “кәпірлерге қарсы соғыс” ретінде түсіндіруі жалған әрі Құран мен сүннетке қарама-қайшы болып келеді. Өйткені, соғыс арқылы өз дініне кіргізу өзгенің мүлкін иелену секілді исламда мүлдем жол берілмейтін жайттардың қатарынан саналады”.

Ислам терминологиясында “жиһад” сөзі Алла жолындағы күрес, яғни, Алланың әміріне сәйкес өмір сүру үшін мұсылмандар тарапынан жасалатын іс-әрекет мәніндегі жалпылама мазмұнда қарастырылады. Бұған Алла тағаланың Құранда айтылған сөздері дәлел: “Шынайы иман келтіргендер – шын мәнінде Аллаға және оның Елшісіне сенгендер, сосын күдіктенбей, Алла жолында мал-жанын сарп еткендер. Міне, солар – шыншылдар” (“әл-Хұжырат” сүресінің 15-аяты).

Осындай алғышарттардың шынайылығы мен маңыздылығымен қатар, Құранда да, ислами әдебиетте де араб тіліндегі “жиһад” сөзінің мағынасы “тырысу”, “талпыну”, “бар күшін салу”, “мақсатқа жету жолындағы қиындықтарды табандылықпен көтере білу” дегенді білдіретінін, ал қазіргі заманауи түсінікте бұл ұғым мүлде басқа: “Алла жолында малы мен жанын аямау, Алла жолында тер төгіп, қызмет ету” секілді терең және ізгі ұғымға ие екенін атап айтқан жөн.

Құранға сәйкес “жиһад” ұғымы адам өмірінің көптеген қырларына әртүрлі деңгейде қатысты болып табылады. Қазіргі таңда мұсылман әлемінде “жиһадты” әлеуметтік-экономикалық даму мен нақты мақсаттарға жету жолында барынша күш салу үрдісі ретінде кең мағынада түсіндіріледі. Мысалы, құнарлы жерлердің шөлейтке айналуымен күрес, астық науқаны, сауатсыздықты жою және т.б. жөнінде сөз қозғалғанда, “жиһад” ұғымы қолданылады. Сондықтан да болар, Иранда Ауыл шаруашылығы министрлігін “Ауыл шаруашылығындағы жиһад министрлігі” деп ресми атайды.

Өкінішке қарай, терроршылар “жиһад” тұжырымдамасын өздерінің көзқарастарын қолдамайтын жандарды өлтіруін ақтау мақсатында пайдаланады. Қылмыскерлердің осы тобы жиһадты мұсылманның бір парызындай қабылдап, Алла тағала белгілеп берген бес парызды алтауға шығарып жіберді.

Исламдық радикализмді ұстанушылардың мұндай әдістері мен стратегиялары заманауи әлемде діни экстремизм көріністерін туындатып, тіпті, дами келе, халықаралық терроризмге дейін ұласуда.

Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, дүниежүзінде жыл сайын 320-дан 660-қа дейін террористік актілер жасалады, олардың төрттен үші ислам атын жамылған лаңкестерге тиесілі.

Дін атын жамылған экстремистік және террористік идеологиялардың таралу үрдісі соңғы кездері бүкіл әлемде кең көлемді сипат алуда, бұл адамзат қоғамының тұрақтылығына төнген айқын қауіп болып отыр.

Міне, сондықтан да Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында радикализм, экстремизм және терроризмнің барлық түрлері мен көріністеріне қарсы күрес жүргізуді мемлекет пен оның институттарының маңызды қызмет бағыты ретінде белгіледі.

Қазіргі таңда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен бес жылға жоспарланған Қазақстан Республикасындағы діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жөніндегі Мемлекеттік бағдарлама жасалды. Бұл бағдарламаның мақсаты – діни экстремизм көріністерінің алдын алу және терроризм қаупін болдырмау арқылы адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Осы орайда үстіміздегі жылдың басынан бері Дін істері агенттігі 5 ірі республикалық форум өткізді, олар: “Дін және әйел” тақырыбында – Алматы, Атырау және Көкшетау қалаларында; “Таблиғи жамағат – елге жат ағым” тақырыбында Жамбыл облысында; “Жастар және дін” конференциясы мен “Жастар экстремизмге қарсы” жастар акциясы Атырау қаласында; “Ислам терроризмге қарсы” атты республикалық конференция Көкшетау қаласында; “Тәкфіршілік – діни экстремизмнің ең қауіпті түрлерінің бірі” тақырыбында Жезқазған қаласында және “Ислам және жиһадизм” атты конференция Ақтау қаласында өтті.

Үстіміздегі жылдың аяғына дейін еліміздің басқа аймақтарында да Қазақстан қоғамын нығайтуға, жастарды отаншыл рухта тәрбиелеуге, қоғам мен жеке тұлғалардың жалған діни ағымдардың ықпалына қарсы иммунитетін қалыптастыруға бағытталған бұқаралық және саяси маңызы зор іс-шараларды өткізу көзделіп отыр. Атап айтқанда, агенттік Ақтөбе қаласында “Сәләфизм – радикалды ағымдардың негізі”, Семей қаласында “Уаһһабизм – біздің жолымыз емес”, Петропавл қаласында “Дін және отаншылдық” және тағы басқа өзекті де өткір мәселелер бойынша республикалық конференциялар өткізуді жоспарлауда.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp