«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫЛУ мен ЖАРЫҚ тарату ісінде көкейкесті мәселелер бар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Игорь ТАТАРЧЕНКО,

“СевКазЭнерго”АҚ-ның қоғаммен жұмыс жөніндегі

бөлімінің маманы.

Қызылжар өңірінің қытымыр ұзақ қысы жылу мен жарық ресурстарын молынан қажет етеді. Бұл қажеттілікті орындап отырған монополиялық субъектілер өз қызметтерін абыройлы атқаруда. Алайда, олардың жұмыстарына ауыртпалық тудыратын мәселелер де аз емес. Қаржы мен білікті мамандардың жетіспеушілігі, сондай-ақ жөндеу жұмыстарын жүргізу мерзімінің қысқалығы электр энергиясы мен жылу тарату желілерін ұдайы жаңартып отыруға көп кедергі жасайды. Сондықтан да тарату құрал-жабдықтарының әбден тозығы жетіп тұрғандығы – айта-айта жауыр болған тақырып. Дегенмен, бұл мәселелерді оң шешпейінше, ел экономикасы мен әлеуетін арттыру мүмкін емес.

Облыстың елді мекендерінің көпшілігіне жарық тарататын кәсіпорын – “Петропавл ЖЭО-2” ЖШС-і өзінің алғашқы киловаттарын сонау 1961 жылы өндіре бастағантын. Ал энергетиктердің жұмыстарына көңіл бөлініп, оларға мемлекет тарапынан көмек көрсетіле бастағаны бертін. Қазақстан Республикасының “Электр энергетикасы туралы” Заңына сәйкес 2009 жылдан бастап аталмыш кәсіпорын мемлекеттік қордан инвестицияланып келеді. Ондағы “Тарифті инвестицияға айырбастау” формуласы бойынша кәсіпорынға 2009 жылы – 1459,9 миллион теңге, 2010 жылы – 2472,4 миллион теңге, 2011 жылы – 3778,4 миллион теңге, 2012 жылы 4352,9 миллион теңге қаржы бөлініп, оған құрал-жабдықтар мен құбырларды жаңғырту шаралары жүргізілді. Биыл да 5645,1 миллион теңге осы бағытта игерілуде. Алайда, осынша қаржының өзі кәсіпорынды толық жаңартуға мүмкіндік бермейді.  

Компания мамандарының айтуынша, инвестициялық бағдарлама өзінің белгіленген мерзімі, яғни 2015 жылға дейін кәсіпорындағы құрал-жабдықтардың тиімді жұмыс істеу үдерісін 97 пайызға жеткізеді, сондай-ақ энергия қуатын өндіру мөлшері де әлдеқайда ұлғаяды. Қуаттың өндірілуі ұлғайған сайын оны тарату желілерінде бірқатар қиындықтардың туындары да сөзсіз. Бүгінде осы іспен айналысатын “Солтүстік Қазақстан ЭТК” АҚ мен “Петропавл жылу жүйелері” ЖШС-нің энергия мен жылуды ысырапсыз, сапалы таратуға толық қауқары жетпей отыр.

Бүгінгі таңда Петропавл қаласындағы жылу торабының 70 пайызы тозған. Бұл – тым жоғары көрсеткіш. Оны азайту үшін жыл сайын құны 1,2-1,5 миллиард теңге болатын 20 шақырым жылу тарату құбырларын жаңартып отыру керек. Алайда, кәсіпорынның инвестициялық қоры 200 миллион теңгені құрайтынын ескерсек, ол қаржыға 1-2 шақырым ғана құбыр тартылады. Сондықтан “Петропавл жылу жүйесі” тек өзінің және мемлекеттің бөлген қаржысына ғана үміт артпай, сондай-ақ Еуразиялық даму банкінен 2,4 миллиард теңгенің несиесін алып, сапалы да үнемді жұмыс істеудің әрекеттерін қарастыруда. Ол қаражат 2011-2013 жылдардағы жаңғырту жұмыстарына жұмсалды. Бұл – әлі де теңізге тамған тамшыдай ғана. Соған орай компания әкімшілігі Үкіметтен осы бір қиындықтан шығу үшін тағы бір көмек қолын созуды өтініп отыр.

Ал “Солтүстік Қазақстан ЭТК” ЖШС-де тарату жүйесі мәз емес. Бүгінде олар кабельдер мен бағаналарға тартылған желілерді ауыстырып, трансформаторлар мен стансаларды жаңарту үстінде. Осы мақсаттарға серіктестік 2012 жылы 731,39 миллион теңге қаржы жұмсаса, биыл оған 857,2 миллион теңгені бағыттаған. Соның өзінде электр тарату жүйесінің тозығы 71 пайызды құрайды. Аталмыш мәселені шешу үшін кәсіпорынға қомақты қаржы керек. Ал тарифтен түсетін қаржы бұған аздық етеді. Сондықтан олар да биыл Еуразиялық даму банкімен келісімшарт жасасып, 138 миллион АҚШ долларын несиеге алғалы отыр. Оның 40 миллион АҚШ доллары құрал-жабдықтарды жаңғыртуға жұмсалмақ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp