«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“СУРЕТШІ ӨЗ ТУҒАН ЖЕРІНДЕ ҒАНА ШЫҒАРМАШЫЛЫҚПЕН АЙНАЛЫСА АЛАДЫ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қанафия ТЕЛЖАНОВ:

Сурет өнері – ғажайып бір әлем. Табиғатты сұлу етіп жаратқан Алланың сырлы құпиясын айнымастай кенеп бетіне дөп басып суреттеу – қаламы ұшқыр, қиялы жүйрік суретшілерге ғана берілетін қасиет. Сондай суретшінің бірегейі – Қанафия Телжанов. Оның қылқаламынан шыққан суреттер қазақ ұлттық көркемсурет өнерінің алтын қорына енген. Оның ел өнерінің дамуына сіңірген еңбегін тізіп шығу үшін бір мақаланың өзі аздық етеді. Суретшінің тума таланты мен тұлғалық қасиеттері жайында толықтай мағлұмат алу үшін оның есімі әлемнің XVIII ғасырдан бергі ең үздік деген 10 мың суретшінің тізіміне енгенін айтудың өзі жеткілікті болар. Оның туындылары атақты Третьяков галереясының жауһарына айналды. Қанафия  Темір-Болатұлының барлық атақтарын тізіп шығу мүмкін емес. Десе де, оның ең негізгілері: КСРО-ның халық суретшісі, КСРО Көркемсурет академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының толық мүшесі (академик), Қазақ КСР-нің халық суретшісі, Халықаралық жоғары мектеп академиясының құрметті академигі, профессор. Тәуелсіз “Тарлан” сыйлығының иегері Қанафия Телжанов бүгіндері Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында дербес шығармашылық шеберхананың жетекшісі болып қызмет етіп келеді. Суретшімен көптен күткен кездесуім де осы өнер ордасында өтті.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

1 мамыр – алматылық Қанафия Темір-Болатұлы үшін өзге жерлестеріне қарағанда ерекше күн. Себебі, дәл осы күні суретші шыр етіп дүние есігін ашқан болатын. Өзінің 86-шы туған күнін атап өткен Қанафия Темір-Болатұлы келесі күні өзге әріптестері сияқты қызметіне келетіндігін хатшы қызға айтып кеткен екен. Күн ұясынан шыққаннан бастап, академияда отырған мені “Станокты кескіндеме” факультетінің ұстаздары мен студенттері танып алды. Түс ауа Қанафия Телжановтың өзі де көрінді. Ақ құба келген суретшінің әр басқан қадамы анадайдан нық көрінді. Алдынан жүгіріп шыққан хатшы қыздың: “Сізді Солтүстік Қазақстан облысынан келген тілші күтіп отыр” деген сөзіне таңғалысын жасырмаған суретші дәлізден мені іздегенін ішім сезді. Алматыға бармас бұрын, суретшімен телефон арқылы сөйлескенімде: “Қазіргі таңда ешкімге сұхбат бермеймін. Бар мәліметті кітаптар мен баспа беттерінен таба аласың”, – дегені есімде. Ескертусіз келгенімді біле тұра, Қанафия Телжанов мені қабылдар ма екен деген күдікті ой ішімді жегідей жегені көзімнен байқалды ма, білмеймін, суретші маған күле қарап жымиғанынан өтінішімді жерге тастамайтынын түсіндім. Суретшінің әріптестеріне балаша мақтанып: “Туған елімнен мені жерлесім іздеп келді”, – деп мені таныстырғанын естіген соң, күдігім мүлде сейілді. Өзінің уақытының жоқтығына қарамастан, біраз сұрақтарыма жауап берген суретшімен өткен шамалы уақыттың өзі менің өмірге деген көзқарасымды өзгерткендей.  

Тектіден текті туады

– Бала кезімде үш ат жеккен ашық күймемен атам Телжан ауылынан анамның Омбы қаласындағы Байтұяқ ауылына жиі-жиі апарып тұратын. Сонда менің есімде қалғаны – даланың жұпар иісіне толы кеңістік, Батыс Сібір қазақтарының халықтық сәулет өнерінің ескерткіштері мен сан-салалы дала жолдары. Жусан мен күннің көзіне қарай созыла өскен гүлдер мен көкжиекпен астасқан кең даланың көрінісі осы күнге дейін жадымда сақтаулы. Ата-бабамның кіндік қаны тамған туған жерімнен берілген күш-қуат болашақта суретшілік кәсібімнің қалыптасуына үлкен әсерін тигізді, – деген суретші туған жеріне деген кіршіксіз махаббаты оның өмір жолына үлкен әсерін тигізгендігіне тоқтала кетті.

Адамның қалыптасуына оның туған жері, өскен ортасы тікелей әсер етеді деп бекер айтпаса керек. Қанафия Телжанов Омбыда 1927 жылы Телжан ауылының беделді руына жататын отбасыда дүниеге келді.Суретші өңірімізге белгілі Телжан болыстың шөбересі болып келеді.

– Менің арғы атам Телжан елге сыйлы адам екен. Омбының мұрағаттарында оның сауатты адам болғанын, араб тілін меңгергендігін дәлелдейтін құжаттар сақталған. Қазан төңкерісіне дейін ол екі жылдық мектептердің ашылуына мұрындық болды. 20-шы жылдары Көкшетау өңіріндегі Қызылту ауылынан 18 шақырым жерде орналасқан ауылдың бірінде арнайы 4 жылдық мектеп ашады. Сосын атамның құрметіне сол ауылды халық Телжан ауылы деп атап кетеді. Маған ол жайында атам Мұхамеджан айтқан, – дейді Қанафия Темір-Болатұлы.

Оның әкесі Темір-Болат Мұхамеджанұлы Омбының маңындағы Қаныкей елді мекенінде дүниеге келген. Ол 1898 жылдан омбылық қазақтар арасындағы саяси-қоғамдық жұмыстарға белсене араласа бастаған. Алғашында Ақмола облысының шекарасында “Алаш” ұлттық-демократиялық қозғалысына қатысқан. Кеңес өкіметінің “Алаш” қозғалысының қатысушыларына саяси кешірім жасағаннан кейін, ол 1919 жылы кеңестік-партиялық органдар қызметіне ауысып, 21 жасында большевиктер партиясына өткен. Осы жылдар аралығында Темір-Болат Мұхамеджанұлы “Кедей сөзі” газетінің редакция алқасына мүше болып тағайындалады. Ол сол жылдары жерлес ақын Мағжан Жұмабаевпен иық тіресе қызмет етеді. Олар: Ғ.Тоқжанов, Б.Айбасов, Қ.Кемеңгеров, М.Сейітов және Х.Какеновпен бірге Омбыда бұқара халыққа арналған әдеби топ құрады. Бұл жайында “Беззаветно любивший свою Родину” мақаласында Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіндегі “Еуразия” ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов былай деп жазған: “Т. Телжанов жаңа мектептерді ашу, қазақ балаларының жоғары оқу орындарына түсу, өңірдің тарихын зерттеудің маңыздылығы, жерлеу және үйлену рәсімдерінің кейбір ескірген ғұрыптарын түп-тамырымен құрту, жергілікті малдың тұқымын жақсарту турасындағы мақалалардың авторы болды. Бұл газетті аптасына бір мәрте шығару көзделгенімен, ол айына бір-ақ рет шығып тұрды. Айтпақшы, газеттің беттеушісі болып белгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасов қызмет еткен екен”.

“Бостандық туы” газетінде 1921 жылы редактор болып қызмет атқарған Темір-Болат Телжанов басылымның халыққа мейілінше пайдалы болуы үшін оқу-ағарту ісі жөніндегі мақалалардың жиі жариялануына күш салған екен.

Мағжан Жұмабаев, Әбдірахман Әйтиев, Әбілқайыр Досов, Смағұл Садуақасов, Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов және басқа қазақ зиялыларымен аралас-құралас болған Темір-Болат Телжанов Омбы, Ленинград, Мәскеу және өзге де қалалардан білім қуып келген студент жастарға көмегін аямаған. Қазақстанның халық суретшісі Әубәкір Исмаилов ол жайында (материал Қ.Телжановтың жеке мұрағатынан алынды): “Омбының оңтүстік шығыс бөлігінде, Омка өзенінің арғы бетінде бұрыннан қазақтар мекендеп келеді. Халық арасында бұл жерді “Қаржас” деп атап кеткен. ХІХ ғасырда Омбы қазақ жастарының білім алған мәдени орталығына айналды. 20-шы жылдары қаланың құрметті тұрғыны Темір-Болат Телжанов болды. Ол көптеген студенттерге қол ұшын берді. Мен, Әубәкір Исмаилов, Мәлік Қосшыбаев, Сәрсенбай Сәрсенбаев Омбыдағы Врубель атындағы көркемсурет техникалық училищесінің дайындық тобында оқып жатқанымызда бізге сыр, тушь пен кенеп табуымызға көмектескен еді. 1928 жылдың 2 мамырында Халтурин атындағы клубта қазақ студенттерінің кеші өтті. Кеште Темір-Болат Телжановтың досы Смағұл Садуақасов пен Ғабит Мүсірепов болды. Концертте Мағжан Жұмабаев өз өлеңдерін оқыды. Темір-Болат Телжановтың сұрауы бойынша Қали Байжанов Шоқпайдың “Екі жирен”, “Арман” әндерін орындады. Дәл осы концертте мен “Қара жорға” биін биледім. Залда плэнерлік жұмыстардың көрмесі қойылды. Темір-Болат Телжанов біздің салған суреттерді мұқият қарады. Оған біздің салған суреттеріміз ұнады. Және ол сол кезде ұлын суретшілік кәсіпке үйрететіндігін айтты”. Темір-Болат Телжанов өз сөзінде тұрды. Көп ұзамай әкесі 10 жасар Қанафияны Бүкілресейлік көркемсурет академиясы жанындағы “Юные дарования” көркемсурет мектебіне береді.

Қанафия Телжановтың балалық бақытты шағы ұзаққа созылмады. 1937 жылдың 4-ші желтоқсанында әкесі тұтқындалып, келесі жылдың сәуірінде “халық жауы” ретінде ату жазасына кесілді. Темір-Болат Мұхамеджанұлы сол кезде 39 жаста еді. “Халық жауының ұлы” атануы Қанафия Телжановтың маңдайына басылған қара таңбадай болды. Көркемөнер мектебінен қуылып, қоғамнан аластатылды. Дегенмен, суретші болу арманынан бас тартпады. Бейнелеу өнері студиясына оқуға түсті.

Соғыс басталғанда ол басқа балалармен бірге Ленинградтан Киров облысындағы Колково селосына жөнелтілді.

– Арқамда – аспалы сөмке. Баспалдақпен төмен түсіп бара жатқанымда үшінші қабаттан анама көз тастадым. Ол есік аузында тұрып, мені көзімен үнсіз шығарып салғанын көргенде, енді қайтіп анамды көрмейтіндігімді түсіндім. Ойлағаным анық келді. 1942 жылы ол Ленинград қоршауында қалып, қайтыс болды. Анамның есімі Жамал еді. Ол балабақшада тәрбиеші болып қызмет етті. Менің есімде анам жас әрі мейірімді болып қалды. Өмірімнің қиын мезеттерінде маған қымбат адамдар әрдайым қасымда жүргендей болды. Арқасүйер әкемнің барын, анамның аялы алақанын сезіп жүрдім, – деген суретші 1955 жылы салынған “Жамал” атты картинаны анасына арнағанын айтты.

Ерте есейген Қанафия Телжанов талай соқпақ жолдарды өткерді. 1942 жылы оны ата-анасыз қалған балалармен бірге Колководан қолөнершілер қаласы – Халтуриноға жөнелтті. Бірақ Қанафия өзінің туған жері – Қазақстанға оралуды ойлайды. Алғырлығының арқасында аудандық тәртіп сақшыларын көндіріп, Алматыға сапарға шығады. 1943 жылдың қысы. Қалың орманмен станцияға дейін 20 шақырым жерді жаяу жүрген 15 жасар Қанафия одан Новосібірге, Новосібірден Алматыға дейін пойызбен жеткен екен.

Алматы көркемөнер училищесінің 2-ші курсына қабылданған соң оны 1947 жылы тамамдап шығады. Өнер атаулыға деген құлшынысы Қанафияны бала кезінен таныс Ленинград қаласымен қайта жолықтырады. И.Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтын 1954 жылы аяқтап, Алматыға қайтып оралады.

– Мен өз Отанымды жақсы көремін. Мен – қазақпын, өз жерімнің ұлымын. Білесіз бе, грек аңыздарының қаһарманы Антей бойына күш-қайратты Жер-Анадан алған. Сол сияқты суретші де өз туған жерінде ғана сурет салып, шығармашылықпен айналыса алады.

Жасынан “халық жауының ұлы” атанған суретші туған жеріне оралған соң да жаланың кесірінен қиындықтарға тап болатындығын ойлаған жоқ. Десе де, өмірінде болған бұл белестер бойына тегінен, ананың ақ сүтімен берілген туған жеріне деген зор сүйіспеншілікті жоя алмады. Ақырында шығармашылықпен айналысу мақсатымен Жоңғар Алатауындағы Қора шатқалына кетеді. Табиғаттың шынайы сұлулығын ол осы жерде сезініп, шығармашылығының бастауы болған көптеген атақты туындыларын осы тауда салды.

Өрлеу

“Таулы” кезең суретші өмірінің өзгерісті кезеңі еді. Қанафия Телжанов өнердегі өз жолын тапты. Қазақ сурет өнерінің даңқын көтерген туындылар бірінен соң бірі пайда болып жатты. “Домбыра үні”, “Тыныштық”, “Тұңғыш рет”, “Көкпар”, “Қыз қуу”, “Сұхбат”, “Құрбылар”, “Қарлығаш”, “Үйде”, “Шындық”, “Үміт”, “Бақытты” және өзге де танымал картиналары дүниеге келді. Қанафия Телжановтың алғашқы тарихи тақырыпқа жазған шығармасы 1957 жылы “1918 жылғы Қазақстан” деген атпен жарық көрді. Ол терең халықтық дәстүрден нәр алған қолөнер, музыка және эпостық сипатта еді.

Ал “Атамекен” картинасы болса, бірден көпшіліктің көңілінен шықты. Мәскеуде өткен Қазақ КСР бейнелеу өнерінің көрмесінде қылқалам иесінің бұл туындысы ерекше орынды иемденді. Дәл осы суреттің авторлық көшірмесі Солтүстік Қазақстан облыстық бейнелеу өнері мұражайының қорында сақтаулы тұрғанын қызылжарлықтардың бірі білсе, бірі бейхабар болуы да әбден мүмкін. Туған жеріне деген ыстық ықыласын туындылары арқылы сипаттаған суретшінің “Көкпар” атты картинасы да “Атамекен” сияқты қазіргі таңда Қазақстанның шетелдерде өткізіліп тұратын көрмелеріне үзбей қойылып келеді. Ол суретші шығармашылығының мәңгілігін көрсетсе керек. Өткен жылы Лондон қаласында өткен Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайының көрмесінде Қанафия Телжановтың осы екі бірдей картинасы ұсынылыпты. “Тура көрерменге қарай гүрілдеген селдей атқа мінген ер жігіттер шауып келеді. Картинаға қарап жылқының кісінегені, тұяқтарының дүрсілі, ойынға қызған адамдардың айғай-шуы естілетіндей күйде боласың”, – деген екен көрмеге қатысқан лондондық тұрғынның бірі. Шынында да, солай. Қылқалам шебері отандық баспасөз құралдарына берген сұхбаттарында әрқашан сөзін туған жеріне деген сүйіспеншілігінен бастайды. “Атаның емес, адамның ұлы бола білген” суретшінің әр шығармасы еркіндікке толы. Оның туындыларына қарап, көкжиекпен астасқан қазақ жерінің кеңдігін, көкірек кере дем алар бостандықты көруге болады.

Адам баласы жасына қарамастан, талай белестер мен шыңдарды бағындыра алатындығына Қанафия Телжановтың өмір мысалына қарап көзім жетті. Сексеннің сеңгіріне шыққан суретші осы күнге дейін қылқаламын қолынан тастамаған. Әлі де талай жобаларды жүзеге асырмақ ойы бар.

Суретті түсірген автор.

Петропавл – Алматы – Петропавл.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp