«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

УКРАИНДЫҚТАР ҚАЗАҚ АУЫЛДАРЫНА БЕТ БҰРМАҚШЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық Аграршылар үйінде “Украиналық ауыл шаруашылығы машиналарын жасаушылардың жаңа технологиялары – қазақ ауылдарына” атты бизнес-форум болып өтті. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов төрағалық еткен шараға Қазақстандағы Украина елшілігінің бірінші хатшысы Юрий Мансветов пен “Украинаның машина жасаушылары мен жұмыс берушілері лигасы” қауымдастығы кеңесі төрағасының орынбасары Наталья Сущенко бастаған делегация мен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің және жекелеген агроқұрылымдардың басшылары қатысты. 

Нұрсайын ШӘРІП,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Бизнес-форумды ашқан Қайрат Бекенов Украина Республикасымен ынтымақтастық байланыс жақсы дамып келе жатқандығын, ол еліміздегі тауар айналымының 10 пайыздайын құрайтындығын, бүгінгі кездесу екіжақты іскерлік қатынасты әрі қарай дамытуды мақсат ететіндігін атап айтты.

Юрий Мансветов бұл бизнес-форум арқылы украиндық ауыл шаруашылығы машиналарын жасаушылар өздерінің жаңа технологияларын солтүстікқазақстандықтарға таныстыруды, жағдайына қарай облыс аумағында бірлескен кәсіпорындар құруға ниеттеніп отырғанын айтты.

Топ жетекшісі Наталья Сущенко ұлы Кобзарь елінде астық егетін, жинайтын және өңдейтін заманауи техникалар шығарумен айналысатын 240 өнеркәсіп кәсіпорны бар екендігіне, олармен ынтымақтастық байланыс орнатуға екі мемлекет арасында ешқандай да кедергі жоқтығына тоқталып, өз елдерінің бейнесін танытатын кәдесыйларды тарту етті.

“Комсомолец” ӨАҚ басқармасының төрағасы Юрий Плескац элеваторларға, “Хорольск механикалық зауыты” кәсіпорнының коммерциялық директоры Алексей Мищенко құрамажем зауыттары мен қырмандарға, “АГРОМЕХ” ТОВ-тің коммерциялық директоры Александр Звягинцев астық тазалауға, тұқым желілеріне, “БУДМОНТАЖКОЛОС” ТОВ-тің директоры Валерий Фурман астық сақтауға және тасымалдауға арналған құралсаймандар өндірісі жайлы қысқаша баяндай және бейнетүсірілім арқылы көрсете келіп, олардың өзіндік ерекшеліктері мен артықшылықтарына тоқталды.

“ХЕЛЬНИКСЕЛЬМАШ” ӨАҚ басқармасының төрағасы Николай Зелинский ауыл шаруашылығы техникаларын, атап айтқанда, ылғал сақтау технологиясына орай топырақ өңдейтін “АКШ-5,6”, “БЗМ-5,6” қопсытқыштары мен тырмаларын шығарумен 40 жылдан бері айналысып келе жатқандығын атап айтты. Николай Зиславовичтің айтуына қарағанда, бұл техникалар біздің еліміз үшін жаңалық емес. Оның негізі Шортандыдағы Бараев атындағы ауыл шаруашылығы ғылымизерттеу институтында қаланған. Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеруге белсене қатысқан атақты Федор Моргун Полтава облысында соқаның орнына осындай қопсытқыштарды кеңінен пайдаланып, оларды жетілдіре түсуге үлес қосқан көрінеді. Аталмыш жабдықтар арамшөптерді механикалық жолмен жоюға арналған және химиялық препараттар мен минералдық тыңайтқыштарсыз жұмыс істеу технологиясын ұсынады. Экологиялық таза өнімді тек осылай ғана алуға болады.

Бизнес-форумда аталмыш техникалардың өзіндік құнын арзандату үшін бірлескен кәсіпорындар ашу мүмкіндігі де сөз болды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Егіншілік департаменті директорының орынбасары Бақыт Ілиясов “Агробизнес – 2020” бағдарламасы бойынша агроқұрылымдарға техника сатып алу үшін жасалатын жеңілдіктерді тілге тиек етті.

Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Александр Иванищев пен Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алтынбек Абдуллаев делегация мүшелерін өздері басқарып отырған салалардың әлеуетімен таныстырды.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp