Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.
Айыртау ауданындағы Шалқар көлінің шыңылтыр мұз қатқан айдыны қыс бойы бір босамайды. Бүгін де солай. Күн сәл аяз, оның үстіне өңменіңнен өтетін суық жел батыстан бір тынбай соғып тұр. Әйтсе де, балықшылардың қарасыны аз емес, тіпті анау көл ортасындағы шоғыр әдеттегіден молдау тәрізді ме, қалай? Көл жиегін жиектей таспадай тартылған тас жолмен жүйткітіп келе жатып, елден келген Есенбай сұраған:
– Осылар неғып отырады?
– Не қылушы еді, тәйірі, балық аулайды.
– Қойшы әрі. Мына суықта қара суға телміріп…
Сере шыққан ту биенің қазы-қартасы болмаса, басқа тағамды адал ас деп есептемейтін елдегі Есенбайдың балық туралы түсінігі біртүрлі. Шамасы, балығы тайдай тулаған көлсіз өңірде өскендіктен шығар. Әлде, енжарлық. Қамысақтының Қарағашқа құлайтын тұсын кешегі кеңес дәуірінде тоған ғып буып тастаған. Әлгі аумағы атшаптырым қара суда кәдімгідей балық өрістейді. Жеңді білектей болмаса да, жіптіктей шабақ, қыр арқасы қара жоңданған қоңды тұқы, айдын көлдің бетіндегі толқыннан шашыраған күміс моншақ су тамшысын қуалап ойнайтын майшабақ.
Біздің ауылда ау түгіл, ырымға бір қармақ таба алмайсыз. Бастауыш мектепте оқитын тентектер тебен инені отқа иіп, қармақ жасап, оған бөлке нанның қиқымын шаншып, балық аулаған болады. Бірақ, оған есі дұрыс балық түсе ме?.. Есесіне, іргедегі Светлый ауылынан баяғы тыңгерлердің тұқымы келіп аулайды. Содан соң біздің ауылдағы балықты жеңсік ас көретін жеңгелерімізге сатады. Әйтпесе, қаймақ, майға айырбастайды. Сөйтіп, өз көлінде өрістеген балықты өзгеден сатып алып, өзеуреп әңгімені көйітіп отырады.
Елден келген Есенбай екеуіміз шыңылтыр мұз қаптап, көбесі қалыңдаған Шалқар көлдің үстіндегі балықшыларға жөнелдік. Суық желден сәл де болса қорған, өкпек желден таса, шамалы ығы бар жұқа күркешелерді ықтаған балықшылар қанша дегенмен, ызғарлы мұз үстінде отыр емес пе: суық суға рабайсыз ісінген саусақтарын ебедейсіз қимылдатып, күркешенің үлкен күректей ғана есігін еппен ашады. Қармақ қақпаны майда балықтар екен.
– Сексенінші жылдары осы Шалқарда шортан дегеніңіз жыртылып айырылатын. Анау жиектегі қалың қамыстың ішінде таң алдында көздері танадай жарқырап, шоқпар бастары ербиіп, ұйысып жүрер еді, – дейді Саумалкөл ауылының байырғы тұрғыны Алексей Метряков, – кейін Шалқардан бақ қайтты. Таза суда ғана тіршілік ететін балық тұқымы қырылып қалды. Қазір балықшы аз. Есесіне, браконьер көп. Жазды күні браконьерлер ені үш, ұзындығы жеті шақырымға жуық осы көлге ау тастайды. Ау болғанда да патшағардың ұзындығы бір шақырым.
– Бір шақырым ау бола ма? – деп таңырқадық біз.
– Болғанда қандай?! – деді Алексей Степанович, – Он құлаштық аудың бірнешеуін бір-біріне жалғайды да моторлы қайықтармен тостағандай көлді сүзіп шығады. Содан соң көл табанында балық түгілі бақа да қалмайды. Кейбіреулер балық аулауды әншейін ермек дейді. Ал мен үшін, жасырары жоқ, кәдімгі күнкөріс. Қармағыма бірдеңе ілінсе, соны қылдай қылып екі қызыма, інімнің отбасына бөліп беремін. Әрі демалыс, әрі талғажау деген осы болады, шырағым. Есіңде ме? Сексенінші жылдардың басында демалысқа шыққан мектеп оқушылары, қаланың жастары қыс бойы көлдің бетінде жүретін. Суық сорып, шыңдалатын. Балық аулап, бой жазатын. Денсаулыққа өте пайдалы. Қазір адал балықшылардың сапында кәрі-құртаң ғана қалды. Жастар ауласа, жаңағыдай заңды бұзып, құлаш-құлаш аумен аулайды. Оның қай жері демалыс?!.
Жетпіске жетеқабыл Алексей Степановичтің айтуына қарағанда, Шалқардың жоғын жоқтап, тиісті орындарға талай барған. Әйтсе де, одан шыққан қорытынды жоқ. Ау азаяр емес, қайта күн өткен сайын балық атаулыны қынадай қырып, құлашын жайып барады.
– Сенбі, жексенбі ермек үшін шығамын, – дейді аудан тұрғыны Рамазан Сүлейменов. – Ұсақтарын қайтадан көлге жіберемін. Үйге ірілерін ғана аламын. Балық аулағанда басыңа небір тың ойлар келеді. Өткенді шоласың, болашақты болжайсың. Өмір туралы, жаратылыс туралы тып-тыныш жерде ой ойлап, балық аулау ғажап қой.
Жарты құлашқа жуық сірескен көк мұзды Алексей Степанович қол бұрғымен бұрғылапты. Көл бетіндегі бар балықшының тірлігі сол. Бажайлап қарағанда көл үшін ол да пайдалы екен. Сірескен мұздың астындағы тіршілікке ауа қажет. Сол ауа осы балықшылардың бұрғымен тескен ойығынан өтіп тұр.
Биесауым уақыттан кейін ойықтағы қармақ дір ете түсті. Қапты деп күбірледі Алексей Степанович. Қармақ жіпке шынашақтай шабақ ілесе шықты. Жып-жылтыр мұзды нәзік құйрықтарымен сабалап, жанталасып жатыр. Жан бермек оңай ма?..