Еліміздің әрбір ер жігітін нағыз азамат, тегеурінді тұлға ретінде тәрбиелейтін әскери құрылымдардың бірі – Республикалық ұлан. Оған тек таңдаулылар ғана алынады. Сайдың тасындай сайыпқырандарымыз әскери өнерде өзгелерден оқ бойы озық келеді. Салтанатты жиындарда сап түзейтін сарбаздардың мүсіні мінсіз, қызметі қалтқысыз. Мемлекеттік деңгейдегі түрлі рәсімдік шараларды атқаратындар да дәл осы – Республикалық ұланның сарбаздары.
Республикалық ұланда бөлімше командирі болып қызмет атқарып жүрген Манарбек Мұхамеджановтан сұхбат алуды ұйғардық. Мамлют ауданы, Бостандық ауылы тумасының “ұландықтардың” қатарында жүргеніне 5 жылға таяп қалды.
Манарбек МҰХАМЕДЖАНОВ:
– Әскери өмірге қалай келдіңіз?
– Әскери өмірім университет бітіргеннен кейін басталды. Мен 2008 жылы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ді бітірдім. Студенттік өмірмен қоштасып, тағдырымның жаңа парақтары басталған кезде, “Әрі қарай не істеймін?” деген сауалдың артында екі таңдау тұрды. Бірі – мамандық бойынша жұмыс істеп, нәпақа табу. Екіншісі – Отан алдындағы парызымды өтеп келу. Он екі мүшем сау болған соң, әскери борышымды өтеу маңыздырақ болды. Бұл – болашақта бәрібір айналып алдыма келетін міндеттердің бірі. Сондықтан ертең болатын оқиғаны кейінге қалдырмай құжаттарымды тапсырып, әскери-медициналық тексерістен өтіп, Республикалық ұланның сарбаздары қатарына қабылдандым.
– Басынан бастап Республикалық ұланға барамын деп мақсат қойған ба едіңіз?
– Жоқ, ол кезде Республикалық ұлан туралы ақпаратым аз болатын. Оның үстіне әскери қызметші боламын деп ойлаған жоқпын. Сондықтан әскерге шақыртқанда шекарашы болам немесе гвардияға барам деп нақты таңдау жасаған жоқпын. Тағдырымды комиссия шешті. Алматыдан келген сатып алушы менің түріме, дене бітіміме қарады да: “Гвардияға барасың ба?” – деп сұрады. Мен үшін комиссияның кез келген сұрағына “жоқ” деп жауап берсең, әскери борышыңнан қашқан болып көрінетіндіктен, “әрине” дедім. Олар жеке іс қағазыма “гвардия” деп жазып берді. Медициналық тексерістен өттім. Денсаулығым жарап тұр. Сөйтіп, Алматыға алып кетті. Ол жерде тағы да медициналық тексерістен өттік. Бір ай бойы оқу-жаттығуда жүрдік. Солтүстіктен барған 25 баланың 18-і ғана “ұландықтардың” қатарына қабылданды. Көбісі қан қысымы жоғары болу салдарынан өте алмады. Себебі, жазық жерден таулы аймаққа барғасын денсаулықтары сыр берді.
– Сұхбатымыздың басында Отан алдындағы борышыңызды өтеу үшін ғана әскерге барғаныңызды айттыңыз. Сонда келісімшартпен әскери қызметте қалуыңызға не себеп болды?
– Біржылдық әскери борышымның мерзімі 2009 жылы аяқталды. Бұл кезде әлемде дағдарыс болып жатты. Шет жағасы біздің елімізге де келді. Әсіресе, ата-анам қаржы жағынан қиындық көріп жүрді. Ал маған әскерден кейін келісімшартпен гвардияда қалып, жұмыс істеудің сирек кездесетін мүмкіндігі туды. Сондықтан үйдегілермен ақылдасып, үш жылға келісімшартқа отырдым. Оның үстіне мен университетте алған білімімнің көбін ұмытып қалдым. Егер елге қайтатын болсам, кем дегенде бір жыл жұмыс іздеп, аз жалақыға уақытша күзетші болып, сандалып жүретінімді білдім. Өйткені, әскерден келіп жұмыс таба алмай, бұйырғанын істеп жүрген талай жолдастарымды, таныстарымды көрдім. Ара-тұра хат-хабар алмасып тұрғанда олар “Кезінде келісімшарт бойынша қалу керек еді…” деп, ішіндегі өкініштерін білдіріп жатады. Сондықтан мен дұрыс шешім қабылдадым. Ал егер дағдарыс болмаған жағдайда ауылға, туыс-туғандарыма деген сағынышымның жетегінде елге оралып, қазіргі таңда жұмыссыздардың қатарын толықтырып отырар ма едім, кім біледі?
– Әскерден кейін келісімшартты барлық сарбаздарға ұсына ма?
– Жоқ. Келісімшарт деген – мектепті “қызыл” аттестатқа немесе “Алтын белгіге” бітірген сияқты ғой. Келісімшарт бір жыл бойы өзін жақсы қырынан танытқан, өзінің мүмкіндіктерін толық көрсете білген сарбаздарға ғана ұсынылады. Сонымен қатар, командирлерінен мінездемесі жиналады, жеке іс қағазы қаралады.
– Әскерге дейінгі және кейінгі Манарбекті салыстырып кете аласыз ба?
– Әскерге дейін мен жуас болдым. Сөйлеген сөздерім нық болған жоқ. Айтқан сөзімде көп тұра бермейтінмін. Жауапкершілігім аз болды. Кел деген уақыттан міндетті түрде кешігіп жүретінмін. Енді, бұлардың барлығы студенттік өмірден жұққан жағымсыз қылықтар ғой. Ал әскерде жүріп мен жоғарыда аталған жаман әдеттерімнің жақсылыққа апармайтынын ұқтым. Бір жыл ішінде қатты өзгердім. Сөзімде тұратын болдым. Айтқан жерге өлтіріл – уақытында жетуге тырысамын. Өзімнен үлкендерді сыйлауға үйрендім. Азаматтық өмірде “әй дейтін ажа, қой дейтін қожа” болмағасын тым еркінсіп жүрдік. Ал әскерде қатаң тәртіп бар. Шыдамдылыққа үйретеді. Әскери жарғы деген бар, сонда біздің таңертең қалай тұрып, кешке қалай жататынымызға дейін жазылған. Яғни, қатаң жоспармен жүрдік. Соның арқасында бүгінімді, ертеңімді жоспарлап қоюды үйрендім. Әскердегінің барлығы бірдей өзгере бермейді. Кім өзінің әрбір ісіне есеп бере алса, солар ғана өзгереді. Оның үстіне мен бір ай оқу-жаттығудан кейін бірден рәсім ротасына түскен болатынмын. Ол жерде кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен адамдар келді. Олардың барлығымен дос болып кеттім. Кез келген уақытта барсам, құшақ жайып қарсы алып тұрады. Достарымның арқасында өзім болмаған Қазақстанның басқа өңірлеріндегі адамдар туралы мол ақпарат алдым. Бір сөзбен айтқанда, әскер өмірге көзімді ашты.
– Әскерге дейін М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің саз және педагогика факультетінде оқып, диплом алғаныңыз белгілі. Төрт жылым зая кетті деп өкінбейсіз бе?
– Өмірде ешбір ісіме өкінбеуге тырысамын, әрқашан артының қайырын күтемін. Барлық жасап жатқанымыз Алланың жазғаны ғой. Иә, рас, төрт жыл оқып, өз мамандығым бойынша жұмыс істеп жүрген жоқпын. Алайда, диплом алып, жоғары білімді азамат болдым. Қазіргі таңда, өздеріңіз білесіздер, әскерге дипломы бар жігіттерді көп алып жатыр. Енді мен соның себептерін өзімді мысалға ала отырып айтып кетейін. Біріншіден, біз мектептен кейінгі ересек өмірге бейімделу үрдісінен өттік. Ауылдан, үйден жырақта төрт жыл бойы өз бетіңмен шешім қабылдауды, қара басымызды асырауды үйрендік. Ақ-қараны айырдық. Мұндай жандар әскери өмірге тез бейімделеді. Екіншіден, келісімшарт алдымен жоғары білімді сарбазға ұсынылады. Университетте алған білімнің әскери қызметте де пайдасы зор. Мысалы, мен саз және педагогика факультетін бітірдім. Яғни, ән-күй сабағының мұғалімі, бір сөзбен айтқанда – педагогпін. Бізге төрт жыл бойы оқушылармен қалай жұмыс істеу керек екендігін үйретті. Ең бастысы, психологияны өттік. Әскер де өз бетінше бір мектеп қой. Мен Республикалық ұланда бөлімше командирімін. Сондықтан біреудің баласының тағдыры – менің қолымда. Бұл – үлкен жауапкершілік. Оның үстіне әскерге балалар еліміздің түкпір-түкпірінен жиналады. Менталитеттері де әртүрлі. Мысалы, солтүстіктен келген бала момын болса, оңтүстіктікі ширақ, ал батыстыкі қызуқанды болады дегендей. Мінездері де мың түрлі: біреуі ерке, біреуі тентек, енді біреуі момын, жуас және т.с. Педагогикалық жоғары білімің болғасын, әрине, олардың әрқайсысымен қалай жұмыс жасау керек екенін біліп тұрасың. Бұл – үшіншіден. Төртіншіден, жоғары білімді қызметкерлерге әскери шен беріледі. Бесіншіден, саз кафедрасында бізді домбыра шертуге, ән айтуға үйретті. Өз басым сондағы “Шертер” ұлттық аспаптар ансамблінде өнер көрсетіп жүрдім. Яғни, гвардиядағы кез келген мерекелік концертте мен ұялмай сахнаға шығып, өнерімді көрсетіп, сарбаздарыма үлгі бола аламын.
– Соңғы кезде әскерилердің әлеуетін көтеріп жатқанын білеміз. Өз басыңыз қандай жеңілдіктерге ие болдыңыз?
– Иә, мемлекет бізге көп көмек көрсетіп жатыр. Біріншіден, жалақыны көтерді. Екіншіден, тұрғылықты орныма ақша төленеді. Яғни, мүмкіндік болған жағдайда пәтер береді, болмаса жалдап алған пәтердің ақысын төлейді. Пәтерақы отбасының әр мүшесіне төленеді. Бұл – енді ең негізгілері. Одан басқа жеңілдіктер жетіп артылады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Фархат ТАСТАМБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.