Таяуда облыс орталығындағы “Жастар” стадионында “Есірткісіз болашақ” атты ұранмен балалар мен жасөспірімдердің аулалық клубтары арасында XI Олимпиада ойындары өтті. Өңірімізде 11-ші рет өткізіліп отырған аталмыш жарысқа қаланың әр мектебінен жиналған 16 команда қатысып, 170-ке тарта жасөспірім өзара мықтыларды анықтады.
Владимир ХОЛОД,
облыстық “Молодежная-Жастар” газетінің фототілшісі.
Шараның мақсаты – өскелең ұрпақ арасында саламатты өмір салтын насихаттай отырып, жастарды дене шынықтыру және спортпен тұрақты шұғылдануға шақырып, балалардың бір-бірімен достық қарым-қатынасын нығайту.
Үш күнге созылған дәстүрлі додада қатысушылар шағын футбол, үстел теннисі, көше футболы, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика бойынша сынға түсті. Аталмыш дода барысында ер балалар арасындағы шағын футбол жарысы аса қызықты өтті. Сайыстың жартылай финалында №42 мектептің “Надежда” құрамасы мен қазақ мектеп-гимназиясының “Балдырған” командасы тартысты ойын көрсетті. Бірінші таймда “Надежда” құрамасы 1:0 есебімен көш бастаса, ойынның екінші бөлімінің алғашқы минуттарында “Балдырғанның” шабуылшылары таразы басын теңестірді. Осыдан кейінгі екі команданың шабуылы еш нәтиже бермеді. Сөйтіп, ойын 1:1 есебімен аяқталды. Ойын соңында командалар бір-бірінің қақпаларына айып добын соғып, “Балдырған” жеңіске жетті. Ақтық ойында “Спектр” құрамасы “Балдырған” командасын 1:0 есебімен ұтып, шағын футбол ойыны бойынша жарыс жеңімпазы атанды.
Байрақты доданың қорытындысына келсек, үстел теннисінен “Импульс” командасы топ жарды. Көше футбол бойынша ұлдар мен қыздар арасында “Юность” пен “Қайсар” командалары, шахматтан “Восход” құрамасы алға шықты. Қарсыластарын түгел жеңген “Ровесник” командасының мүшелері дойбы мен тоғызқұмалақ ойындары бойынша үздік атанды. Ал жеңілатлетшілер арасында “Надежда” құрамасының мерейі үстем болды.
Сайыс төрешілерінің шешімімен “Ровесник” командасы жалпыкомандалық есеп бойынша – 3-ші, “Қайсар” құрамасы 2-ші орынға тұрақтады. Ал қарсыластарынан басым түскен “Восход” құрама командасы жарыстың жеңімпазы атанды.
Барлық жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Алдағы уақытта аталмыш жеңімпаздар аулалық балалар мен жасөспірімдер клубтары арасында өтетін республикалық сайыста өңір намысын қорғайтын болады.