Жастар съезінің тілегі орындалды: өмір тәжірибесінің, білім аздығының кемдігіне қарамай, төрт түлігі сайланбай, “Жас азамат” тәуекел кемесіне мініп, тұрмыстың таласатын, күресетін майданына шықты.
Келешектің қараңғылығы, саяси ауаның күн сайын құбылуы, қалың өрттей, кеселді дерттей апаты күшті күндердің тууы, ұлттың өмірлік құқықтары аяқ астына тапталып, зорлықтың үкім сүруі, “Жас азаматтың” үстіне ауыр жүк салып отыр, қоғамдасып-қолтықтасып күш беріп, ауыр жүкті тиісті орнына жеткізу – жастардың басты міндеті, үлкен борышы.
“Жас азаматтың” алтын идеалы, әулие мақсаты, негізгі жолы – ұлт бостандығы, ұлт теңдігі.
Бұл тілекке жету үшін “Жас азамат” Алаштың алтын туын жайқалдыра алатын, дұшпанға күйініш, досқа қуаныш салатын, іргелі ер қылатын бірлікті қолданады. Әлсізді күшейтетін, ауырды жеңілдететін табиғаттың қожасы болған шаруа міндетін қолданады. Ар-иманның, таза адамшылықтың түпкі тамыры – әділдікті қолданады. Осы айтылған жолдарда қарсы күш – қалың жау тұрса да, таудан үлкен тұрмыстық кедергілер тұрса да, “Жас азаматтың” бет алған сапарынан қайтпайтынына иманымыз берік.
“Жас азамат” қажыса, талса, қатерден қорықса, от екпінді ұлтшыл жастардың рухының сөнгені, ұлт үшін “ыстық қан, жас жан құрбан!” деген пікірден қайтқандығы. Жоқ… Бұл мүмкін емес, өйткені, жүректеріне нық байланып, ыстық қандарына сіңген зат – бір буыннан бір буынға көшіп отыратын қасиетті мұра.
Алты миллион Алаштың, жарық ойлы жастары арасындағы жалғыз “Жас азаматты” алып шығып, асырай алмаса, тұғырға қондырып баули алмаса, пұлға мұқтаж қылса, жас атаулының сүйегіне тарихи ұят таңбасы басылады.
Жастар! Келешектегі буындардан алғыс, я қарғыс алатын дәуірге кездестіңдер! Ұлттың гүлденуі, көркеюі, “Алаш Орданың” абыройы, айбынды болуы – сендерден! Кәрі буыннан қайыр аз. Кәрі буын (біразын шығарғанда) қажыған, қайраты қайтқан буын, ерлігі сөніп, жауынгер бабаларын ұмытқан буын, “төрелерге” құлдық ұрып жатыр. Түймеге табынған буын, сайлау, партиясымен миларын шірітіп, ұлт намысын, жұрт жұмысын күндік тамағына айырбастаған буын.
Мәдениеті жоғары ұлттардың жастары ұзақ жылдар от өмірді ғарып қылып, көз жасын, жүрек қанын сел дария қылып, ойлаған мақсатына жетіп отыр. Көз алдымыздағы орыс студенттері алпыс жылдан астам азаттық жолында ескі үкіметпен күресіп келді.
Біздің Алаш жастары 1905 жылдан ғана бастап, әлеумет қозғалысына кірісіп, саяси күреске атсалыса бастап еді. Енді, мінеки, аз жылдың ішінде өз міндетін көздеген нысанаға тигізіп отыр. Алаш ұранының үкіметі – “Алаш Орда” құрылды.
Аз бейнетпен табылған дәулетті салақсып, ұсақ жұмысқа кірісіп, қолдан шығарып жіберу – кешілмейтін күнә.
Жастар! “Алаш Ордаға” мәдени күш беретін күндерің туды! Жер-су, бірлік-берекеден айрылған кәрі буынның осы уақытқа дейін істеген зор қателері жетер!
Билік тізгінін қолға алатын күндерің туды.
Ел үшін, жер үшін: “Алаштап!” Ақ ту көтеріп, найза салып, садақ тартатын күндерің туды.
Жастар! Жүрек толқытқан шерді, ми толқытқан ойды жарыққа шығарып, майданға салыңдар!
Алда жүрген Алаш жолында аянбай қызмет қылған адал жүрек ағалардан үлгі, өнеге алыңдар!
Елдіктен, ерліктен айрылып, екі жүз жылдай еңсесі түскен елді ойлаңдар!
Күнді – түн, жақынды – жат, пайданы – зиян деп жүрген, толық саяси құқықтарын іздеп алуға ержетіп, есі кірмеген елді ойлаңдар!
Түн қараңғы, дауыл қатты. Бірақ, ұлт бақыты жастарға – нұрлы сәуле!!!
Жасасын, “Алаш Орда!”
Жасасын, Алаш көшбасшылары!
Жасасын, Алаштың жаужүрек, ұлтшыл жастары!
Дайындаған
Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің профессоры.
(Петропавл қаласында шығарылған
“Жас азамат” газетінің №1санында
жарияланған бас мақала.
1918 жылғы 30 шілде).