«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫ МАҒЖАН ТУРАЛЫ КИНОФИЛЬМ көрермендерге жол тартты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы жайында түсірілген “Мағжан” атты кинотуынды көрермендерге жол тартты. Бұл жайында фильмді түсірген алматылық “Тұран-фильм” студиясының өкілдері Петропавл қаласындағы Достық үйінде өткізген баспасөз мәслихатында мәлім болды.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов аяулы арысымыздың бейнесін экранға шығарған түсіру тобының еңбегінің құны өлшеусіз екендігін айта келіп, өңірімізде өтетін фильмнің премьералық көрсетіліміне келген меймандарды таныстырып өтті.

Түсірілімі өткен жылы басталған хроникалық-қойылымдық деректі фильмнің сценарий авторы және режиссері – Марат Қоңыров. Кинотуындының басым бөлігі Алматы қаласында түсірілгенімен, ақынның жастық шағы, алғашқы “Шолпан” өлеңдер жинағының шыққан кезі, кіндік қаны тамған Сарытомар ауылына сапары, Сәбит Мұқановпен кездесуі мен 1938 жылғы ату жазасы осы Қызылжар өңірінде түсірілген болатын. Өткен жылдың қазан айында өңірімізге келген түсіру тобын қызылжарлықтар да жақсы танып қалды. Тіпті, Мағжанды сомдаған актер Дарын Қалиевтің ақынмен соншалықты ұқсастығын қала тұрғындары да байқаған болатын. Фильмнің түсірілуіне облыс әкімдігі тарапынан жан-жақты демеушілік көмек көрсетілгенін атап өткен фильмнің директоры Рая Адығанова мен режиссер Марат Қоңыров кинотуындыны түсіруге қатысқан барлық түсіру тобының атынан өңір басшысы Самат Ескендіровке алғыс білдірді.

Бұл фильмнің ерекшелігі – оның деректілігінде. Фильмді түсіруге кіріспес бұрын Марат Қоңыров шаң басқан мұрағаттарды ақтарып, ақын өміріндегі беймәлім тұстарды анықтауға тырысқан. “Алаштың азаттығы үшін күрескен сыршыл ақын өмірінің қанық бояуларын жеткізу үшін құрғақ деректі тәсілдің өзі жеткіліксіз, сондықтан фильмді түсіруде киноөндіріс саласында енді пайда болған жаңа тәсілді қолдандық” деген режиссер фильмде Мағжанның аяғы басқан Мәскеу, Алматы сынды мекендер хроникалық таспалардан алынып, компьютерлік графика арқылы жасалғандығы жайында әңгімелеп берді.

Өңіріміздің мәдени өмірінде орын алатын ерекше оқиғаға Мағжанның жастық шағы мен өмірінің соңғы кезеңін бейнелеген актер Дарын Қалиев пен М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының сахнагері, ҚР еңбек сіңірген қайраткер Дулыға Ақмолда келді. Баспасөз конференциясында олар да фильм жайлы өз ойларын ортаға салып, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қойған сұрақтарына жауап берді. Фильмнің түсіру тобымен бірге кинотуындының премьералық көрсетіліміне келген Мағжан Жұмабаевтың немере жиені Шайзада Бекішева да атасының туған жеріне аяқ басты.

Жиын соңында қадірлі меймандар Мағжан Жұмабаев туралы жазылған кітаптар мен ақынның өлеңдер жинағы топтастырылған кітап көрмесін тамашалады. Қуантарлығы сол, кинотуындының көрсетілімімен қатар, Мағжан жайында белгілі өлкетанушы Қайролла Мұқановтың “Мағжан ізімен” атты жаңа кітабы жарық көрді.

Көптен күткен фильмнің көрсетілімі кеше кешкі сағат 6-да “Қазақстан” кинотеатрында өтті. Бұл жайында толық ақпаратты газетіміздің келесі нөмірінен оқи аласыздар.

СУРЕТТЕ: Мағжан рөлін ойнаған актерлер Дарын Қалиев пен Дулыға Ақмолда.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

(Мағжан Жұмабаевтың 120 жылдығына арналған мақалаларды 2-беттен оқи аласыздар). 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp