Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Қазір көрші Ресейде, Еуропа валюта аймағында және тағы басқаларда, соның ішінде, әрине, біздің елде де ең ұсақ монеталарды айналымға шығарудан бас тарту әңгімесі шығуда. Бұл бекер де емес. Айталық, еуроаймағы елдері 1 және 2 еуроцент номиналындағы монеталардан бас тартуды ойланып отыр. Осы мәселе төңірегіндегі ресми пікірталас Брюсельде 14 мамырда басталды. Оған бұдан әрі мұндай ұсақ ақша шығарудың пайдасы бар ма деген сұрақ желеу болып отыр. Еурокомиссияның деректері бойынша, 2002 жылдан бастап еуроаймағының әрбір елі аталмыш монеталар шығаруға 1,4 миллиард еуродан шығын шеккен көрінеді. Монетаны қажет етпейтіндердің пікірінше ұсақ ақша тұрғындар сұранысын тудырмайды, тіпті, оларды түрлі қызмет көрсету автоматтары төлемге қабылдамайтын көрінеді.
Иә, бұл біздің монеталық 1, 2, 5, 10, 20, 50 және 100 теңгелік ақшаларымызға да тән жай. Оларды ешқандай төлем автоматтары қабылдамайды. Бірақ осы ұсақ монеталық ақшаларсыз күнделікті тұрмыстық қажеттілікті өтеу де оңай емес. Ақшалай есеп айырысуда көбінесе төлем карточкаларын пайдаланатын еуроаймағында ұсақ монеталарға сұраныс аса сезілмейтін де шығар, ал төлем карточкалары тек супермаркеттерде ғана пайдаланылатын біздің елімізде ұсақ ақшасыз бұлтара алмайсың. Ұсақ ақшадан безіну дегеніміз, өз ырқыңмен инфляция туғызумен бірдей. Айталық, ұсақ ақша болмаса, 46 теңге тұратын нанды, 25 теңгенің тұзын, 3 теңгенің сіріңкесін қалай аласың? Күнделікті қоғамдық көлікке мінуге де ұсақ ақша қажет. Оларды шығару тоқтатылса, әлгідей арзан тауарлар мен қызметтердің бағасы жоғарылатылып, бүтін деңгейге дейін көтерілмей қоймайды. Яғни, бұрынғы 1 тиын ғана тұратын сіріңкені 3 теңге етіп, 300 пайызға көтергеніміздей, білдірмей енетін гиперинфляцияға ұрынарымыз анық. Өйткені, ұсақтан басталған баға өсімі құнды тауарлар нарығына да әсер етпей қоймайды. Бір сөзбен айтқанда, негізінен төлем карточкаларымен жұмыс істейтін еуроаймақпен Ресейді немесе бізді салыстыруға мүлде келмейді. Еурокомиссия соның өзінде ойланып, толғанып-ақ отыр.
Жағдайды сараптаған Еурокомиссия ұсақ ақша тағдырының төрт нұсқасын ұсынуда. Біріншісі, бәрін сол күйінде, өзгеріссіз қалдыруды көздейді. Екінші нұсқада – 1 және 2 еуроцент монеталары өндірісінің шығындарын азайту үшін арзан металдар пайдалануды ұсынады. Ал үшінші және төртінші нұсқалар оларды шығаруды тоқтатып, айналымнан алынуын жақтайды, оның жылдам және біртіндеп атқарылуы мүмкін екі жолын көрсетеді. Соның ішінде екінші жолында монеталар заңды төлем құралы болып қала береді және ақырындап өздігінен жойылатын болады. Бұл нұсқа ұзаққа созылғанымен, оны пайдаланушыларға ешқандай ауырлық түсірмейді. Ұсақ монеталарды айналымнан жылдам алып тастаған жағдайда бағаның жоғарыға қарай дөңгелектенетінінен еуропалықтардың өзі сескенеді.
“Еурокомиссия 1 және 2 еуроценттік монеталардың пайдасы мен зияны тақырыбында бизнессекторымен, тұтынушылармен, қазынашылық ұйымдармен, монета аулаларымен және Еуроодақтың Орталық банкімен пікір алмасу өткізді. Өз қорытындыларымызды халыққа жария еткеннен кейін оны мүше мемлекеттермен және мүдделі тараптармен талқылаймыз”, – дейді Еурокомиссияның вице-президенті Олли Рен.
Еуроценттің болашағына қатысты пікірталас кейбір Еуроодағы елдерінің айналымнан еуроаймақтағы ең ірі номинал – 500 еуролық банкнотты алу ұсынысына да жауап тапқандай болып отыр. Атап айтқанда, мұндай бастамамен бірқатар неміс сарапшылары және Италия банкі шыққан болатын. Олар өз көзқарасын аталмыш банкноттың ең ұсақ монеталар сияқты тұрғындардың сұранысын тудырмайтынымен, бірақ криминалдық ортаның өкілдерінде, жемқорлар мен салықтан жалтарушыларда “түбі шикі” ақшаны сақтау мен тасымалдауда ыңғайлы құрал болып табылатынымен түсіндірді. Алайда, Еуропалық Орталық банк мұндай негіздемеге құлақ асқан жоқ.
Десе де, жекелеген ақша белгілеріне немқұрайдылыққа қарамастан, бүтіндей өңір тұрғындарының еуроға деген сенімі арта түсуде. Бұрынғысынша бірыңғай валюта аймағының 60 пайыз тұрғындары еуроны қолдайды. Тіпті, дағдарыс әбден қажытқан Италия мен Испания сияқты елдердің өзі тек еуроға сенім артып отыр. Ол ұсақ центтері мен өте ірі банкнотынан айрылса да, әлемдегі ең беделді қаржы құралы болып қала береді деген үмітте.