Өткен аптаның жексенбісінде адам жанын ажалдан арашалап, дертіне шипа тауып, көмек қолын созуға дайын тұратын дәрігерлер қауымының кәсіби мерекесі аталып өтілді. Медицина саласының бірнеше қызметкері түрлі марапаттарға ие болды. Солардың қатарында “Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі” төсбелгісімен марапатталған облыстық наркологиялық диспансердің бас дәрігері Берік Ибраевқа жолығып, сұхбаттасқан едік.
– Берік Зікірияұлы, әңгімемізді Сіздің еңбек жолыңыздан бастасақ.
– Мен 1990 жылы Целиноград медициналық институтын бітіргеннен кейін, Петропавл қаласындағы облыстық ауруханада хирург мамандығы бойынша интернатурадан өттім. Одан кейін Есіл аудандық ауруханасына жолдама алып, сонда 1998 жылға дейін хирург болып қызмет атқардым. Ал 1998-2003 жылдар аралығында облыстық ауруханада нейрохирург болып еңбек жолымды жалғастырдым. 2003 жылдың қыркүйегінде Аққайың ауданының аудандық ауруханасына бас дәрігер болып тағайындалдым. 2009 жылға дейін сол жерде еңбек етіп, кейін Петропавл қалалық №3 емханасына бас дәрігерінің орынбасары қызметіне ауыстым. Жарты жылдан кейін облыстық наркологиялық диспансердің бас дәрігері болып тағайындалып, еңбек жолымды осы мекемеде жалғастырып келемін.
– Аудандық ауруханада жұмыс істеген кездеріңізді қалай бағалайсыз?
– Иә, аудандық ауруханаларда кадр жетіспеушілігі – қашанда өзекті мәселе. Бірақ, менің өмірден ұққаным – жас маман үшін аудандық ауруханада қызмет істеу мол тәжірибе жинау үшін қажет. Егер қаладағы медициналық қызмет көрсету мекемелерінде мамандар сала бойынша еңбектерін ұйымдастырса, ал аудан орталықтарында хирургтің де, анестезиологтің де, гастроэнтерологтің де, ревматологтің де жетіспеушілігінен кей кездері өзіңе солардың орнын жоқтатпауға тура келеді. Балалармен жұмыс істеу, тіпті қиын, сондықтан педиатрдың біліктілігі де артық болмайды. Әсіресе, демалыс күндері кезекшілікке түссең, онда әртүрлі саланың дәрігері қызметін атқарасың. Келіп түскен ауруға шұғыл көмек көрсету керек болғандықтан, ойлануға уақыт та жоқ. Ол жерде тек өз қабілетіңе жүгіне аласың. Сондықтан мен үшін аудандық ауруханалардың тәжірибе жинауда, біліктілікке үйренуде маңызы зор. Қазір мен қалада нейрохирургия саласымен ғана айналысып отырсам, ауданда барлық мамандыққа бейім тұрған едім.
– Хирургтің ота құралдарын қолға алып, өзіңізді дәрігер сезінген кез қай кезден басталады?
– Оған да 25 жылдай болып қалыпты. Институттың алтыншы курсы тек хирургия мамандығы бойынша оқытылды. Сол кезде бізге ұстаздарымыз, мүйізі қарағайдай профессорлар жеңіл-желпі оталар жасауға сенім білдіретінді. Олардың қадағалауымен шұғыл оталарды жүзеге асыруды үйрендік. Одан кейін еңбек жолымыз басталған кезде аға буын әріптестерімнің баулуымен біліктілігімді арттырып, хирургиялық ота жасаудың түр-түрін меңгеріп алдым.
– Сіздің “сенім артты” деген сөзіңізден шығады: бүгінгі таңда жас дәрігерлердің дайындығы туралы алып-қашпа әңгімелер көбейіп кеткен сияқты, оған не дейсіз?
– Мен бүгінде медицина қызметкерлерінің дайындығы төмендеп кеткен деген ойдан аулақпын. Жас мамандар келген кезде үйренуге, өзін-өзі көрсетуге талпынары сөзсіз. Сол кезде ұжымның көмек қолы керек-ақ. Оларға сенім артуды ешқашан естен шығармау қажет. Жас маман жеңіл-желпі қателік жіберсе, оларға ауыр сөз айтып, көңілдерін қайтаруға болмайды. Сонда олар алдыңғы буынның орнын басар жақсы мамандар болып қалыптасары сөзсіз. Ал дәрігер болғысы келген адамға жауапкершілік деген қасиет осы мамандықты таңдаған кезден қалыптасады. Мен де аға буынға қарап, бойымды түзеп өстім. Бүгінге дейін Сәбит Ыбыраев, Оралтай Мұқашев, Георгий Конников сынды аға-әріптестерімнің есімдерін естен шығармай, оларды өзімнің тәлімгерлерім санаймын және олардың маған деген сенімі үшін өле-өлгенше разымын. Бүгінгі жастардың мүмкіндігі тіпті жоғары. Медициналық мекемелердің қатары жылдан-жылға жас кадрлармен толыға түсуде. Бүгінгі жастар үшін шетел тәжірибесін үйренуге, сонда оқуға мүмкіндік зор. Біздің елде көңіл бөлінбей келген медицинаның құпия жақтары ашылып, ғылымымыз дамып келеді. Бүгінгі таңда кадр даярлаудағы және дәрігерлік қызмет көрсетудегі материалдық-техникалық базаның даму үдірісі, тіпті, таңғалдырады. Оның үстіне ұлт саулығы басты назарға қойылып отырғандықтан, мемлекет тарапынан да үлкен қолдау көрсетіледі. Жас мамандарға көтермеақы беріледі, пәтер алуға жеңілдік жасалған. Ең бастысы – медицинаны таңдаған адам өмір бойы ізденудің, үйренудің жетегінде жүруге тиіс. Оны мамандық талап етеді.
– Кадр жетіспеушілігінің бүгінгі Сіз басқарып отырған мекемеге қатысы бар ма?
– Бізде бүгінгі таңда кадр мәселесі толық шешілген деп айта аламын. Техникалық қызметкерлерден бастап, білікті мамандарға дейін қалыптастырылған. Біздің диспансер кеңес-сараптама қызметін атқаратындықтан, мамандар қатары да әртүрлі. Мекемемізде күндізгі емдеу бөлімі, уақытша бейімдеу орталығы, ауруларды қабылдау бөлімі жұмыс істейді. Бүгінгі таңда бізде 144 адам еңбек етеді. Қызметкерлердің еңбекақысы жаман емес. Жалпы еңбекақы мәселесі әр ұйымның өзіне байланысты. Штат кестесі, бюджеттік бағдарламалар бар, осының барлығын қолдана отырып, қарамағыңдағы қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге болады. Бізде сараланған еңбек төлемі жүргізіледі. Егер қызметкер үлкен жауапкершілікпен, сапалы әрі жоғары нәтижемен еңбек етсе, әрине, оның еңбегін әділ бағалау – әкімшіліктің міндеті. Бұл – жұмыс сапасын арттыруға ынталандырады.
– 2003 жылдан басшылық жұмыста жүрсіз. Осы мерзімде қандай бастама көтердіңіз?
– Оны айтсам, өз-өзімді мақтағанмен бірдей ғой. Бірақ жақсы іс кімнің болсын ұзақ уақытқа дейін көңілін жадыратып жүреді. Аққайың ауданында қызмет еткен кезімде жергілікті биліктің үлкен ықпалымен аудандық аурухананың жұмысын бір қадам алға жылжыттық деп айта аламын. Мен бас дәрігер қызметін қолға алған бірінші жылы ауруханаға бес жас дәрігер қабылданды. Бұл – мамандардың жетпей тұрған кезі болатын. Ол жылдары жас кадрларды қолдайтын мемлекеттік бағдарлама жоқ. Сонда бізге сол елді мекеннің шаруа қожалықтары көмек көрсетіп, жас дәрігерлердің үй мәселесін шешіп берді. Әрине, бір уақытта аудан орталығына бес маманның келуі үлкен жетістік деп білемін. Сондай-ақ Аққайың ауданында еңбек еткен жылдары ұжымның ауыз-бірлігінің, біліктілігінің арқасында еңбегіміз нәтижелі болды. Ауданда ауру-сырқау адамдардың саны азайып, облыс бойынша көрсеткішіміз қуантарлық деңгейге көтерілді. Тіпті, ана мен бала өлімі туралы әңгіме ұмытылды. Ауруханада жергілікті әкімдік пен денсаулық сақтау бөлімінің қамқорлығымен медициналық және кеңселік құрал-жабдықтар жаңартылды.
– Ал бүгінгі басшылық жасап отырған мекемеде жұмыс қалай ұйымдастырылуда?
– Біздің мекеменің есебіне нашақорлар мен алкогольді ішімдікке жақын 9500 адам тіркелген. Оның 802-сі – нашақор. Ауруды емдеу және қалпына келтіру үшін мүмкіндік зор. Бірақ көп жағдайда бізге келіп түскен адамдар ауруынан толық айығып кетуі үшін үлкен күш керек. Олар үшін ең қажеттісі – психологтер мен психотерапия мамандарының көмегі. Бұрын бұл ауру дәрі-дәрмектермен емделсе, бүгінде оның ең тиімді шипасы аурудың қасіретін адамның санасына жеткізу, ұғындыру болып табылады. Ауруға шалдыққан адамның туған-туыстары да үлкен қолғабыс жасаулары керек. Өз еркімен емделуді қолға алған адаммен бұл мәселе оң шешіледі. Бір байқағаным, көп адамдар өздерін “ауруға шалдықтым” деп ойламайды. Кейбіреулер емделіп шығып, біраз уақыттан кейін ескі әдетіне қайта басуы мүмкін. Бұл, әрине, қоғамдық қасірет. Сондықтан қанша адамның толық айығып кеткендігін де айту қиын. Бірақ, біз алдымызға келген аурудың немесе оның туған-туыстарының өтініштерін аяқсыз қалдырмаймыз, шамамыз келгенше көмек көрсетеміз.
– Сіздің осы ауыр да қадірлі мамандығыңызға отбасыңыз қалай қарайды?
– Екі қызым бар, бірақ, олар біздің жолымызды қуған жоқ. Мен зайыбым екеуіміз бір институтта оқып, бір ауруханада 15 жыл бірге еңбек еттік. Ол – гинеколог. Бүгінде облыстық перинаталдық орталықта еңбек етеді. Жас кезімізден бастап, жұмыс барысындағы қиындықтарды бірге көрдік. Мәселен, аудандағы еңбек жылдарымыз қызықты болатын. Онда арнайы бейімделген мамандар түнгі кезекшілікте бола бермейді ғой. Сондықтан түнде науқас түссе, бізді үйден келіп алып кететінді. Түн ішінде үйдің терезесіне жарық түссе, зайыбымыз екеуіміз “саған келді ме, маған келді ме” деп бір-бірімізге қарап жататын едік. Онда балалар да кішкентай. Түн ұйқымыз бөлінбесе, қуанатын едік. Өзіме жар етіп таңдаған Ирина Геннадьевна менің де, өзінің де кәсіби өсуіне үлкен ықпал етті деп мақтан ете аламын. Екеуіміз ұзақ жылдар түсіністікпен өмір сүріп келеміз.
– Егер уақытты кейін шегеретін мүмкіндік болса, Сіз басқа мамандықты таңдар ма едіңіз?
– Мен дәрігерлікті таңдағаныма еш өкінбеймін. Тіпті, өткен ғасырдың 90-шы жылдары жолдастарым коммерцияға шақырған кезде, өз жолымнан тайған емеспін. Талай қиын кездерді бастан өткердік, бірақ мамандыққа деген сүйіспеншіліктің арқасында бәрін еңсердік.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.