«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛАҢ ИЕЛЕРІ – “Ақ бидайдың” жеңімпазы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тимирязев ауданының орталығында өткен облыстық “Ақ бидай – 2013” жазғы ауыл спорты ойындары спартакиадасы өз мәресіне жетті.  

Спартакиада қорытындысы бойынша Тимирязев ауданының спортшылары жеңімпаз атанды. Екінші орынды қызылжарлықтар иеленсе, үшінші орынды Тайынша ауданының құрамасы қанжығасына байлап қайтты.  

Үш күнге созылған дәстүрлі жарыста өңіріміздің 1500-ге таман спортшысы волейбол, баскетбол, футбол, шахмат, дойбы, атыс, еркін күрес, үстел теннисі, армрестлинг, жеңіл және ауыр атлетика, гір көтеру, велоспорт түрлерінен сайысқа түсіп, бақ пен бап таластырды.

Атап айтар болсақ, тимирязевтік ерлер волейболдан, үстел теннисінен, жеңіл және ауыр атлетикадан – бірінші орынға, ал баскетбол мен еркін күрестен екінші орындарға лайық деп танылса, әйелдер баскетбол мен волейбол бойынша топ жарды. Осылайша жеңістің бірінші сатысына көтерілген алаң иелеріне қызылжарлық және тайыншалық спортшылар мықты бәсекелестік танытып, ойынды қыздыра түскен еді. Тартысты сайыс барысында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның спортшылары ерлер арасында баскетбол және футбол ойындары бойынша үздік атанса, қыздар арасында баскетболдан қарсыластарын шаң қаптырған тайыншалықтар жеңіске жетті. Қызылжар ауданының командасына шахматтан, велоспорттан, армрестлингтен қарсы келер қарсылас табылмаса, Мағжан Жұмабаев ауданы – дойбыдан, шалақындықтар гір спорты мен нысана көздеуден алға суырылып шықты. Ал Мамлют ауданының құрамасы еркін күрестен жеңімпаз атанды.

Бәсекелі доданың қорытындысы бойынша, Қызылжар ауданының құрамасына – 300 мың теңге, ал тайыншалықтарға 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды. Ал Тимирязев ауданының командасы облыс әкімі Самат Ескендіров тіккен бас жүлде – “ГАЗель” автобусын алды.

(Өз тілшімізден).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp