«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЗ АШТЫРУДЫН АРТЫКШЫЛЫFЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кенжетай ДҮЙСЕНБАЙ,

ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы, “Қызылжар” орталық мешітінің

бас имамы

Айлардың сұлтаны болған Рамазан айында мұсылманның жасаған әрбір игі амалы Алла тағала тарапын үлкен сауапқа кенелтеді. Жаратушының рақымы жауған бұл ерекше айда мұсылман баласы шамасы келгенше игі істерді көптеп істеуге тырысуы керек. Алла тағала Құран Кәрімде: “Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты”, деген.

Ибн `Аббастан жеткен мына хадис те соған дәлел бола алады: “Алла елшісі (с.ғ.с.) ең жомарт адам еді. Ал Рамазанда ол, әсіресе, жомарттық танытқан. Әрі ол жақсы істерге, еркін соғатын самалдан да артық жомарт еді”.

Шексіз мейірімді Алла бұл айда өзінің сүйікті құлдарына әртүрлі себептермен жаннаттың есігін айқара ашады. Пайғамбарымыздың Табараниден келген хадисінде Алланың елшісі былай дейді: “Келген Рамазан айы сендер үшін береке, күнәлар жойылатын кешірім айы. Ол (Алла) сендердің бұл айдағы жарыса істеген қайырлы амалдарыңа ерекше көңіл бөледі және періштелерінің алдында сендерді мақтан тұтады. Сол себепті сендерден қайыр амалды талап етеді. Бұл айдағы нағыз бақытсыз, ол – Алланың рақымынан мақұрым қалған”.

Игі амалдармен бәсекелесу әрбір мұсылманға тән сипат. Бұл шарапатты айдағы сан алуан ғибадаттың ішінде ауыз аштырудың сауабы ерекше мол. Пайғамбарымыз: “Қандай амал абзал?” деп сұралғанда: “Таныс болған және таныс емес кез келген адамдарды тамақтандыру және сәлем беру” деген. Яғни, кез келген адамды жынысына, нәсіліне қарамастан тамақтандыру, салиқалы амал болып саналады. Басқа бір хадисінде: “Кімде-кім ораза ұстаушының аузын аштырса, ораза ұстаған адамның сауабындай сауап алады” деген.

Оразада ауыз аштырудың хикметтері мен пайдалары:

– ораза ұстаған адамдардың арасында жетім, жесірлер, кембағалдар болуы мүмкін. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): “Менімен жетімге қамқорлық етуші адам жаннатта мына екі саусақ тәрізді жақын боламыз”, – деп сұқ және ортаңғы саусағын көрсетуі де бұл істің абзал, әрі Алланың қош көрген салиқалы сүннет екендігін аңғартады;

– Рамазан кезінде аш адамдарды тамақтандыру дүниелік және ақыреттік азаптардан арылтады.

– баршаға белгілі, ораза ұстаушы адамдардың ішінде Аллаға жақын тақуалары болады. Олардың ризашылығы мен батасын алу екі дүние бақытына жетелері сөзсіз. Пайғамбарымыз бір хадисінде: “Үш түрлі дұға қабыл: ораза ұстаушының, жәбір шеккеннің және мүсәпірдің”. Осы орайда ата-бабамыздың: “Баталы құл арымас, батасыз ел жарымас” деген нақыл сөзі еріксіз ойға келеді;

– мұсылмандардың бір жерде бас қосуына себеп болу – адамдар арасында өзара бауырмашылықтың пайда болуына апарады. Пайғамбарымыздың мүбәрак хадисінде: “Кімде-кім жаннаттың рахатын қаласа, жамағатпен бірге болсын” делінген;

– мұндай жиындарда имамдар тарапынан уағыз-насихат айтылып, халықты асыл дінімізге үгіттейді. Уағыздардан кейін ораза ұстап жүр-гендер ғана емес, сондай-ақ өзге жандар да сәждеге бас ұрып, имандары көтеріліп жатқанын байқайсыз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде айтылғандай, мұндай отырыстарға періштелер де қатысып, Аллаға бұл мүбәрак отырысты сүйіншілейді;

– ауызашар жасаған адам ораза ұстаған адамның сауабындай Алланың мейіріміне кенеледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай: “Кімде-кім ораза ұстаушы адамның аузын аштырса, еш кеміместен ораза ұстаушы адамның сауабындай сауап алады”.

Алғашқы дәуір ғалымдарының Рамазан айындағы құлшылықтарына мысал келтіретін болсақ. Олар Рамазан айының келуін асыға күтетін, бір-бірімен жарыса қайырлы амалдар істейтін. Имам Ибн Шиһаб әз-Зуһри Рамазан айы келгенде: “Бұл Құран оқу мен адамдарды тамақтандыру айы”, деп айтқан.

Сол сияқты Ибн `Умар, Мәлик ибн Динар, имам Ахмад Рамазан айында ауызашарларды кедей-кепшікпен өткізгені мәлім. Ал Ибн Умар туралы жеке айтар болсақ, онда оның тек жетім немесе кедей адаммен ғана ауыз ашатыны жөнінде хабарланады.

Тіпті, ораза ұстаған адамға бір құрма немесе бір кесе сүт берген адам да ауызашар бергендей сауапқа ие болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Кімде- кім Рамазанда ораза тұтқан кісіге ауызашар берсе, күнәлары кешіріледі. Ораза тұтқан кісінің сауабына тең сауап бұған да беріледі” дегенде, сахабалардың кейбіреулері бір адамға да ауызашар беретін мүмкіндіктері жоқтығын айтты. Оларға жауап ретінде: “Бір құрмамен ауызашар бергенге де, бір ғана сумен ауыз аштырғанға да, аз ғана сүт бергенге де бұл сауап жазылады”, деді.

Жоғарыдағы хадистерді саралай келе мына бір хадиске тоқталайық: “Сендердің ең жақсыларың – ас бергендерің!”.

Егер адамдарға ас беру исламның ең жақсы амалдарының бірі болса, онда осы ұлы амалды Рамазан айында жасаудың сауабы жайлы айтпаса да түсінікті.

Қадірменді мұсылман қауым! Баршамызды төмендегі Құран аяттарында сипатталған Алланың сүйікті құлдарынан болуға нәсіп етсін: “Тамақты жақсы көре тұра міскінге, жетімге және тұтқынға жегізеді. (8) Олар: “Шын мәнінде сендерді Алланың ризалығы үшін тамақтандырамыз. Сендерден қайтарым, алғыс тілемейміз.” (9) Расында қорқынышты болған, үрейлі күннен Раббымыздан қорқамыз.” (дейді) (10) Сондықтан Алла, оларды сол күннің апатынан сақтап, жарық жүзге әрі қуанышқа бөлейді”. (11)

Жылына бір мәрте келетін ізгілік айында сауаптардан мақұрым қалмайық, ағайын!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp