«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БАЙ ЕҢБЕК” ДЕП АТАПТЫ БҰРЫНҒЫША…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Есіл ауданындағы шағын ауылдардың бірі – Еңбек Покровка ауылдық округіне қарайды. Кеңшарлар тарай бастаған кезде жергілікті тұрғындар шаруа қожалығын құрып, 2005 жылы оны заман ағымына орай “Бай Еңбек” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне айналдырды. Аталмыш шаруашылықты жеке отау тіккеннен бері осы ауылдың тумасы Қайырбек Қожасов басқарады. Мемлекеттік “Сыбаға” бағдарламасы арқылы егіншілікпен бірге мал шаруашылығын қоса дамытуды қолға алған серіктестікке арнайы ат басын бұрдық.

Нұрсайын ШӘРІП,  

“Солтүстік Қазақстан”.

“Бай Еңбек” ЖШС бүгінде 57 түтіні бар ауылдың 30 азаматын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Агроқұрылым 3,5 мың гектар егістік алқапқа, 250 гектардай жайылымдыққа, 300 гектар шабындыққа иелік етеді. Биыл соның 2,5 мың гектарына Қызылжар өңірінде кеңінен қолданыла бастаған бидайдың “Омбы-36”, “Сибирянка” сұрыптарын, 300 гектарға “Кедр” арпасын, 100 гектарға сұлы дақылын сеуіпті.  

– Химиялық өңдеу дер кезінде атқарылды. Шілденің ыстығы мен соңғы күндердегі жауын көңілімізді тоғайтады. Әйтеуір, егістіктің беталысы жаман емес. Көңілдегідей өнім аламыз ба деген үміт бар, – дейді Қайырбек Қажығалиұлы.  

ЖШС соңғы жылдары мемлекеттің қолдауы арқасында машина-трактор паркін жаңарта бастаған. “ҚазАгроҚаржы” арқылы лизингке 6 “МТЗ-82,1”, “МТЗ-1221,2” тракторын, 2 “Агрос-530” комбайнын, 2 роторлы шалғы, орама шөптайлағыш алыпты. Былтыр механикалық қырманға сағатына 30 тонна астық тазалайтын “САД-30” қондырғысын орнатыпты. Жаңа комбайндарға арналған ағаштан қиылған гараж да өткен жылдың жемісі көрінеді.

– Екі мың тонна астық сақтайтын 4 қоймамыз бар. Соларды жаңа ораққа дейін күрделі жөндеуден өткіземіз, асфальт төсейміз. Авто-таразыға арналған жайлы үйшіктің құрылысын да өз күшімізбен жүргізіп жатырмыз, – дейді серіктестік басшысы.

“Жаз шанаңды, қыс арбаңды сайла” дегендей, дала жұмыстары саябырлаған кезде серіктестік механизаторлары отын әзірлеуге жұмылдырылған екен. Олар ауыл тұрғындарын 10 текше метр отынмен қамтамасыз етіп болып, енді серіктестік механигі Қанат Темірғалиевтің басшылығымен шаруашылық мұқтажына 100 текше метр ағаш кесіп жатқан көрінеді.

Мемлекеттік мал шаруашылығын дамыту бағдарламасына орай агроқұрылым ірі қара өсіруді осыдан екі жыл бұрын бастапты. Сол үшін механикалық қырманның екінші бөлігіне 2011 жылы 100 басқа арналған мал қорасын өз күштерімен салып шыққан. Оған жергілікті материалдар пайдаланылыпты. Электр желісі де, жерасты ұңғыма құдығы да дәл қасында.

– Облыс бойынша қолға алынып жатқан игілікті шарадан шет қалғымыз келмеді. Ұжымшар кезінде ауылымыз бір мыңдай жылқы ұстап, мал өргізіп, “Бай Еңбек” атанған екен. Оны көнекөз қариялардан талай естігенбіз. Солардың жолын жалғастырсақ деген ниетіміз бар. Біз етті ірі қара өсіруге бағыт ұстанып отырмыз, – дейді серіктестік басшысы.

2011 жылы “Сыбаға” бағдарламасы арқылы берілген 15 млн. теңге несиеге “Заградовское” ЖШС-інен 50 бас қазақтың ақбас мұқыл етті сиырын, Ақмола облысындағы “Свободная” ЖШС-інен 3 герефорд бұқасын сатып алыпты. Солардан өткен жылы өріске – 46, биыл 45 бұзау қосылыпты. Жыл басында тағы “Сыбаға” бағдарламасы арқылы несие алып, мал басын 190-ға жеткізіпті. Етті малдарды бұзауымен бірге Ғалым мен Қанат Бапашевтер бағып жүр. Оларға ай сайын 60 мың теңге көлемінде еңбекақы төленетін көрінеді.

– Бұл жолы қашарларды Тайынша ауданындағы “Вишневское” ЖШС-ден әкелдік. “Алабота” тұқымы. Алғашқы межеміз – мал басын 200-ге жеткізуге жақындап келеміз. Репродуктор шаруашылық құрсақ деген ниетіміз бар. Оған мүмкіншілігіміз жетеді. Өткен жылы 100 бас малға арналған 2-ші қора мен шашпаны тағы өз күшімізбен іске қостық, – дейді бізді серіктестіктің шабындық жеріне қарай бастап келе жатқан Қайырбек Қожасов.

Ауылдан 15 шақырымдай қашықтықтағы ормандар алқабындағы кең жазықтың шөбі шүйгін екен. Роторлы шалғы тіркеген екі трактор қайшымен қиғандай биік өскен жапырақ аралас көк балаусаны жосылтып жүр.

– Серіктестіктің өзінікі деген екпешөп алқабы жоқ. Есіл тасымағалы оның алқасы мынадай құнарлы бола бермейді. Сондықтан ауылдан қашық болса да, осындай орманды алқаптағы кең жазықтарды айналдырамыз. Биылғы қардың қалыңдығы мен көктемгі ылғалдың молдығы ағаштардың бауырындағы шөпке де әсерін көп тигізді. Қазірдің өзінде белуардан келеді. Оны шабуға, жинауға, орама шөптерді қотанға тасуға Самат Ыбыраев, Қайсар Жақыпов сынды озат механизаторларымызды жұмылдырып отырмыз. Олар жаңа техниканың құлағында ойнайды. Түстік тамағын уақытында әкеліп берсек – болғаны. Қалғанын өздері тындыра береді. Жиналған орамашөпті алдымен ауыл тұрғындарына жөнелтеміз. Әр отбасыға – 1,5 тоннадан. Оның бір центнерін шамамен 300 теңге деп бағалаймыз. Орақ аяқталғаннан кейін қосалқы шаруашылықтарға арпа сабаны беріледі. Жемазық өз алдына. Осының бәрі шаруашылықта еңбек ететін 30 адамның алаңсыз жұмыс істеуі үшін жасалады, – дейді Қайырбек Қажығалиұлы іскер жастарға ризашылық кейіппен.

СУРЕТТЕ: шабындықта (солдан оңға қарай) С.Ыбыраев, ЖШС директоры Қ.Қожасов, Қ. Жақыпов.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp