«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЫЛТЫР ӨЗІ САЛДЫРТТЫ, биыл өзі жөндетті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жапар БӘРИҰЛЫ.

Әкем марқұм Бәри Төлегенұлы ауылымыз ғана емес, алыс өңір-аймақтарға аты мәлім молда, имандылық жолын ғұмыр бойы ұстанған, кеудесі алтын сандық дерлік адам еді. Ауылымыздан тысқары жерлерден, тіпті, басқа аудандардан қайтыс болған адамдардың жақын-туыстары олардың “Жаназамды Бәри шығарсын!” деген аманатын орындап, әкемді алып кететінді.

Өңіріміздің өткеніне, тарихи тұлғалардың өміріне жетік еді. Үйімізден сол себепті қонақ арылмайтын. Ата тегін білуге ниеттенген, шежіреге ден қойған, шындықты білгісі келген адамдар келіп, кері аттанып жататын.

Екі көзінің зағиптығына қарамастан, бір сөйлескен адамын араға он жыл түсіп кетсе де, дауысынан айыратын. Соған қоса керемет балажан еді. Менің ағам Сапардың тұңғышы Медетті бесікке салғаннан мәпелеп, аталы-немерелі болып, бауыр басты. Медет: “Есейіп, азамат болсам, атамның атын атайтындай етіп мешіт тұрғызам!” – дейтін.

Ол сол арманын орындап, өткен жылы Жамбыл ауданының бұрынғы орталығы болған Благовещенка ауылында 62 миллион теңге қаржыға мешіт тұрғызды. Оны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қарамағына тапсырды.

Жасыратын несі бар, тағайындалған имамның, есепші, күзетші адамдардың еңбекақысын төлеу, мешіт үйін күтіп ұстау, әсіресе, қыс айларында жылумен және жарықпен қамтамасыз ету оңай болған жоқ. Бірақ Медет інім оның орайын таба білді.

Әділбек имамға 900 мың теңге қаржыға Жекекөлден үй сатып әперді. Ол үйді мешіттің қарауына алдырды.

Биылғы шілденің бесі-алтысы күндері Медет Төлегеновтің өзі бас болып, Астанадан арнайы дос-жораларын ертіп келіп, оларға ауылдан ағайын-туғандарымыз, әкемнің немере-жиендері бірігіп, барлығы жиырма екі адам, қасиетті Рамазан айындағы оразаның қарсаңында осы мешіттің ақау түскен тұстарын жөндеуге кірістік. Бір кісідей жұмылған соң жұмыс жеңілдейді ғой. Ақтадық, сырладық, сыртқы қоршауын нығайттық, күмбезін су ақпайтындай етіп қайта жөндеп шықтық.

Мешіт пайдалануға берілерде айналасына бір түбі он сегіз мың теңге тұратын балауса самырсындар отырғызғанбыз. Сол отыз самырсын әжептәуір бой көтеріп қалған. Әр түбін баптап, арамшөптерді отап, су құйып, күтімге алдық.

Қысқа деп екі машинаның қораптарын үйеме етіп толтырып, отын әкелінді. Оны жаруды інім Медет Сапарұлының өзі бастап, дайындап үйіп қойдық.

Мешітті жөндеуге жұмсалған құрылыс материалдарына, оған қажетті құрал-аспаптарға, отын әкелуге, көлік тасымалына, күмбезіне жұмысшыларды көтеріп-түсіруге мұнаралы машинаны жалдауға қажетті қаражатты да Медет өз қалтасынан шығарды.

– Марқұм атамның аруағы риза болсын, қасиетті Рамазан айындағы осы ісіміздің ризығын мінәжат етуші мұсылман қауымы көрсін деген ойда болдым. Атам: “Өлі риза болмай, тірі байымайды” деуші еді ғой, – деді әкемнің кәсіпкер немересі.

Оның жанында жүріп, игілікті ісіне куә болған кіші інілері мен жиендері имандылық дәрісін алып, атқарған жұмыстарын бұлдамай, риза, қуанышты райда болды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp