«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ГИМНАСШЫ АРУ алар асулар алда

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жуырда Ташкентте көркем гимнастикадан Азия біріншілігі өткен болатын. Аталмыш додада командалық көпсайыста Қазақстан құрамасының құрамында ел намысын қорғаған жерлес гимнасшы Виктория Переверзева үшінші орыннан көрініп, қоладан алқа тағынған еді. Жерлесімізді жеңісімен құттықтау үшін оның Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтыратын бапкері Мария Небывайловаға хабарласқан едік.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

– Виктория – көркем гимнастикадан өткізілетін әрбір сайыста өңір намысын абыроймен қорғап жүрген мақтанышымыз. Оның қол жеткізген әр жетістігі баршамызды қуантып жүр. Оған Азия біріншілігінде Қазақстан Ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетіп, жеңістің үшінші сатысына көтерілу оңай түскен жоқ. Себебі, қарсыластарының бәрі де кілең мықтылар болды. Бәсекелі додада қол жеткізген қола медалі сонысымен бағалы, – деген білікті бапкер айтса айтқандай, бүгінде көркем гимнастика бойынша Қазақстанның спорт шебері атанған Виктория – қатарластарына үлгі.

Спорттың аталмыш түрімен 6 жасынан бастап айналысып жүрген гимнасшы қыз 1997 жылы Переверзевтердің отбасында дүниеге келген. Велоспортшы болған әкесі Александр Переверзев зайыбы Ларисамен ақылдаса келіп, әр уақытта жеңімпаз болсын деген ниетпен нәрестеге Виктория деп ат қойған. Балабақшаға барып жүрген кезінде әжесі немересін көркем гимнастика үйірмесіне жетектеп әкелген. Ал кейін жергілікті бапкерлер жасы алтыға жаңа толған қаршадай қыздың бойынан болашақ спортшыға тән қасиеттерді аңғарып, тәрбиелеуге алған. Осылайша көркем гимнастика өнері әлемімен таныстырып, әліппесін үйреткен Мария Яковлевна кішкентай қыздың қарым-қабілетін жіті қадағалайды. Күні бүгінге дейін талантты гимнасшы спортта тұсауын кескен жаттықтырушылары мен жанкүйерлерінің сенімін ақтап жүр.

Спортшылар әулетінде тәрбиеленген қыз ұстаздары мен жаттықтырушыларын еңбекқорлығымен тәнті еткен. Табиғатынан мінезі ақжарқын Викторияның спорттағы алғашқы қадамы сәтті басталған. Білікті жаттықтырушының дәрісімен әдіс-тәсілдердің алғашқы амалдарына қаныққан қыз көп ұзамай жақсы жетістіктерге қол жеткізе бастайды. Қалалық жарыстарда бастапқыда жүлдегерлер санатына ғана енсе, кейін жеңіс тұғырының алғашқы сатысына көтеріле білді. Бапкері Мария Небывайлованың жетекшілігімен бес мәрте облыс біріншілігінің, ҚР біріншілігінің жүлдегері, халықаралық турнирлердің жүлдегері әрі жеңімпазы атанды.

30 жылдық қызмет өтілінің 25 жылын аталмыш спорт мектебінде бапкерлікке арнаған Мария Небывайлова Викторияның дене қуатын және рухани күш-жігерін ертеден аңғарғандығын жасырмайды. “Жасөспірім спортшылар арасында спорт шебері атағын иеленгендердің қатары қалың. Виктория – солардың бірі. Шәкіртімнің жеңістері – сайыстарға айлар ғана емес, жылдар бойы дайындалып, спорт залында шелектеп төккен қара тердің жемісі. Қыз баланың дене бітімі ыңғайлы, нәзік те икемді болуы өз алдына, жеңіске деген жігер, талпыныс та қажет. Егер спортшының бойында бұл қасиеттер үйлесім таппаса, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атану қиынның қиыны”, – деді бапкер.

Сөз арасында тәрбиеленушілерінің жаттығу режіміне тоқталып өткен бапкер қыздардың мектепте аптасына 6 рет жаттығатындығын тілге тиек етті. “Қыздар жас ерекшелігіне, қабілеттеріне қарай 2 топқа бөлінеді. Олардың жас ерекшеліктері 15-16 жас аралығы. Егер балалар оқу жылында сағат төрттен кешкі жетісегізге дейін жаттықса, жазғы демалыс кезінде күндізгі он бірден түскі екіге дейін жаттығады. Менің ойымша, бұл жеткілікті. Бізде жаттығатын өзге қыздар халықаралық бәсекелерге қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген Викторияны үлгі тұтып, оған еліктеуге тырысады. Бүгінде қыздарын көркем гимнастика үйірмесіне ерте жастан алып келіп жатқандар бар. Мұның ешқандай қаупі жоқ. Қазір көркем гимнастиканың ережесі бойынша қыз балалар жеті жастан емес, үш-төрт жастан келсе де болады. Өйткені, алғашқы екі-үш жылда бапкер бүлдіршіннің дене бітімін гимнастикаға бейімдейді де, бес жастан бастап жаттығуды бастайды. Бұл – қалыпты жағдай”, – деген бапкердің айтуынша, үстіміздегі жыл 16 жасар Виктория үшін сәтті басталған. Мысалы, Қарағандыда көркем гимнастикадан өткен ел кубогында облыс құрамасы бірінші орынды алматылықтармен бөлісіп, сайыс қорытындысы бойынша қыздар арасында Виктория Переверзева бірінші орынды иеленсе, Көкшетау, Степногорск және Петропавл қалаларының 100-ден астам спортшыларының қатысуымен өткен облыс біріншілігінде чемпион атанған. Ал Ташкент қаласында өткен Азия біріншілігінде көпсайыста үшінші орынға көтерілді.

Бүгінде Виктория облыс орталығындағы Бiрiншi гимназияның 10-сыныбында оқиды. Бала жасынан спорттың бел ортасында жүрген ол өзіне міндеттелген жауапкершілікті абыроймен атқаруда. Жеңістің биік тұғырына көтеріліп, спортта биік асуларды алу үшін еңбектеніп жүрген балғын спортшы өзінің арман-мақсатымен бөлісті.

– Мектепті тамамдаған соң Санкт-Петербургтің жоғары оқу орындарының біріне оқуға түсіп, көркем гимнастикамен айналысуды жалғастыруға тырысамын. Менің алдағы мақсатым – Киевте өтетін әлем чемпионатына ойдағыдай дайындалу. Сондықтан күн құрғатпай жаттығудамын, – дейді Азия біріншілігіндегі жұлдызды сәтінен кейін халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған Виктория.

Бойында талабы мен таланты ұштасқан жасты шыңдап, баптай білген бапкері жаттығудан еш жалықпайтын шәкіртінің қазіргі уақытта Санкт-Петербургте өтетін халықаралық сайысқа дайындалу үшін Астана мен Шымкентке жол жүргелі жатқанын, ал тамыз айының соңында Киевте өтетін әлем біріншілігінде Қазақстанның намысын қорғауға қызу дайындық үстінде екендігін жеткізді.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp