Бұрнағы күні облыс орталығында “Сабантой” мерекесі 25-ші рет тойланды. Осы орайда мерекеге Татарстаннан белгілі әнші-бишілер арнайы келіп, өз өнерлерін ортаға салды.
Назерке ТҰРСЫНОВА,
журналист.
Өңірімізде 20 мыңнан астам татар өмір сүреді. Олардың 150-ден астамы – “Дуслык” татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің мүшелері.
– Өңірімізде 100-ден астам этнос өкілдері өмір сүреді. Елбасының салиқалы саясатының арқасында әр этнос өкілі өз дәстүрін сақтап, тілін дамытуға құқылы. Мен өңіріміздегі “Дуслык” татар-башқұрт этнобірлестігінің жиырма жылдан астам уақыт бойы “Сабантой” мейрамын тойлап келе жатқанын ерекше атап өткім келеді, – деді мерекеге қатысқан облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов.
Татарлар ең сүйікті мерекелерінде өздерінің ұлттық салт-дәстүрлерін кеңінен көрсетіп, насихаттады.
– Біз мерекені жай ғана атап өтпей, ана тілімізді, мәдениетімізді дәріптейміз. Осы арқылы жас ұрпақты ата-баба дәстүрін жалғастыруға баулимыз, – дейді Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, Татарстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Раиса Бикмухаметова.