Туған жылы – 1987.
Туған күні, айы – 3 шілде.
Бойы – 190 см.
Салмағы – 135 кг.
Туған жері –
Семей облысы,
Абай ауданы.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
“Шығыс барысы” атанған, қазақ күресінен, дзюдодан Шығыс Қазақстанға ғана емес, елімізден тысқары жерлерге даңқы жайылған алып жігіттің боз кілемдегі белдесулерін көрген сайын айызым қанып, өзімен бір тілдесуге ниеттеніп жүруші едім.
Осы тілегімнің сәті түсіп, онымен биыл 8-9 маусым күндері қазақ күресінен облысымыздағы тұңғыш спорт шебері, алпыс жасқа толған Бауыржан Құлжановтың құрметіне Петропавлда Қазақстан чемпионаты өткенде кездесіп едім.
Теледидардан тұлғасымен таңғалдыратын алып жігіттің тұла бойын дәл жанында тұрып көргенде тіпті қайран қалады екенсің. Тап қасыңда ертегідегі Таусоғар тұрғандай. Алайда, алыптардың көбіне тән ұяң, биязы мінезі бірден аңғарылады.
Абай ауданының Құндызды ауылында туған Айбек бала кезінен зор тұлғасымен, әрі ересен күшімен көзге түсіп, жастай “Балуан бала” атаныпты. Әкесі Серікбол: “Осы балам атымды шығарады!” деп үміттеніп жүреді. Ауыл балаларының ермегі – күрес. Қарттар жеткіншектерді күрестіріп қойып, тамашалап рахатқа батады. Сондай белдесулерде Айбек ақсақалдардан үнемі бата алып, атағы шыға бастайды.
– Сен мұнда күрестің әдіс-айласына машықтана алмайсың, – дейді ауылда күреске ебі бар үлкендер. – Семейге баруың керек. Онда нағыз бапкерлерден үйренесің.
Олардың ақылымен Серікбол Нұғымаров 2003 жылы он бес жасар Айбекті Семейдегі қазақ мектебіне алып келіп, осы қаладағы педагогика институтының дене шынықтыру факультетінде дәріс беретін қазақ күресінің маманы Шыңғыс Тұрсыновпен таныстырады.
Осы бапкері жайлы өз аузынан естуге ықылас қойып, Шыңғыс Тұрсыновқа телефон шалғанда:
– Мен Айбектің алғашқы бапкері болғанымды мақтан тұтамын. Табиғи күшқуаты мығым екенін байқасам да, әдіс-айлаға машықтандыру қажеттігін сездім. Оның жаттығуларға деген ынтасы мен ыждағаты көңілімнен шықты, – деді ол.
Айбектің Шыңғыс Тұрсыновтан басқа тағы екі бапкері бар. Серік Қоржыкенов пен Қайрат Шармұхамбетов те өздерінің білген айла-әдістерін үйретіп, оны қазақ күресіне қоса дзюдоға да баулиды.
– Соның арқасында дзюдо күресінен Қазақстан чемпионы атандым, – дейді Айбек.
Алдында өнеге алатын атақты балуан Шалқар Жоламанов сынды ағасы бар Айбек “Қазақстан барысы” жарыстары басталғанда өзіне үміт артқан, әрі ысылған ересек балуаннан үйреніп, былтырғы жылғы белдесулерде жартылай финалға жетіп еді.
Теледидардан тамашалап, тілеулес болғанымды жасырмаймын. Әттең, абайсызда қабағы жарылып, жарақаттанып қалғаны. Өкінішті-ақ! Бірақ боз кілемге бәрібір де шықты. Шықты да кезекті қарсыласы, қарағандылық Ержан Шынкеевті жықты.
– Одан әрі күресуін қаламадық. Өйткені, жарақаты ауыр болды. Қабағынан қан саулап, көзін жауып кете берді, – деді бапкері Шыңғыс Тұрсынов.
Сөйтіп ол қола жүлдені қанжығасына байлап қайтты.
Петропавлда өткен чемпионатта Айбек Нұғымаров ауыр салмақта қарсыластарының бәрін ұтып, тұғырдың ең биік баспалдағына көтерілді.
Әдіс-тәсілімен күрестің жанкүйерлерін риза қылды. Мен оған 30 маусымда өтетін “Қазақстан барысының” ақтық белдесулерінде жеңіске жетуін тілеп, қоштасқан едім.
Осы кездесуден жиырма күннен кейін өткен “Қазақстан барысының” бүкіл жекпе-жектерін теледидардан тапжылмай отырып, тоғыз сағаттай тамашаладым. Айбек финалда Ержан Шынкеевті тағы да ұтып, “Алтын белбеуді” тағынды. Бәйгеге тігілген 150 мың АҚШ долларын, 75 мың доллар тұратын шетелдік көлікті және ауыспалы “Тайтұяқты” жеңіп алды.
Батырға Семейде де айтарлықтай сый-сияпат жасалғанын естідік. Мәселен, оған Семейде үш бөлмелі пәтер, көлік тарту етілді. Оның жеңіспен оралып келе жатқанын білетін ел-жұрт жол бойы көлікті тоқтатып, зор қошемет көрсеткенін ақпарат құралдары жарыса жариялады. Төгілген тердің есесі осылайша қайтуға тиіс қой.
… Айбек Петропавлдағы сұхбат үстінде:
– Қызылжар өңірі де батырлар мен балуандардың құтты мекені ғой. Атадан дарыған қасиет пен құдірет болмаушы ма еді? Сіздердің де балуандарыңыз Қызылжардың даңқын шығарады! – деп еді. Айтқаны келсін деп үміттенеміз.
Астанаға аттанарда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бастап, Абай елінің ағалары ақ тілек арнап шығарып салыпты. Айбек сол үмітті ақтап, абыроймен оралғанына біз де қуаныштымыз.
СУРЕТТЕ: А.НҰҒЫМАРОВ.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.