«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚОЖАХМЕТ ХАЗІРЕТ” МЕШІТІ күзде пайдалануға беріледі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Кішкенекөл ауылындағы мешіт құрылысы аяқталса, ол облыс орталығындағыдан кейінгі екінші үлкен дін ордасы болмақ. Іргетасы 2009 жылы қаланған мешіттің құрылысы қаржы тапшылығынан бір-екі жыл тоқтап қалғанды. Биыл облыс басшылығының қолдауымен үш қабатты ғимараттың құрылысы жалғасып, күз айында қолданысқа беріледі деп күтілуде. Қайырымдылық жолымен салынып жатқан мешіттің құрылысына кәсіпкерлер мен қарапайым тұрғындар 30 миллион теңгенің көмегін көрсеткен. Сондай-ақ аудан аумағында қирап қалған ғимараттардың құрылысқа жарамды материалдары да кәдеге жаратылуда. Оларды пайдаланбас бұрын құрылыс басшылары Көкшетаудан арнайы сарапшыларды шақыртып, әр блокты тексерістен өткізіпті.

Жаңа ғимарат 500-дей адамға шақталған. Аудан орталығында жеті мың тұрғын саналса, оның 90 пайызы мұсылмандар десек, жаңа мешіттің ашылуын тосып жүргендер қатары қалың екендігі сөзсіз. Бүгінде дін жолын ұстанатындар ескі мешітке сыймайды. Әсіресе, айт намазында. Оның үстіне мешітте сауат ашу курстарын өткізген кезде де жайсыздық жиі аңғарылады.

– Жаз айларында міндетті түрде сауат ашу курстары жүргізіледі. Бүгінгі таңда жұма намазына кәрілерден гөрі 30 жастан асқан жастар көп жиналады. Оларға дін жолынан дұрыс бағыт-бағдар беру – біздің міндетіміз. Сондай-ақ мешітті жағалаған жас ұрпақтың көңілін аулау үшін спорттық ойындарды да жандандыруды жөн көріп отырмыз, – дейді ауданның бас имамы Өсербай Шәкенов.

Жаңадан салынып жатқан мешіттің ішінде шахматтан, дойбыдан, үстел теннисінен ойындар өткізуге орындар бөлінген. Бұл жас буын сауат ашу курстарына келген кезде дәріс алудан зерігіп кетпес үшін араарасында спорттық ойындар ойнап, бой жазып алуларына мүмкіндік жасаудың шарасы. Дін мекемесінің басты мақсаты – жастарды рухани тазалыққа шақыру. Өйткені, жастар діншілдіктің оңы мен солын айыра алмай, теріс ағымдардың құрығына түсіп, ой-саналарын улап жатқандығы көпшіліктің жанайқайын туғызып жүрген мәселе. Сондай-ақ жастар арасындағы қылмыстың кең етек жая бастағандығы да аға буынның көңілін алаңдатады. Сондықтан ауданда жастар арасында қылмыстың алдын алу штабы құрылған. Оның мүшесі ретінде ауданның бас имамы ауыл-ауылды аралап, мектепте, не мешітте жасөспірімдер мен жастарды жинап, оларға ақыл-кеңес беруге арналған басқосуларды жиі өткізеді.

– Жастарды жақсы жолға салып, жамандықтан аластау керек. Біз әр кездесуде ұрпақты ата-анаға құрмет, Отанды сүю, айналаңа жанашылықпен қарау сияқты рухани құндылыққа шақырамыз. Әртүрлі тақырыптарда әңгіме өрбітеміз, – дейді.

Ауданның бас имамының тағы бір арманы – жаңа мешіт жанынан спорт ойындары алаңын ашу. Ондағы мақсат – жастар бос уақыттарын осы маңға өткізуге келген кезде олармен рухани және тән тазалығы туралы әңгімелер ұйымдастыру. Имам дін мен спортты қатар алып жүру саламатты өмір сүрудің бір жолы деп біледі.

Жаңа мешіттің ашылуы түрлі себептермен кейінге жылжытылып келеді. Оның бір себебі – асхана мәселесі.

– Аудан жұрты дұға, бата, құрмалдық сияқты діни шараларды осы жерде өткізгілері келеді. Бүгінде олар ондай шараларды мейрамханаларда өткізуге мәжбүр болып жүр. Хадисте арақ ішілген жерден 40 күнге дейін иман қашады, деп айтылады. Бүгін мейрамханада ішімдікпен той өткізілсе, ертеңіне ол жерде дұға оқылады. Бұл – дұрыс емес. Оның үстіне мешіт асханасын жұрт жалға арзанға алар еді, – дейді имам.

Мешіт – өзін-өзі қаржыландыратын мекеме. Сондықтан осы мәселені шешу үшін де асхана құрылыс жобасына енгізілген. Өйткені, қыста мешітті жылыту үшін 130-150 тонна көмір кетеді екен. Сондықтан осындай шығындарды жабуға асханадан түсетін қаржы жұмсалмақ.

Жаңа мешітке Қожахмет хазіреттің аты беріледі. Ол – Жетіүй ауылының тумасы. ХХ ғасырдың басында осы аудан мен Омбының мустахибы болып, дін жолында жүргенінде 1937 жылы атылып кеткен көрінеді. Омбыда оның есімімен аталатын мешіт бар. Өз заманында елге еңбегі сіңген жанның Алматыда тұратын келіні Күләш Асқаққызы тиісті орталықтарға өтініш жасап, оны жамағат бірауыздан қолдап, жаңа мешіт Қожахмет хазіреттің атымен аталатын болыпты.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp