«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНДІРІСКЕ СЕРПІН БЕРГЕН ЖАҢҒЫРТУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.

Петропавл қаласындағы ірі өнеркәсіп орындарының бірі – “Мұнаймаш” АҚ-ның тарихы Ұлы Отан соғысы кезінен басталады. 1941 жылы жау қаумалай ұмтылған Таганрог қаласынан жедел көшірілген машина жасау кәсіпорнының базасында атқарушы механизмдер зауыты құрылды. Ол 1944 жылға дейін тек майданға қажетті өнімдер шығарумен айналысты. Еліміз жеңіске жетіп, бейбіт тұрмысқа көшкеннен кейін мұнда ауыл шаруашылығына қажетті тетіктер мен құрал-жабдықтарды өндіру, радио аспаптарын, халық тұтынатын тауарлар мен мұнай химиясы үшін аспаптар шығару жолға қойылды.

Осыдан аттай он алты жыл бұрын тұңғыш мұнай сорғысын дайындаған кәсіпорын 2003 жылдан бастап “Қазақстан инжиниринг” Ұлттық компаниясы” АҚ-ы құрамына еніп, 2004 жылы осы атқарушы механизмдер зауыты “Мұнаймаш” акционерлік қоғамы болып қайта құрылды. Зауыт бұрнағы жылы өзінің 70 жылдық мерейтойын да атап өтті.

Бүгінде кәсіпорын мұнай-газ құрал-жабдықтарын шығарумен айналысады. Негізгі өндіретін өнім түрі – ұңғыма штангалық сорғылар. “Мұнаймаш” АҚ-ның өнімдерін басты тұтынушы “Барлау Өндіру ҚазМұнайГаз” АҚ-ы болып табылады. Кәсіпорыннан жыл сайын Атырау және Маңғыстау облыстарындағы кен орындарына 6-7 мың сорғы жөнелтіледі. Соңғы жылдары Елбасының Жолдауларында үнемі көтеріліп келе жатқан үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жаңа қадамдар жасалуда. Кәсіпорын “БРК – Лизинг” АҚ-ымен бірлесіп, 2011 жылы Қазақстанда бірінші болып “Мұнаймаш” АҚ-ның механикалық өңдеу өндірісін жаңғырту” инвестициялық жобасын қолға алып, оны өткен жылдың соңында іске қосты.

– “Өнімділік – 2020” бағдарламасының аясында кәсіпорынның өндірістік желілерін 12 бірлік америкалық, жапондық және бразилиялық қондырғылармен жабдықтадық. Жаңа құрал-жабдықтар еңбек өнімділігін 5 есеге дейін арттыруға мүмкіндік беріп, өндірістің технологиялық дайындық циклдары анағұрлым қысқарды. Мұнда тек электр қуатынан ғана алынатын үнем айына 1,5 миллион теңге құрайды, – дейді зауыттың бас инженері Федор Дмитриев.

Жобаға жұмсаған инвестиция көлемі 1,5 миллиард теңгені құрады. Аталмыш жобаның аясында кәсіпорында өндірістік үдерістерді жобалау мен басқаруды автоматтандырудың ең прогрессивтік жүйесін енгізу көзделіп отыр. Сонымен бірге жаңа қондырғы өндірілетін өнімдердің өзіндік құнын 23,0 пайызға қысқартуға, Қазақстанға арналған тауарлар үлесін 70,0 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Осызаманғы жоғары өнімді шетелдік қондырғыларды жеткізумен және орнатумен Ресейдің Воронеж қаласындағы “Солвер” инженерлік-консалтингілік компания айналысты.

“Мұнаймаш” АҚ-ы кәсіпорнында өндіріспен айналысатын еңбеккерлер саны – 142 адам, оның ішінде 67-сі реттеуші, оператор және механикалық өңдеу мамандары сияқты негізгі жұмысшылар болып табылады. Электрондық жаңа қондырғыларда жұмыс істейтіндердің дені – жастар. Ұжымда еңбеккерлердің әулеттік жақсы дәстүрлері жалғасын табуда. Солардың бірі Медведевтер әулетінің осы зауыттағы жалпы еңбек өтілі 64 жылды құрайды. Әкелі-балалы-немерелі машина жасаушылар биылғы 15 мамыр күні Астана қаласында “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ-ы өткізген “Еңбек әулеттері” күнінің салтанатты шарасына шақырылып, қордың арнайы медальдарымен марапатталды. Әулет басы Владимир Иванович – 86 жасқа аяқ басқан ақсақал. Бірақ кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігінен сырт қалып отырған жоқ, конструкторлық бюрода қызмет ететін ұлы Сергейден және бағдарламашылық мамандығын меңгерген немересі Денистен зауыттағы барлық жайға, оның өндірістік жаңалықтарына өте қанық. Әрбір қол жеткізген жетістіктері үшін қуанып отырады.

Кәсіпорында еңбек өнімділігінің еселеп артуы себепті күрделі технологиялық жабдықтармен жұмыс істейтін білікті жұмысшы мамандардың еңбекақысы айтарлықтай көтерілді. Олардың үздіктері айына 150 мың теңгеге жуық табыс таба алады. Жалпы орташа айлық еңбекақы бойынша зауыт облыс машина жасаушылары ішінде алдыңғы орында деуге болады.

Индустриялық жаңа сипатта жұмыс істей бастаған кәсіпорын биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп отыр. Өткен айдың қорытындысы бойынша былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндірілген өнім көлемі 0,8 пайызға өсіп, 1070,0 миллион теңгені құрады. Оны нақты сандық көрсеткіштермен көрсетер болсақ, есепті кезеңде 3178 бірлік мұнай сорғылары шығарылды, ол өткен жылдағыдан 3,7 пайызға жоғары. Дайын өнімдерді өткізуге жасалған келісімшарттар саны былтырғыға қарағанда 1,2 есе өсті.

Зауытта өндірілетін өнім жоғары дәлдікке, тотықтырғыш сұйықтар мен газ ортасындағы темір татына қарсы беріктікке және жоғары шыдамдылыққа ие. Техникалық сипаттамалары бойынша кәсіпорында шығарылатын мұнай сорғылары үздік әлемдік үлгілердің деңгейінде тұр. Өндіріске арналған өнім пайдалану үрдісінде сынақтан өткен мұнай өндіруші кәсіпорындардың талаптарын ескере отырып жасалады.

“Мұнаймаш” АҚ-ы жылма-жыл өндіріс көлемін ұлғайтып келеді, жаңа құрал-жабдықтарды технологиялық желілерде жылдам қолданысқа енгізуде. Осының бәрі кәсіпорынға жоғары деңгейде бәсекеге қабілеттілік танытуға мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде зауытта өндірісті автоматтандырылған түрде басқарудың бірыңғай жүйесі енгізілді. Аталмыш ақпараттық жүйе мынадай міндеттерді атқарады:

– құрал-жабдықтардың пайдаланылуы туралы толық техникалық ақпараттың болуы, техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарына байланысты шаралар туралы ақпараттық қолдауды қамтамасыз ету және тағы басқалары;

– бөлшектер өңдеу үдерістеріне енгізілген және қайыра енгізілетін барлық технологиялық ақпараттың болуы. Технологиялық ақпарат өзіне бағдарламалық қамтамасыз етуді, кескіш және өлшегіш құралдарымен, бөлшектер дайындаудың машиналық уақытымен қамтамасыз етуді енгізеді;

– аталмыш құрал-жабдықпен жұмыс істейтін әрбір оператор, реттеуші, технолог-бағдарламашы туралы жеке ақпараттың болуы. Құрал-жабдықтарды пайдалануға байланысты кез келген іс-қимылды қайталап тексеру және бақылауға алу.

– Біздің кәсіпорын қала және облыс әкімдіктері өткізіп тұратын байқауларға, республикалық көрмелердің барлығына жыл сайын қатысады. Олар – өңірлік және республикалық “Қазақстанның үздік тауарлары”, Президенттің сапа саласындағы “Алтын сапа” сыйлығы және әлеуметтік жауапкершілік жүгін көтеретін “Парыз” байқаулары. Зауыт 2008 жылы өңірлік “Қазақстанның үздік тауары” байқауында жүлделі үшінші орыннан көрінсе, 2010 жылы облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындары арасында 1-ші орын алды, – дейді техникалық бақылау бөлімінің басшысы Евгений Андреев.

Иә, сапа жолындағы жарыста кәсіпорынның жеңісті жолы әлі де жалғасын табуда. 2012 жылғы “Қазақстанның үздік тауары” байқау-көрмесінің “Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар” аталымында ұңғымалы штангалық сорғылары 2-ші дәрежелі дипломмен марапатталды. Бүгінде “Мұнаймаш” АҚ-ы Қазақстанда осындай өнім өндіретін бірден-бір кәсіпорын саналады. Өндірісті жетілдіруі мен алға басқан батыл қадамдары кәсіпорынды өзі тектес шетелдік компаниялармен шынайы бәсекеге түсе аларлықтай дәрежеге жеткізіп отыр деуімізге болады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp