«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨТКЕННЕН САБАҚ АЛҒАН АБЗАЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

“АТФ Финанс” АҚ-ның сараптамашысы Жанар Нұржанованың айтуынша, қазіргі уақытта дағдарыстың екінші толқынының болу қаупі өте жоғары. “Әрине, ол бізге жақсылық әкелмейді. Бюджетіміздің кіріс бөлігі негізінен мұнайдан түсетін пайдадан құралады. Әлемдік нарықта оның бағасы долларға тәуелді, ал АҚШ-тың өз ішіндегі де күрделі жағдайларға қарамастан, долларды ауыстыра қоярлықтай басқа құрал бәрібір жоқ. Алтын өте қымбат, швейцарлық франктың бағамы реттеледі, Еуроодақтың ортақ валютасының өз проблемасы жетерлік. Доллардың нығаюы мұнай бағасын төмендетеді, ал оның өзі бюджеттік кірістер ағымын азайтады”, – дейді ол.

Сараптамашының ойынша, дағдарыстың екінші толқынының алдын алу үшін қосалқы бағдарламаларға мемлекеттік жұмсалымдарды қысқарта отырып, әлеуметтік аударымдар деңгейін қолдау керек. Сол сияқты бағаны реттеу мен тұрғындарды жеңілдетілген ставка бойынша кредиттеуді қолдау да қажет болады. Сонымен бірге мемлекеттіктегі сияқты, жекеменшік секторларда да жұмыс орындарының сақталуына, әлеуметтік шиеленістерге жол бермеуге баса назар аударылуы тиіс. Міне, осының бәрінің ретін келтіріп шешіп отыру үшін ел Үкіметі Ұлттық қордың қаржысына арқа сүйеп отыр. Ол соңғы уақытта айтарлықтай өсіп келеді. Жалпы айтқанда, дағдарыс бізді де басқа елдердегі сияқты белбеуді қысыңқырап, шығындарды азайтуға мәжбүрлейді.

BCC Invest сауда операциялары департаментінің сараптама басқармасының басшысы Әділ Табылдиев өз кезегінде Қазақстанда дағдарыстың екінші толқыны бола қалған жағдайда ақшаның құнсыздануы тағы да бірінші орынға шығатынын айтады. Оның сөзінің жаны да бар, Қазақстандағы 2007-2009 жылдардағы экономикалық дағдарыс салдарларының бірі ұлттық валютамыз – теңгенің құнсыздануы болды. Егер дағдарыстың екінші толқыны әлемдік экономиканы тағы да соққылайтын болса, онда теңгеге де қысым жасалары анық. Оның кесірінен елдің төлемдік балансы нашарлайды, қазақстандық экспорттың негізгі баптарына әлемдік бағаның құлауы салдарынан сауда балансы сальдосы ғана кемімейді, әрі капитал қозғалысы шоты да оның ағымынан зардап шегеді. Сондай-ақ жаңа дағдарыс 2007-2009 жылдардағы күйзелістен әлі толық айығып кете қоймаған банк жүйесіне де әсерін тигізбей қоймайды.

Бір жақсысы, дағдарыс қаупі жағдайында Қазақстанның бюджеттік жүйесі жоғары берік қорға ие, атап айтқанда, Қазақстан Үкіметінің іс жүзінде сыртқы мемлекеттік қарызы жоқ, ал ішкі мемлекеттік берешегі қауіп тудырарлықтай көлемде емес, сол сияқты мемлекеттік бюджеттің дефициті де қорқыныш тудырмайды. Әділ Табылдиевтің пайымдауынша, Қазақстан дағдарыстың екінші толқынына қарсы тұруға әзір. Біріншіден, ел Үкіметінің және Ұлттық банктің 2007-2009 жылдардың тәжірибесінен алған жағдайды анық түсінетін іс-қимыл жоспары бар. Екіншіден, мемлекетіміздің өткен дағдарыс алдындағыға қарағанда ресурстары анағұрлым мол, Ұлттық банктің алтын-валюта қорлары мен Ұлттық қордың активтері айтарлықтай өсті. Үшіншіден, банк жүйесі біршама құрылымдық қайта жаңғыртулардан өтті. Бірақ бәрі де дағдарыстың қаншалықты тереңдігі мен ұзақтығына байланысты болары сөзсіз.

“БТА Секьюритис” салалық сараптамашылық бөлімінің жетекші маманы Айвар Байкенов болса рецессияның кезекті айналымының тууына қатысты соңғы қауіптің аздап көңіл күйлік сипаттағы көрініс екенін айтады. Алайда, бұл мұндай қорқынышқа мүлде негіз жоқ деген сөз емес. Шын мәнінде, АҚШ, Еуропа, Қытай және Жапониядағы соңғы оқиғалардың дамуына қарап, жаһандық экономиканың өсу қарқынының құлдырап бара жатқаны туралы қорытынды шығаруға болады. Алайда, мұндағы барлық келеңсіздік көбіне-көп макроэкономикалық көрсеткіштер ырғағының нашарлауына ғана емес, кейінде экономикалық дағдарысқа ұласатын әлемдік саяси дағдарысқа байланысты болып отыр. Оның ойынша Қытай мен АҚШ-тың арасындағы валюталық саясатқа қатысты қарама-қайшылық өткір мәселе болып қала береді. Бұл экономикасы ірі екі елдің арасындағы теке-тірес қана емес, жалпы Батыс әлемі мен азиялық экспортшы елдердің бәсекесі деп ұққан жөн.

Осындай әлемдік үдерістерден Қазақстанның да тысқары қала алмайтыны түсінікті. Екінші дағдарыс толқыны қаупіне шамашарқынша қам-қарекет жасай береді. Жалпы алғанда елдің қаржылай қуаты жеткілікті. Бюджет дефициті 3 пайыздан аспайды, дағдарысқа қарсы ұлттық тұрақтандыру қаржысы 40 миллиард доллардан асады, алтын-валюталық қоры 35 миллиард долларды құрайды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp