Елімізде білім мен ғылым саласына шетелдік білікті профессорларды тарту мақсатында академиялық және ғылыми ұтқырлық бойынша жұмыс жүргізу басталды. Бұл білім беру сапасын жетілдіру және Болон үдерісінің негізгі параметрлерінің бірі ретінде еліміздің жоғары оқу орындарында академиялық ұтқырлық және мансап орталықтарын құруға түрткі болды. Осы орайда өңіріміздегі М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де құрылған дәл осындай орталықтың жұмысы жайлы білмек болып жоғары оқу орнының ректоры Оңдасын Әшімовпен кездескен едік.
– Оңдасын Бәйкенұлы, елімізде 2020 жылға дейінгі академиялық ұтқырлық стратегиясы қабылданғаны белгілі. Осының арқасында жоғары оқу орындарының магистранттары әлемнің 25 елінің 97 оқу орнында білім алуда. Ал өзіңіз басқарып отырған жоғары оқу орнында академиялық ұтқырлықты жандандыру жұмысы қалай жүргізілуде?
– Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде құрылған академиялық ұтқырлық және мансап орталығы Қазақстанның, жақын және алыс шетелдердің жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы 90-нан астам келісімшарт жасады. СҚМУ-дің серіктес жоғары оқу орындарының бакалавриат, магистратура және докторантура мамандықтарының, сонымен қатар университеттің білім алушылары, профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері үшін республикалық және халықаралық шәкіртақы бағдарламаларының мәлімет базалары құрылған. 2010-2013 жылдарда университет білім беру қызметін көрсету саласында ынтымақтастық туралы 33 келісімшарт, ҚР жоғары оқу орындарымен ғылыми және шығармашылық ынтымақтастық туралы – 11 және қазақстандық ғылыми ұйымдармен ынтымақтастық туралы 6 келісімшартқа қол қойды. Бұдан басқа сыртқы академиялық ұтқырлықты ұйымдастыру және қамтамасыз ету үшін 2010-2013 жылдар аралығында жоғары оқу орындарымен – 44, жақын және алыс шетелдердің ғылыми-зерттеу ұйымдарымен 8 ынтымақтастық келісімшарт жасады. Ресейлік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық аясында соңғы үш жылда Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінің магистратурасында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің 74 қызметкері оқып шықса, 2013 жылы 33-і білім алуда. Осы мақсатта соңғы екі жылда жақын және алыс шетелдердің ғылыми-білім беру кешендерінде 58 магистрант қысқа-мерзімді тағылымдамадан өтті. СҚМУ-де жыл сайын алыс және жақын шетелдердің 70-ке жуық студенттері мен магистранттары білім алады. Бұл – университеттің халықаралық қызметінің маңызды сапалық көрсеткіші.
СҚМУ-дің Management College of Southern Afrika (MANCOSA) және Regent Business School (RBS) (ОАР, Дурбан қ.) жекеменшік жоғары оқу мекемелерімен ынтымақтастық келісіміне сәйкес бүгінгі күні білім ошағында “ОАР” бағдарламасы бойынша қашықтықтан оқыту жүргізілуде.
2013 жылдың қаңтар айында ҚР Білім және ғылым министрлігі академиялық ұтқырлық аясында шетелде білім алу үшін 7 студентке республикалық бюджеттен қаражат бөлді. Оның 2-еуі – АҚШ-та, 5-еуі Еуропада оқиды.
– Қазақстан Республикасының “Білім беру туралы” Заңына сәйкес жоғары оқу орнының қызмет сапасын сырттай бағалаудың жаңа процедурасы – аккредитация енгізілді. СҚМУ-де аккредитация өткізілді ме?
– Аккредитацияны ҚР Білім және ғылым министрлігі тізіліміне енген аккредитациялық агенттіктер өздері жасаған стандарттарының негізінде өткізе алады. ҚР Білім және ғылым министрлігіндегі тізілімге ұлттық және халықаралық агенттіктер енеді. Аккредитация екі түрге: институционалды – жоғары оқу орнын біртұтас бағалау және мамандандырылған – жеке білім беру бағдарламаларын бағалау болып бөлінеді. Жоғары оқу орнының аккредитациялық агенттікті таңдау құқығы бар. СҚМУ 2013 жылғы сәуірде ASIIN неміс агенттігінде: 5В071800 – электрэнергетикасы, 6М071800 – электрэнергетикасы, 5В071600 – аспап жасау бағдарламалары бойынша мамандандырылған аккредитациялық процедурадан өтті. ASIIN аккредитациялық кеңесінің шешімі таяуда белгілі болады. Үстіміздегі жылы ASIIN агенттігіндегі халықаралық аккредитацияға 5В071900 – радиотехника, электроника және телекоммуникациялар, 5В070300 – ақпараттық жүйелер, 6М070300 – ақпараттық жүйелер, 5В011100 – информатика сынды білім беру бағдарламалары дайындалып жатыр. Сондай-ақ жоғары оқу орны ұлттық агенттіктен институционалды аккредитациядан және барлық білім беру бағдарламаларының мамандандырылған аккредитациясынан өтуді жоспарлап отыр.
– Университетте жаңа үлгідегі ғылыми кадрларды даярлау қалай жүзеге асуда?
– Біздің білім ошағы 25 мамандық бойынша магистранттарды даярлайды. Магистранттар контингенті 2013 жылы 112 адамды құрап отыр. Магистратурада кадрларды даярлау екі бағытта жүзеге асырылады. Бейіндік кадрлар 1-1,5 жыл, ғылыми және педагогикалық бағыттағылар 2 жыл оқиды. Қазіргі уақытта өңірімізде болашағы бар мынадай: 6М071300 – көлік, көлік техникасы және технологиялары, 6М010900 – математика, 6М011000 – физика, 6М011100 – информатика, 6М011400 – тарих, 6М060200 – информатика, 6М080100 агроном мамандықтары бойынша магистратура ашуға құжаттар дайындалу үстінде. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 1998 жылы 12 магистрант білім алса, 2012 жылы 112 магистранттың 75-і – мемлекет тапсырысы бойынша білім алуда. Бұдан жыл сайын магистратура мамандықтарына бөлінетін грант санының артып келе жатқанын аңғаруға болады. СҚМУ-де екідипломдық білім беруді дамыту бойынша жұмыс жүріп жатыр. Бүгінгі таңда Мәскеудің Ресей Халықтар достығы университетімен екідипломдық білім беру туралы келісім жүргізілуде. Болашақта басқа да шетелдік алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен келісім жасау жоспарда бар. Сонымен қатар, докторантураның 6D071200 – машина жасау, 6D071800 – электрэнергетикасы, 6D071900 – радиотехника, электроника және телекоммуникациялар, 6D075100 – информатика, есептегіш техникасы және басқару мамандықтары бойынша лицензиялары бар.
– Еліміздің жоғары оқу орындарында 2008 жылдан бастап көптілділік енгізіле бастады. СҚМУ-де көп тілде оқыту қалай жүзеге асуда?
– Бізде 2012-2013 оқу жылынан бастап тәжірибе ретінде үш тілде мамандарды даярлау жүзеге асырылуда. Онда бакалавриаттың қаржыгерлер, жергілікті және мемлекеттік басқару, шет тілі (екі шет тілі бойынша), аспап жасау және магистратураның ақпараттық жүйе мен машина жасау мамандары білім алуда. Бүгінгі күні жоғары оқу орнында көптілді топтардың қызметін қамтамасыз етуге қажетті бағдарламалық құжаттар әзірленді. Тәжірибеге қатысатын барлық мамандар қажетті оқу-әдістемелік материалдармен қамтылған. Бұл топтарда сабақ жүргізетін оқытушылардың арнайы сертификаттары бар. Олардың бірқатары Германия мен Жапонияда біліктілікті арттыру курстарынан өтіп келді. Келешекте көптілді білім беруді енгізу бойынша тәжірибеге қатысатын мамандықтар санын арттыру жоспарланып отыр. Бұл біздің түлектердің бәсекеге қабілеттілігін және осызаманғы еңбек нарығында сұранысқа ие болуын арттыратын болады.
– Студенттерге гранттар және жұмыс берушілер тарапынан бөлінетін шәкірт-ақылар қалай беріледі? Басқа да жеңілдік бар ма?
– СҚМУ-дің үздік студенттеріне түрлі шәкіртақылар беріледі. 2012-2013 оқу жылында 21 студент ҚР Президентінің, 2 студент Александр Скрябин және Мағжан Жұмабаев атындағы шәкіртақы иегерлері болса, тағы 1-еуі “ҚР Тұңғыш Президентінің Қоры” қоғамдық қорының шәкіртақысын алды. Бұдан басқа университеттің ғылыми және мәдени-бұқаралық жұмысында белсенділік көрсеткен 6 студентке оқу орны ректорының және 3-еуіне академик Манаш Қозыбаев атындағы гранттары тағайындалды. Сонымен қатар, университетте әлеуметтік серіктестік аясында шәкіртақы мен білім беру гранттарын бөлу тәжірибесі бар. Бұл бағдарлама бойынша оқып шыққан студенттер жоғары оқу орнын бітірген соң өздеріне грант бөлген ұйымдар мен кәсіпорындарға жұмысқа орналасады. Жұмыс берушілер қаражатымен оқып шыққан студенттер саны 35 адамды құрайды. ЖОО-ның негізгі серіктестері – “Қазақстанның Халық банкі” АҚ, “Бота” ҚҚ, “Көкшетау-Энерго” ЖШС, “EurasiaGroup” ЖШС, “Азия-Торанғыл” ЖШС, “Тайынша-Астық” ЖШС, “Бөбек” қоры, Оңтүстік-Орал темір жолының Петропавл бөлімшесі. Студенттердің оқу төлемақысына сессия емтихандары нәтижелерінің қорытындысы бойынша жеңілдіктер де ұсынылады. Мемлекеттік шәкіртақылар көлемі ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітіледі.
– Өңір студенттерінің өндірістік тәжірибеден өтуіне жағдай жасалған ба?
– Тәжірибенің табысты өтуі үшін білікті басшылық пен әдістемелік көмекті қамтамасыз етумен қатар, оның сапалы ұйымдастырылуы маңызды. Тәжірибе оқу, педагогикалық және өндірістік болып бөлінеді. Оқу тәжірибелері университеттің зертханаларында, “Мирас” оқу-өндірістік лагерінің негізінде, қала сыртындағы арнайы полигоны бар агробиостансада өтеді. Сонымен қатар “Биология” мамандығының 5 студенті “Биоәркелкілікті сақтаудың қазақстандық қауымдастығымен” ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес “Алтын дала: Қазақстан даласын ландшафтық деңгейде сақтаудың ғылыми негіздері” дарвиндік бастамалар жобасы аясында Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда облыстары аумағында далалық тәжірибеден өтті.
СҚМУ мен Экзетер университеті (Ұлыбритания) арасындағы ынтымақтастық негізінде 15 шетелдік археолог маман мен студенттер Ботай қорымында жұмыс істеді. Оның арасында PhD докторлары, профессорлар, докторанттар, магистранттар мен студенттер бар.
Педагогикалық мамандықтар тәжірибелері Петропавл қалалық білім бөлімі мен СҚО Білім басқармасының келісімімен білім беру-тәрбиелеу мекемелерінде ұйымдастырылады. Біздің жоғары оқу орнында осызаманғы қондырғылармен және кәсіби кадрлармен қамтылған әлемдік деңгейдегі шетелдік кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өту қолға алынған. Сонымен қатар орман және фермерлік шаруашылықтар, ірі өңірлік кәсіпорындар, облыс пен қаланың білім беру мен тәрбие мекемелері, балалар мен жасөспірімдер мектептері, тірек-қозғалыс аппараттары зақымданған балаларды бейімдеу мен сауықтыру орталығы, соттар, банктер, “ҚазМұнай-Газ”, “Аксесс-Энерго”, “ЗИКСТО” АҚ, “ПАМЖЗ” АҚ, М.С.Киров атындағы зауыт, тағы басқалары тәжірибеден өтуде дәстүрлі базалар болып табылады.
– 2011-2012 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ҚР жоғары оқу орындары қауымдастығы жоғары оқу орындарын мемлекеттік тілде жетіспейтін оқулықтармен, олардың әзірлемелерімен, басылымдармен қамтамасыз ету мақсатында өзара келісім жасады. СҚМУ-де мемлекеттік тілдегі базалық оқу құралдары жеткілікті ме?
– Бізде шағын баспа орны бар. Полиграфиялық өнімдердің барлық түрі білім ошағының негізінде өндіріледі. Оқу үдерісін қажетті әдебиеттер мен оқу-әдістемелік құжаттармен қамтамасыз ету мәселесі жоғары оқу орнының ішкі баспасының көмегімен ғана емес, кітапхананың веб-сайтына толық мәтінді электрондық құжаттарды сандық көшіру жолымен және оларды орналастырумен жүзеге асырылады. Жоғары оқу орнындағы әдістемелік жұмыс сапасы кітапхананың оқу, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттермен толыққан қорын тиімді құрумен байланысты. СҚМУ ғалымдарының еңбектері, диссертациялары, авторефераттары, оқулықтары, монографиялары мен оқу-әдістемелік құралдары кітапхананың мақтанышына айналып отыр. СҚМУ-дің жеке басылым туралы ақпараты оның білім беру порталының “Басылым” модуліндегі “Электрондық ректорат” білім беру үдерісін басқару жөніндегі ақпараттық-талдау кешенінде көрсетілген. Соңғы 3 жылда жеке басылымнан шыққан оқу-әдістемелік әдебиет саны 850 аталымға жетті. СҚМУ-дің жеке баспасынан жарық көрген мемлекеттік тілдегі оқу-әдістемелік әдебиеттің аталымы 181-ді құрады. 2013 жылы қазақ тілінде 36 оқу құралын шығару жоспарланған.
– Студенттердің жатақханалармен қамтамасыз етілу жағдайы қалай?
– Жоғары оқу орнының 3 студенттік жатақханасы бар. Онда 1026 адам тұрады. Ниет еткен студенттер, магистранттар, студенттік отбасылар жатақханамен қамтылған. Жатақханалардың материалдық-техникалық базасы, санитарлық жағдайы жақсы. Мәдени және спорттық-бұқаралық шаралар өткізуге арналған теледидарлар, музыкалық орталықтар, теннис үстелдері орналастырылған. №1 және №2 жатақханаларда асханалар жұмыс істейді. №2 жатақханадағы күзет қызметі университет пен оның аумағының күндізгі және кешкі уақыттағы тәртібін қадағалайды. Барлық жатақханалар сыртқы, ал №2 жатақхана сыртқы және ішкі бейнебақылаумен жабдықталған. Жатақханалардың барлығы Интернетке қосылған.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.