«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨШЕГЕ ДЕ, ҮЙГЕ ДЕ КЕЛІП ТҰР СУ…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Су – тіршілік көзі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен елді мекендерді ауыз-сумен қамтамасыз ету үшін салалық бағдарламалар жүзеге асырылуда. 2002-2010 жылдарға арналған “Ауызсу” бағдарламасы бойынша еліміздің 3449 елді мекені ауызсумен қамтамасыз етілсе, бүгінде бұл жұмыс “Ақ бұлақ” бағдарламасы аясында жалғасын табуда. Таза ауызсуға қол жеткізгендердің қатарында Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаево қаласы да бар. 

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қаладағы тозығы жеткен су тарату жүйесін жаңғырту үшін республикалық бюджеттен 585 миллион теңге бөлініп, 2009 жылдан бастап ондағы су құбырларын қайта жөндеу мен дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілген болатын. Бірінші жылы қала ішінде 28,4 шақырымдық су құбыры тартылып, 65 құдық іске қосылған. Ал 2010-2011 жылдары жаңартылған құбырлардың ұзындығы 21,4 километр болып, тозығы жетіп тұрған жүзден аса ұңғыма күрделі жөндеуден өткізілген. Жобаның соңына дейін бұл елді мекенде 156 құдық, 80 өрт сөндіру гидранты және екі су мұнарасы қосылып, нысан былтыр қолданысқа берілді. Нәтижесінде суды тасып ішетін булаевтықтардың ауыздары таза суға тиіп, жаңаша өмір сүруге мүмкіндік алды.

– Булаево қаласын темір жол екіге бөледі. Сондықтан осыдан бір-екі жыл бұрын аулаларға су тарату жұмысында үлкен қиындық туындаған еді. Шаһардың солтүстігіндегі тұрғындарға су көлікпен тасымалданатын. Қала халқының саны әжептәуір болғандықтан, баршаны бір уақытта ауызсумен қамтамасыз ету мүмкін емес еді. Енді, міне, жаңа су тарату жүйесі іске қосылғаннан бері тұрғындардың көңілі орнықты. Аудан орталығындағы мекемелердің, кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандардың барлығына су құбырлары тартылды. Бүгінде әр үйдің орамына дейін су тартып беру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, – дейді қала әкімі Владимир Фиц.

Булаеводағы жеке үйлердің 30 пайызы ауызсуды үйінің ішіне дейін жеткізіп алған. Бағдарлама негізінде қаланың әр көшесінің бойына су тарату құбырлары жүргізілген. Ал одан үйіне дейін құбыр тартқызу – әрбір үй қожайынының құзырында. Судың да сұрауы бар. Енді тұрғындар таза суға тұтыну мөлшерлеріне қарай төлем төлейді. Осы жүйені бір қалыпқа келтіру үшін қалалық тұрғын үй-коммуналдық кәсіпорны құрылды. Ол өз қызметінде елді мекендегі коммуналдық шаруашылық жүйесін басқарып, ауызсу мен кәріз суының тұтынылу сапасы мен мөлшерін қадағалап отырады. Ең бастысы – жұртшылықты сумен қамтамасыз етуге байланысты туындаған мәселелерді уақтылы шешеді. Ол үшін кәсіпорынға жеткілікті техника да берілген. Енді тұрғындар таза суды керегінше пайдаланып, су ресурсын ысырап қылмаудың жолын таңдайтын болды.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp