Сан жылдар күтіп, сағына,
Қауыштым саған тағы да…
Мағжанның жыры – құдірет,
Мағжанның жыры – мағына.
Әр сөзі – алтын-күмістен,
Бірде бал, бірде у ішкен.
Мағжанның жыры жоғары –
Бәрінен биік, тұр үстем.
Бейне бір жарық күн қызған,
Қолымен барып кім бұзған?!
“Шолпан” ба, бәлкім, “Құс жолы”,
Жаралған жыры жұлдыздан.
Кей кезде қысқан қатты қыс,
Кей кезде ұрыс-қақтығыс.
Гүліндей нәзік мамырдың,
Мағжанның жыры – тәтті түс.
Соңынан мен де ерейін,
Жолында маржан терейін,
Мағжанның жыры – шаттығым,
Мағжанның жыры – мерейім.
Тұрпаты, түрі келіскен,
Қайғымды келіп бөліскен.
Жаныма серік үнемі
Мағжанның жыры – періштем.
Талаурап жеткен таңғы үміт.
Кәусардай мейір қандырып.
Дерт болып жүрген бойыңа,
Серт болып кірген ойыңа,
Мағжанның жыры –
Мәңгілік!