Шерияздан БӘШЕЕВ.
Уа, Тәңір, шүкіршілік бұл ісіңе,
Жан бердің өлді деген бір кісіңе.
Ол менің Қожаберген бабам еді,
“Елім!” деп еңіреп өткен тірісінде.
“Асылдың асылы еді Қожаберген!”,
Осылай бағалаған оны көрген.
Әйгілі билер оның тұстасы еді,
Мерейі бар қазақтың бола білген.
Жырлады “Елім-ай!” деп Қожаберген,
Мол еді шәкірттері соңына ерген.
Біреуі ізбасардың Бұқар жырау
Атақты Абылайға ақыл берген.
Жаратқан берді бізге Абылайды,
Жыраудың өсиетін ел мақұлдайды.
Бас қосып әмсе Алаштың батырлары
Жоңғарды бас көтертпей жазалайды.
Бабамыз адам болған пайымы мол,
Амалын таба білген айырып ол.
Деген ғой “Ел бірлігін сақтай білу –
Мызғымас күш-қуаттың лайығы сол!”
“Елім-ай!” – халқымыздың шежіресі,
Ұмытылмас халық кешкен өмір осы.
Жеткізген бүгінгіге Қазақ елін
Тағзымға лайық қой бұл ер үлесі.
Еліміз құрметтеуде оны бүгін,
Ақтарып бар мерейін көңілінің.
Үлгі етіп жас ұрпаққа “Елім-айын”,
Әр сәтін тағылымдап өмірінің.
Батыр ғой өшпейтіндей жолы, ізі бар,
Болыпты ел жауына көңілі ызғар.
Үстінде зәулім тастың тұлғасы тұр,
Қолында бес қаруы, қобызы бар.
Елімнің өз аузына жетті қолы,
Жарқырап алда жатыр даңғыл жолы.
Ынтымақ ұйытарын әбден сезіп,
Ұрпағы көз жіберіп көрді соны.
Қырандай бүгін қазақ өрге ұшты,
Сәулесі бүгін елдің қандай күшті.
Ықылым замандарда жаннан безген
Бабалар ұлты үшін отқа түсті.
Олардың жанпидасын ел ескеріп,
Өткен күн тірілгендей елес беріп.
Ел болып, бабалардан ғибрат алған
Ұйымшыл, тәлімді жұрт емес пе едік?!
Тас мүсін тұрған биік тұғырында,
Бейне бір ел құрметін ұғынуда.
Өшпесін аты мәңгі сезетіндей
Халқының болашағы, ғұмырында.
Елбасы бастап алға, ел кемелі,
Қазаққа бүгін әлем төр береді.
Желбіреп Тәуелсіздік туы бүгін,
Осындай ризықты көрген елі.
Жыраудың осы еді ғой аңсағаны,
Елінің ерікті өмір жасағаны.
Қарыштап Қазақ елі өрлегенін
Таныған бүкіл дүние тамсанады.
Есімін есіне алып елі бүгін,
Мерейін төгіп жатыр көңілінің.
Әлеумет құрметтеді бабамызды,
Атағын ардақ тұтып ер ұлының.
Бабамның енді айтары мынау ғана:
“Қазағым, бір-біріңе болғай пана!
Сақталса ел бірлігі мәңгілікке,
Болғаны ұрпағымның сонда дана!”