Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Ақжар ауданындағы Ленинград ауылының тұрғыны Қуат Ғабдуллиннің шаруа қожалығында 100 бастан астам қой, 20 бастан астам ірі қара, жиырма шақты жылқысы бар еді. Жуырда оның өрісіне асыл-тұқымды 13 бас ірі қара қосылды. Малсақ жан “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 2,5 миллион теңге несие алып, оған қазақтың ақбас сиырының тайыншаларын сатып алған. Мал шаруашылығымен айналысуға бет бұрған ол жалға жайылымдық жер алып, Ленинград ауылының маңындағы ескі мал қораларын да жөндеп алыпты.
– Жайылымымыз “Семіз” деп аталатын шағын көлдің маңында. Мал бағуға өте қолайлы жер. Шаруашылықтың басында әзірге жолдасым, інім үшеуіміз жүрміз, – дейді Қуат Ғабдуллин.
Биыл қыс жауын-шашынды болып, байтақ далада көк бітік шықты. Ал былтыр Қуат Қуандықұлы өз малына шөпті жеткілікті жинай алмай, қыс ортасында бір машина шөпті 50 мың теңгеге дейін сатып алыпты. Ал биыл мұндай кемшілікке жол бермеуді ұйғарған қожалық басшысы бар күш-жігерін сол бағытқа жұмсауда. Шөпшілер ескі де болса, қолда бар техникаларын пайдалануда.
Қуатты бүгінде бір ғана мәселе толғандырады. Ол – қысқы мал қорасына электр желісі мен су құбырының тартылмауы. Оның қора-қопсысы ауыл етегінде орналасқанымен, инфрақұрылымды өзі тартып алуға жас шаруашылықтың әзірге қалтасы көтермейді. Сондықтан бұл мәселе бойынша кәсіпкер аудандық әкімдікке мемлекеттік бағдарламалар бойынша қолдау көрсетуге өтініш білдіріпті.
Бүгінгі таңда жылқы – малдың ішіндегі ең бағалысы. Барымташылардың құрығына ілігіп қалмасаң болғаны, оны асырау да жеңіл. Қысы-жазы далада жүреді. Алайда, Қуат Ғабдуллин соңғы жылдары малдың өсіміне табиғи құбылыстардың көп әсер ететінін айтады. Биылғы қыста қар қалың түсіп, ауа райы ызғарлы болып, бұл өңірде Қамбар ата төліне жайсыздық туған. Көп жылқы құлын тастапты.
– Ауыл шаруашылығының қай саласы болсын табиғат құбылыстарына тәуелді. Жаңбыр болса, егін мен шөп жақсы шығады. Жемазық барда малды асырау жеңіл. Сондай-ақ кездейсоқ ауру шықпаса, ол да қуаныш. Еңбек еткен адамға малдан да, егіншіліктен де мол табыс табуға болады. Мұны жалғыз мен емес, көптеген ауылдастарым түсініп, жұмыла еңбек ете бастады. Менің мамандығым – жүргізуші, алайда малдың ортасында өскендіктен, тәжірибем жеткілікті. Ауыл шаруашылығында шыдамдылық пен еңбекқорлық болса, діттеген мақсатыңа жетесің, – дейді Қуат Қуандықұлы.
Ол қорасындағы ірі қараны толығымен асылдандырып алуды жөн көріп отыр. Алғашқы жылдың өзінде-ақ асылтұқымды ірі қараның артықшылықтарын байқап үлгеріпті. Кейінгі кезде жергілікті қарала сиырлардың ұсақталып кеткенін ескерген кәсіпкер болашақта өз қорасын қазақтың ақбас тұқымды ірі қарасымен толтыруды мақсат ететінін айтты.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.