Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Астық өсірген диқандарға да, төрт түліктен табын-табын төл өргізген малшыларға да жылан жылының жазы жайлы тиген сыңайлы. Мамыражай маусым жер-дүниені жасыл желекке бөлеп, шіліңгір шілде жаңбырын, ыстығын аямай төгіп, елдің молшылық жылы болғай деген тілеуі оңғарылғандай. Қызылжар өңірінде кең қанат жайған жауапты науқанның бірі – мал азығын әзірлеу жұмыстарына жұмыла кіріскен 100-ден астам бригадалардың шабындықтардағы шалғы сырылы күн сайын үдей түсуде.
Сырттай тамашалаған жанға кең дала төсі бейне бір еңбек симфониясына ұласқандай әсер береді. Алдағы қыста 370 мыңдай бас ірі қара, 125 мың бас жылқы, 448 мың бас қой-ешкі қораға алынатынын ескерсек, осынша мал үшін сапалы жем-шөп қорын дайындау оңай шаруа емес. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының ақпаратына қарағанда, 570 мың гектар жердің шөбі шабылып, жарты миллион тоннаға жуық өнім алынған. Мамлют ауданы қажетті ірі сабақты азықтың 85 пайызын мал қораларына жеткізіп алса, одан Есіл, Тайынша аудандары да қалысар емес.
Мамлют ауданының “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігі егіншілікпен қатар, мал шаруашылығымен де айналысады. Қазір оның қарамағында асылтұқымды 450 бас ірі қара, 300 бас жылқы бар. Бас директор Еркебұлан Мәмбетовпен сөйлескенімізде биылғы жаздың жанға да, малға да жайлы болып тұрғанын, шөптің өте бітік шыққанын, оны жинауға 3 бригаданың ұйымшылдықпен кіріскенін, осынша шетелдік шөп комбайнының атсалысып жүргенін жеткізді. 1500 гектар жерге егілген көпжылдық шөпке екі мәрте шалғы салу жоспарланған. “Отан” орденінің иегері Арыстан Жүнісов жетекшілік ететін бригада тапсырманы еңсеріп тастапты. Хамит Қантаев, Елубай Серғалиев секілді майталман механизаторлардың қимылы ерен.
Аққайың ауданына қарасты “Леонов” шаруа қожалығының да қарқыны тегеурінді. Валерий Таница басқаратын бригада 400 тонна табиғи шөп дайындап үлгеріпті. 700 гектар көпжылдық, 500 гектар біржылдық шөптің шығымдылығы жоғары. Шөп шабу, тасу, мал қораларына жеткізу ісі кідіріссіз атқарылуда. “Мұхиттың арғы жағынан 350 бас асыл тұқымды шетелдік ірі қара әкелуді көздеп отырмыз. Соған орай пішендеме, сүрлем салу жұмыстарын қолға алатын боламыз. Қазір құрама-жем цехы қалыпты жұмыс істеп тұр”, – дейді шаруа қожалығының басшылары.
Иә, биылғы ауа райының жайлылығы, бұйыртса, Қызылжар өңірінің дәулетін тасыта түсетін тәрізді.